Мейірім

Мейірім

Билетті тым ерте алып қоймасаң уақыт аз қалғанда табуың тіпті мүмкін емес. Сөйтіп жүріп мен де сәл кештеу қозғалып, Қарағандыға бару үшін Шуға билет алғанмын. Анамның жанарына қайта-қайта үңіліп, адым кетпей сағына бастадым. Әкем мен ағам шығарып салып, ақ жолын тілеп кеткен.

Бірнеше сағат ішінде пойыз Шудың бойына зыр еткізіп жеткізіп тастады. Ал, ендігі мекен — Қарағанды. Үшінші жолдан бірінші жолға өту керек. Өйтіп-бүйтіп чемоданымды сүйреп жүргенде Алматы-Қостанай бағытындағы пойыз да құрт сияқты ирелеңдеп жетіп кепті. Қолымдағы жүк тым ауыр. Мынау қай вагон деп сұрастырып ем, «3-ші» деді. Менікі 18-вагон. Ал енді жүгіру керек. Жүгіру түгілі жүрудің өзі тым күрделі. Сүйрелеңдеп жүріп жеттім бе десем, жоқ енді ғана бесінші вагон деп тұр. Бір әпке жүгімді көріп «үлгермейсің, пойыз жүріп кетеді» деп тағы да ішімді өртей түсті. Амал не, қолдан келгенше жылдамдықты асырып келе жатырмын. Бір кезде, Алла Тағалам қатты қиналып кеткенімді ескерді ме, бір орта жастағы кісі қолымдағы бар сөмкемді жұлып алды да қай вагон деп сұрады. «18» деп едім, бос келе жатқан менен де жылдам жүгіріп кете барды. Көмектесейін десем, «жоқ» деп, орыныма жайғастырып, үшінші қабатқа сөмкемді қойып беріп жатып: «Жігіттердің көзі көр-ау деймін. Сіздей әдемі қарындасты көріп тұрып қалай үнсіз тұрды екен» деп, ақ жолын тілеп кетіп қалды. Мен қайта-қайта «Алла разы болсын, аға-ау!» деп, алғыс пен рақметімді жаудырып қала бердім. Пойыздың жүруіне бірнеше минут қалғанда әлгі кісі бір қап әңгелегін көтеріп кепті. «Қарындасым, мынау саған. Бақытты бол!» деді де артына қарамай жөнеле берді. Сол сәтте мен ол кісінің езуіндегі күлкісінің артына жасырынған бір мұңды көрдім. Сонша жерден ауыр жүкті көтерісіп кеп, мынадай сый жасағанына қарағанда жүрегінде мейірім бар-ау деймін. Жастық шақтан қалған сағыныш бар ма екен әлде, білмедім. Мүмкін марқұм анасына ұқсаймын ба екен, мүмкін жас күнінде қолы жетпеген Жібегінен аумаймын ба, мүмкін перзент сүйгісі келетін тілегінде мен сияқты қыз бар ма екен, кім білсін. Мейірбандық пен жанашырлықтың жүректі кейде мұңайтатыны жаныма қатты батты. Менің Алладан сұрайтыным, сол кісіге жәннәттің төріне апаратын ізгі амалдар мен екі өмірдің бақытын берсе екен…

«Әлемді сұлулық құтқарады» деген Достаевскийдің сөзін теріске шығарамын. Әлемді сұлулық емес, мейірім құтқарады. Біреулер «махаббат құтқарады» деген пікірде. Жоқ, сол ұлы махаббаттың өзі қарапайым ғана мейірімнен тұрады. Мейірімді болайық! Махаббат та, сұлулық та бізбен бірге…

Ақерке ӘБДІКӘРІМОВА