Аспан асты елі аруының алғысы

Аспан асты елі аруының алғысы

1 наурыз – еліміздегі барша этнос бір-біріне алғыс айтатын күн. Айтулы датаны пайдалана отырып, шет тілдер факультетінің студенті Цозу Яо да қазақ халқына ризашылығын білдірді.

Қытай қызы елімізге оқу жылының басында академиялық білім алу бағдарламасы бойынша келген. Бұл туралы: «Қазақстанға 2019 жылдың қыркүйегінде келдім. Біздің Ши Хэ Цзы қаласындағы университетіміз ҚарМУ-мен студенттерді ауыстырып оқыту жөніндегі келісімшартқа отырған. Бұл мен үшін қазақ, орыс тілдерін үйренуге тамаша мүмкіндік болды. Әрине, жаңа ортаға, ауа райына үйренісу қиындық тудырды. Алайда жергілікті тұрғындардың қолдауының арқасында жат ортаға бейімделу көп уақыт алған жоқ. Дүкенде болсын, көшеде болсын, оқу орнында болсын қолдан келген көмегін аяп қалмауда. Шет елден келгенімізді білген бойда жүздеріне жылулық үйіріліп, мейірімділік танытады. Сол себепті қазақ халқына, қазақ еліне, Арқа даласына айтар алғысым шексіз», — деп ақтарылды. Сындарлы замандарда да шетелдіктерді бауырына басқан қазақ халқы үшін бейбіт күнде өзге ұлт өкілдерін шаңырағына шақыру қонақжайлығымыздың тағы бір дәлелі. Бірлік пен достықтың салтанат құрар күні, көктемнің алғашқы күні құтты болсын!

Ақзия АБДЫКАДИРҚЫЗЫ,
ҚарМУ студенті