Бірлігі бекем берекелі елміз

Бірлігі бекем берекелі елміз

«Байлық байлық емес, бірлік – байлық» делінген қазақ даналығында. Шынымен де бірлігі жарасқан елдің басындағы бағы баянды. Көптеген өзге ұлт пен ұлыс өкілдері бүгінгі таңда қазақ жерін мекен етіп, қазақ жұртымен бірге көк аспан астында бір нанды бөлісе жеген бауырлардай тату-тәтті ғұмыр кешуде.

Мамырдың бірі — осы айтулы датада мемлекетімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп, көрмелер ұйымдастырылып, ел аумағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары кеңінен насихатталады. Мақсат бір – бірліктің туын бекем ұстау. Бұл мейрамның ұлт пен ұлыстардың тұтастығын нығайта түсуде маңызы аса зор. Ынтымақ пен ауызбіршіліктің жарқын үлгісі білім ордамызда да өз жарасымын тапқан. ҚарМУ бірнеше ұлт өкілдерін бір арнаға тоғыстырған оқу ордасы. Әр факультеттегі әртүрлі ұлт өкілдерінің халқымызға деген құрметі, өзгелердің мәдениеті мен әдебиетіне, өнеріне, дәстүрлеріне оң көзқарас танытуы оқу ордасындағы татулықтың тамаша үлгісі іспеттес. Осындай ерекше сыйластықтың арқасында университетіміздің аты асқақтап, тасы өрге домалап келеді. «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын» депті, оқу ордамызда сапалы білім мен саналы тәрбиенің салтанат құруының негізі де осы ынтымақ пен бірліктен бастау алады. Бірлік күні қарсаңында замандасым Нұрәсем Ахан университетіміздің бірлік ұғымымен ортақ тұстары жайлы өз ойын былайша сабақтады: «Әрине, бірлік дегеніміз — түрлі пікірлердің бір мүддені көздеуі, адамдардың, ұлттардың ынтымақта өмір сүруі ғой. Біздің университет те осы бірліктің бір бейнесіндей. Қазақстанның түкпір-түкпірінен арман қуып, алдына мақсат қойып келген жастар осы ҚарМУ-да бас қосты. Қарағанды мемлекеттік университеті — бірлігі мен ынтымағы жарасқан киелі қара шаңырақ».

Бірлігі күшті ел озады. Иә, қашанда бірліктің орнаған жерінде бақыттың қатар жүретіні күмәнсіз. Ал бірлік болмаған жерде тыныштық орнап, тірлік оңалмайды…

Айбек САЛДАТБЕК,
ҚарМУ студенті