Күзгі элегия

Күзгі элегия

«Құстар әнін» қалықтатып, үзілген жапырақты көйлегіне қыстырып, сап-сары шашын жайып жіберіп Күз ару да келіп қалыпты. Жазда қалып қойған өші бардай әлдебір үмітін осы сары шаштың ұшына ілдірген талай ақынға бұл шабыт сыйлағаны сөзсіз.

Сезім оты ұшқындап, жүрек үнін көзі айтып қоятын ғашықтардың кездесуі мен қоштасуына куә болып, жапырақтарды жамылып алып бақ жатыр. Мектебіне асыққан балалардың жанарларында от, әлденеге деген ұмтылыс. Аспан түстес жаңа көйлегін қайта-қайта қағып қойып бара жатқан ару. Көзәйнегін сұқ саусағымен көтеріп қойып, көк көйлегінің шалбарынан сыртқа шығып кеткенін байқамаған күйі кітапқа ессіз берілген студент. Сірә, диплом жұмысын жазуға кіріскен болуы керек, сөмкесінен көк папканың шеті көрінеді. Иә, бұл көріністерді тереземнің алдынан үнсіз бақылап мен тұрмын.

Жолдың арғы бетіндегі талдың түбінде бір ару сабырсыздана біресе аңда, біресе мұнда жүріп, қолындағы жансыз жапырақты жұлмалай береді. Көздерінен мөлдір мұң байқалып тұр. Жағасын жөндеп қойып, қап-қара туфлиін қайта-қайта сүртіп, әдемі оралған гүл шоғын құшақтап бір жас жігіт жанына келді. Бірін-бірі көргенде сезімнен отшашу шашылып, талдың сылдырлаған дыбысы пианиноның үніндей естіліп, екеуі вальс билеп кетеді ме деп күткен ем. Жоқ, олай болмады. Қыз жігітті көре сала кері бұрылып, әлденелерді түсіндіріп жатқандай. Жігіт те қолдарын сермеп, бірдеңелер айтуда. Ақыры өзара келісімге келе алмаса керек, екеуі екі жаққа қарай бет алды. Ортада баянсыз махаббаттың кінәсін арқалап гүл қала берді. Санамда әлдебір әуен ойнап, Қалқаман Сариннің «Күзгі көрініс» өлеңі қайталана берді, қайталана берді:

Көңілді қоңыр салқын саз жүдетіп,
Көз жетті кеткеніне жаздың өтіп.
Құлайды жапырақтар құба талдан,
Күрең күз құдіретіне тағзым етіп.
Кеші еді солқылдаған күздің суық,
Не шара, жасыл жаздан үздірсе үміт?
Базары тарқап кеткен бақ ішінде
Күтіп тұр әлдекімді Қыз күрсініп.
Жас талдың аптыққан жел есін алды,
Құрғырдың қылығы жоқ еш ұнамды.
Жылаған жапырақтың жетім күйі,
Әп-сәтте көңіліме көшіп алды.
Бәлкім бұл кездесу ме тұңғыш, аппақ,
Бақтағы қыз да сабыр тұрды сақтап.
… Бір жігіт сұр көшеге көрік беріп,
Келеді қызыл-жасыл гүл құшақтап.
Елемей қырды гүлсіз, күнді нұрсыз,
Кездесіп тұрды екеуі…. Тұрмын үнсіз.
Батырған мені мұңға қоңыр Күз бен
Жігіттің қолындағы гүл ғұмырсыз…

Иә, осылай күзгі мұңға куә болып мен қала бердім. Күн сайын тереземнің алдына кеп талдың түбінен сол екеуін іздеймін. Мүмкін бүгін кездесіп, табысып қалар деген үмітімді сөндіргім келмейді. Гүл құлаған нүктеге көзімді қадай берем, тура сол жерде біреудің қабірі тұрған секілді болады да тұрады.

Бүгін сабақтан келе жатсам, алдымнан жүзі таныс бір жігіт өтіп кетті. Көзіме тым ыстық басылды. Жадымды іске қосып ем, бәрі есіме түсті. Әнеукүнгі сол жігіт. Мәжнүннің халін кешіп жүр ме кім білсін, құлаққаппен тыңдап бара жатқан әуені құлаққаптан емес, телефонынан сыртқа естіліп тұр. Сірә, оны өзі де байқамаса керек. Ғаділбек Жаңайдың айтып жүрген «Жылама, жаным» әні:

Күңіренген күз де
Ұқсап тұрғандай бізге.
Махаббаттың гүлі
Солып қалды ғой түзде…

Жүгіріп барып жұбатсам ба екен деп ойладым, көңіліндегі қаяу-мұңға куә болғанымды айтып, жарасына тұз сепкім келген жоқ…

Бәрі күздің әсері ме қалай?..

Ақерке ҚАЛАМБАЙҚЫЗЫ,
Қарағанды университетінің түлегі