Жылы лебіз

Жылы лебіз

Ұстаздар күні қарсаңында саналы ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған ардагер ұстаздарымыз бен қызметкерлеріміз білім ордамызға жылы лебіздерін арнап, алғыстарын білдірді. Ардагерлеріміздің алғыстарының бір парасын жариялап отырмыз.

Ермекбай Адамбеков, тарих факультетінің ардагер ұстазы:

Ұстаздар күніне орай құттықтап, жылы лебіз білдіріп, құрметтеп жатқандарыңызға көптен көп рақмет! Өмірлеріңіз қызықты, қуанышқа толы болсын! Университетіміздің абырой, беделі арта берсін!

Ханшайым Жұмабаева, филология факультетінің ардагер ұстазы:

Университетте болып жатқан барлық жаңалықтарды естіп, біліп, білім ордасының бүгінгі тыныс-тірлігімен танысып отырамын. Жалпы жоғары оқу орнының жағдайы, дамуы, тіршілігі мені толғандырмай қоймайды. Оқу ордам білім-ғылымы толысқан маңдайалды университеттердің бірі болсын!

Қайыржан Бекішев, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

— Құрметті Нұрлан Орынбасарұлы, білімнің қарашаңырағы киелі университетімізге басшы болып келіп жатқаныңызға құтты болсын айтамын. Университет қабырғасында еңбек еткен жылдарымызды еске салып, ізгі тілек жазылған құттықтау хатын жолдап, құрмет көрсетіп жатқандарыңызға марқайып қалдым. Қазіргі пандемия кезінде көңіл бөліп, қуанышқа бөлеп отырсыз.Өткенді ұмытпау, үлкенге құрмет көрсету, алғыс айту — азаматтықтың белгісі. Азаматтығыңызға, ниетіңізге, құттықтауыңызға көп рақмет!

Марьям Нұржанова, шет тілдер факультетінің ардагер ұстазы:

— Бүгінгі күннің таңы университетімнің құттықтауымен басталды. Күні бойы көтеріңкі көңіл-күйде жүрмін. Құттықтау, тосын сый жанымды жадыратып, бір жасап қалдым. Киелі қарашаңырағымызға алғысымыз шексіз. Үлкенге деген құрмет, еңбегімізді бағалау, елеп-ескеріп, осынау күнде көңілімізге қуаныш сыйлағаны қуантты. Баршаңызға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Батима Әлжанова, ардагер, химиялық технология және мұнай химия кафедрасының инженері болып қызмет еткен:

— Алғысым шексіз! Бізді ұмытпай құрметтеп, көңіл бөліп жатқан ректоратқа, университеттің кәсіподақ комитетіне, химия факультетінің ұжымына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Білім ордамыз өркендей берсін!