Көктем — жыр

Көктем — жыр

Көктем – сұлулықтың символы. Сұлулықтың әр нәрсеге қатысы бар. Сондай-ақ өлеңге де. Көктем мен жыр, яғни Муза мен үшін бір ұғым. Екеуі де әдемілік, екеуі де мәңгілік жастықтың бейнесі. Ақын жырын тамылжытып төккенде бейне бір гүлге оранған әлем көз алдыңа елестейді. Мүмкін көктем келгенде шабыт та қатар кеп, шығармашыл, қиял көкжиегіне сапар шегетін жандардың туындыларының көбейіп қалатынының да мәні осы ұқсастықта жатқан шығар. Көктемде жаңбыр дауысы ырғақпен ән салғанда қаламдар тербеліп бір ырғақты құрап алатыны сөзсіз. Бұл мезгілдің ерекшелігі де осында емес пе, шіркін! Майда соққан самал желдің бетіңнен үлпіп өткені жаныңды тебірентіп жібергенде жақсы өлең естігендей есің кетіп қалатыны тағы бар. Жылы жаққа қайта оралған құстардың қиқуы да, мұз құрсауын бұзып шыққан судың сыңғыр үні де, ұйқысынан оянған табиғаттың жағымды дауысы да ғажайып бір өлең. Екеуінде де кереметтей ұйқас жатыр. Бұлтты жинап тастаған аспанның әсем көрінісінің өзі шабыт. Қызғалдақтардың жел ырғағымен билегені аппақ көйлекте ән салып жүрген Музаны көз алдыңа елестетпей қоймайды. Мезгіл үстемдігін құрғанда қардың қимастықпен еруінің өзі бір поэмада болатындай. Осындай көркемдік үшін де мен көктемді шексіз сүйемін. Көктемді көз алдыма осылай елестетемін. Әрине, мұның себебі өлең жазатынымда емес, өлеңді көктем қып көретінімде. Көктем, тезірек келші…

Ақерке ӘБДІКӘРІМОВА,
ҚарМУ студенті