Бір дос керек

Бір дос керек

Бір дос керек екен бұл өмірде
Түсінетін адал жан дүниеңді
Шер тарқатар кең көлемде
Аңсары ауған қолындағы сырлы кілті

Сезім мен сыр, ой мен образ жымдаса қабысқан Сәкен ақынның «Сыр сандық» өлеңін оқып па едіңіз? Досқа жазылған хаттың ішкі ырғағы, әуезі есіле төгіліп, жібек торғындай судырап тұр. Адалдық пен арамдық, талант пен күншілдік, мансап пен ұждан, достық пен қатаңдық, «Әр адамның ішкі сыры, Берік қойма сақталған» дегендей, сым перне, алтын сарай образдары арқылы көркемдік идеяларын, жан сырын оқырман қауымға айқара ашып салады.

Доссыз өмір бос деген, өмірде достың орны бір бөлек. Досқа тән қасиеттер адами құндылықтармен, өмірлік қағидалармен екшеледі.. Дос, ең бірінші, адалдықтан аттамауы керек. Адал болса, досың, арам болса, қасың дейді. Амал дос пен адал досты айыра білу өте маңызды ұстаным. Екіншіден, достыққа түсіністік түсінігі тән. «Аз сөйлеп, көп тыңда» деген, кей кезде адамға қалай көмек қолын соза алатыныңды білмесең, тыңдау тереңдігінің өзі де жеткілікті. Айтылған сөз ой елегінен өткеннен кейін сараланған жауабын тапса, нұр үстіне нұр болмақ. «Досы жақсының өзі де жақсы» деген сөз бар. Өзіңе баға бергің келсе, досыңа қара. Өтірік айтпау, ізгілікке ұмтылу достықтың тынысын кеңейтпек. Қастық пен күншілдік, қызғану менен көреалмаушылық, іштарлық, екіжүзділік достық сезімнің тұнығын лайлайды. Дос көңілі көреалмаушылықтан қалса, бәсекелестіктен керісінше қанаттанады.

«Тыныс керек кейде жанға, кейде жанға ән керек». Бұл жалғанда жалғызсырап, жаның жүдеп қалмас үшін бір дос керек қашанда…

Аида ҚАЛИЕВА,
ҚарМУ студенті