Жаңа жылдың сәніне айналған шыршаны аялайық!

Жаңа жылдың сәніне айналған шыршаны аялайық!

Жаңа жыл мен шырша бір-бірінен ажырамастай болып санамызға әбден сіңіп кеткен. Біздің балалық көңіліміздің естелігінде Жаңа жылдың мен мұндалап тұратыны жасырын емес. Қай-қайсымыз болсын шыршаны безендіріп, жаңа жылда алуан түрлі киімдер киіп, осынау мерекелік іс-шараға барымызды салып қатыстық. Аяз ата мен Ақшақарды құрмет тұттық. Тақпақ айтсақ, Аяз атамыз қапшығынан алып шығып әртүрлі сыйлықтарын үлестіретін. Бәлкім біз жүрегі кең, қолы ашық Аяз атаны осы қасиеті үшін жақсы көрген болармыз…

Иә, Жаңа жыл, шырша, Аяз ата мен Ақшақар біздің балалығымыздың қызықты естеліктері. Қазір сол естеліктерді балаларымыз көріп, олар да қуанышқа кенеліп жүр. Ертегілер әлеміне сапар шектіретін Жаңа жыл балғындар үшін қуанышқа толы мереке. Қуаныш сыйлайтын осынау тамаша мерекенің табиғатқа нұқсан келтіретіні туралы біз ойламаппыз. Өсе келе жайқалып өсіп тұрған жасыл шыршаның Жаңа жыл қарсаңында оталып, санаулы күнгі қызық үшін төрімізде жасанып, жайнап тұратынын білдік.

Шыршалар биологиялық тіршілігі өте баяу жүретін өсімдіктер. Ғасырдан да ұзақ жасайтын шыршалардың белсенді өсуі тек 15—20 жылдан кейін басталады. Оған дейін жылына 5-10 см-ден артық өспейді. Енді бой көтеріп, тіршілікке сән берген 1,5-2,5 метрлік шыршалар осы жаңа жылдың құрбаны болып кете барады. Сусыз ортада бүршігін жарып, суды аз қажет ету арқылы табиғаттың қатаң жағдайына шыдап беретін шыршалар адамның бір күндік көңілін көтеру үшін кесіледі. Кеңес Одағы кезінде мыңдаған шыршалардың аяусыз кесіліп, жаңа жылға қызмет еткенін біздің балалық көңіліміз сезінбепті.

Еліміз орман жамылғысы аз мемлекеттердің қатарына енеді. Ел территориясының бар- жоғы 10 пайызы ғана орман жамылғысымен көмкерілген. Енді осының ішінде қылқан жапырақтылардың үлесін шамалай берсеңіздер болады. Сарыарқаның тек үш бөлігінде — Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралыда ғана кең көлемде кездеседі. Ал қалған қылқан жапырақтылар ел территориясындағы биік таулы белдеулерде таралған. Сонымен қатар Семей мен Павлодар аралығында «Бесқарағай» деп аталатын орман жамылғысын құрайтын қарағайлы орман бар. Бұл ормандарды жыл сайын өрт жалмап өтетіні және бар. Жалпы біздің елдегі қылқан жапырақты ағаштар өрттен үлкен зардап шегіп жатыр. Қылқан жапырақты ағаштар жиһаз, тағы да басқа ағаштан бұйым жасауға көп қолданатын материал болып табылады. Сол себепті ағаш дайындау цехтарында үлесі басым болып келеді. Құрамында шайырлы заттар болғандықтан бұл ағаштардан дайындалған тақтайлар әртүрлі қиын жағдайға төзімді болып келеді. Бұларға шіріту бактериялары мен әртүрлі жәндіктер де оңайлықпен жолай қоймайды. Осынысымен қылқан жапырақты ағаштар әлемдік сұранысқа ие.

Шырша – қарағай тұқымдасына жататын биіктігі 30-50 метр болатын баяу өсетін қылқан жапырақты ағаш. 15-20 жылға дейін өте жай, кейін жылына 30 см-ге дейін өсетін болады. Мәңгі жасыл өсімдік болғанымен, 6-12 жылда қылқандарын кезекпен түсіріп, жаңарып отырады. Қылқан жапырақты ағаштардың бір түрі – арша. Арша бұталы өсімдік. Басқа қылқандылардан айырмашылығы — бүр жидегі болады. Қазақ халқы аршаны ерекше қастерлеген. Оның құрамында фитонцид деген ұшпалы зат бар екенін, ол ауру тудыратын бактериялардан қорғайтынын білгендіктен бесікке байлап қоятын болған. Осылайша жас сәбиді көзге көрінбейтін бактериядан жұғатын аурулардан сақтаған. Жалпы қылқан жапырақты ағаштар фитонцидке бай болып келеді. Мысалы, ауруханада бөлмеге дезинфекция жасау үшін қолданатын кварц лампасы бар емес пе, міне, сол кварцтың қызметін осы ағаштар атқарған десек болады. Түсінікті болу үшін ас дайындағанда сарымсақ, пияз турасақ, бірден көзіміз ашып кетеді ғой, міне, сол көзге әсер ететін ұшпалы зат ол — фитонцид. Қарап отырсақ, қылқан жапырақтылардың пайдасы орасан екен. Туберкулез емханалары қарағайлы-шыршалы ормандары бар жерге салынатыны содан. Өкпе ауруларын емдеуде қылқан жапырақты ормандардың пайдасы орасан.

Биылғы орын алған пандемия жағдайына байланысты мерекелік шаралар күрт тоқтады. Жаңа жыл да бұрынғыдай тойланып, ас та төкпен өтпейді деп жатыр. Ол өз кезегінде табиғат үшін де пайдалы болмақ. Себебі, жылда осы уақытта базар біткенде шыршалар ашық түрде сатылатын. Талай рет рейдтік тексерістер жүргізгенде заңсыз сатқандар ұсталып жатты.

Қазақ халқы елімізде ағаштың аз екенін білгендіктен: «бір тал кессең, он тал ек» деген. Ал бүгінде осы ұғымды қаншалықты түсіне алдық. Ондаған жылда зорға бой көтеретін шыршаларды еш ойланбастан оңай кесе саламыз. Бір тал кесуге рұқсат алған болсақ, біреу кескенше, онын бір-ақ кесейік деп артығымен кесеміз. Неліктен табиғатқа соншалықты қатал болып кеттік?..

Біз Кеңес кезінін шетін көріп өскен ұрпақпыз. Жаңа жыл мерекесін жаңа тәуелсіз қазақстандық санамен өзгертуіміз керек шығар. Бәлкім шыршаның орнын басқаша алмастыру керек болар. Иә, қазір жасанды шырша құрамыз. Осылай жастықтың символына айналған мәңгілік жасыл ағашқа төнген қауіпті сейілткендей боламыз, әткенмен әлі де ескі жылды шығарып салып, жаңа жылға орын беретін бұл мереке шырша біткенге зиянын тигізуде. Қазір шыршаның табиғатта емес, өз ауласында өсіп тұрғанын қалайтындар көбейді. Қарқаралы таулы-орман массивтеріне отырғызуға арналған питомниктердегі шырша, қарағайлар тиісті орнына жетпей, қалаға лек-легімен ағылатын болды. Қарқаралы, Баянауыл, Көкшетау ормандары қаншама рет өртке шалдыққанын білеміз. Сол өртенген ормандардың орнын толтыру үшін жас көшеттер отырғызу жұмыстары әлі толық жүзеге аспай жатыр. Себебі, жеткілікті көшеттер жеке меншік үйлердің ауласына кетіп қалады.

Табиғи шыршаны жасанды шыршамен алмастыруды кең көлемде насихаттап, шырша кесуге, оны сату жолдарына түбегейлі заңмен тосқауыл қояр кез келді. Тым болмаса шырша кесуге, оны сатуға 5-10 жылға дейін мораторий жарияласа, одан кейін бұл ағаштың тамырына балта шабу өзінен-ақ тоқтайтын болады. Шыршаларды тек қана заңды күшейту арқылы сақтай аламыз.

Роза МУСИНА,
ботаника кафедрасының аға оқытушысы