Еңбектің наны тәтті

Еңбектің наны тәтті

Қыркүйектің соңғы жексенбісі Еңбек күні екенін екінің бірі біле бермейді екен.

«Еңбектің наны тәтті» дейміз. Дей тұрғанмен, бүгінгі қоғамда еңбек етпей-ақ тамаша өмір сүруді қалайтындардың қатары артып келеді. Еріншектігі ұстап, әркімге бір алақан жайып, мені асыра деп міндетсінетін осындай жандарға қарап таң қаламын. Сондай-ақ, бұл қоғамда әркімнің еңбегін пайдаланып, біреу арқылы күнін көріп жүргендердің де қарасы қалың. Күле қарап жүре береді. Санасын тоғышарлық дерті деңдеп, өн бойын жалқаулық атты жауыз жаулап алған. Адамдық қасиетті әлдеқашан арқандап, өзгелерді қанап, қандаладай сорып жүр. Олар бұның соңы жақсылыққа апармайтынын түсінгісі келмейді.

Менің түсінігімде, еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін еңбек етуі керек. Еңбек еткен сайын жағдай жақсарып, абырой артады. Денсаулыққа да пайдалы. «Еңбек деген байлық бар ерінбеген жететін, жоқшылық деген жебірді жермен жексен ететін». Бұл менің өмірлік ұстанымым.

Отбасымызбен Еңбек күнін ерекше атап өттік. Айтулы күнді атап өту біздің үйдің бұлжымайтын заңдылығы. Бәлкім, сіздер де бұл күнді атаусыз қалдырмайтын шығарсыздар. Еңбек етейік! Еңбек етуден қашпайық! Шынымен «Еңбектің наны тәтті!»

Бағдат МАРКЕН,
«Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының 11 сынып оқушысы