Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет

Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет

Бірлігі жарасқан ұжым – игі істердің ұйытқысы. Бірлік болмай тірлік болмас. Білімнің басы — бейнет, соңы – зейнет. Міне, осы сияқты нақылдарды нақышына келтіріп жаза бергің келеді, жаза бергің келеді. Неге дейсіздер ғой? Мұның өзі аздық етеді. Университетімізде оқыту үрдісі қазіргі хал-ахуалға байланысты онлайн режимге ауысып, кафедрамыз өз жұмысын экранның әр жағындағы тыңдаушыларымен жалғастыра, жандандыра түсуде. Демек, ендігі өрбитін әңгімеміз әріптестерім мен студенттердің биылғы оқу жылының бірінші жарты жылдығында атқарған елеулі еңбектері мен жеткен жігерлі жетістіктері жайында болмақ.

Жаңа оқу жылы әріптестерім Сара Медиева мен Галия Отыншина бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі мамандығының докторанты атанды деген жағымды жаңалықтан бастау алды.

Қараша айында кафедра меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Салтанат Қуатқызы «Өнегелі өмір» жобасы аясында № 66 мектеп-лицейімен онлайн кездесу-сұқбатын өткізді. Сұқбат барысында оқушылар өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, бастауышта оқыту пеадгогикасы мен әдістемесі мамандығына оқуға түсуге қызығушылықтарының мол екендіктерін аңғартты.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 29 жылдығына арналған «Тәуелсіздік айнасы» іс-шарасы аясында «Тәрбие жұмысына инновациялық көзқарас. Заманауи тәрбие технологиялары» тақырыбында академиялық топ кураторларына арналған семинар өтті. Семинар ұлттық құндылықтар, дәстүрлер, мінез-құлық тәжірибесі ұстанымы тұрғысынан тәрбиенің заманауи ахуалын жаңартуды, заманауи тәрбие технологияларының педагогикалық ортадағы маңызын аша отырып, олардың жіктемесіне мазмұндық сипаттама беруді, университет кураторларының психологиялық, педагогикалық, оқу-әдістемелік құзыреттілігін жетілдіруді мақсат етті. Семинардың модераторлары кураторларға заманауи тәрбие технологиялары туралы ғылыми тұрғыдан мағлұмат беріп, заманауи тәрбие технологияларының жіктемесімен таныстырып, жоғары оқу орнында тәрбиелік іс-әрекеттерді тиімді ұйымдастырудың негізгі шарттарын ашып көрсетті. Семинар барысында заманауи тәрбие технологияларымен жүзеге асырылған тәрбиелік шаралардан бейнеүзінділер мен кураторларға тәрбие жұмысын ұйымдастыруда басшылыққа алуға болатын қажетті материалдарға сілтемелер көрсетілді. Семинарға университетіміздің 200-ден астам академиялық топ кураторлары қатысты. Семинар соңында сөз алған университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Мейіржан Сыздықов алдағы уақытта кураторлар институтын құрып, оның нормативтік-құқықтық құжаттары жасалатынын тілге тиек етті.

«Еңбек – ырыстың бұлағы, Еңбек — бақыттың шырағы» демекші, өз еңбектерінің игілігіне бөленіп отырған ұстаздарымның жетістіктеріне қуанамын. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының жалпы жиналысының 27 қарашадағы шешімімен кафедра профессорлары Салтанат Абильдина және Райфа Дюсембинова Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының толық мүшесі (академигі)болып сайланды.

«Ұстаздан шәкірт озар» демекші, біздің мамандықта білім алып жатқан студенттеріміз жайында айтпасқа болмас. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған «Қазақстан — ардағым, жырымды саған арнадым!» байқауына БОПмӘ-13с тобының студенті Айдана Ерғали қатысып, бас жүлде иегері атанды. Студенттік парламент депутаты, БОПмӘ-26с тобының студенті Қызғалдақ Әсет «Патриоттық өлеңдер» номинациясы бойынша ІІ орынға ие болды. БОПмӘ-31 топ студенті Ботагөз Мырзаш, БОПмӘ-13с топ студенттері Ақнұр Боранқұл және Гүлдана Ережеева байқауға қатысқандары үшін сертификатпен марапатталды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар студенттерімізді мақтан тұтамыз.

Желтоқсан айында «Тәуелсіздік айнасы» кешенді жоспары аясында кемеңгер ойшыл, қазақ мәдениеті мен ақыл-ойының заңғар биігі, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған «Абайдың қара сөздеріне зерделі саяхат» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Республикалық деңгейде өткен іс-шара Абайдың қара сөздерінде кестеленген ой-тұжырымдарды саралап, заманауи көзқарас тұрғысынан жаңаша бағытта талдау арқылы білім алушылардың білім мен ғылымға деген қызығушылығын арттырып, өзін-өзі жетілдіруге үнемі ұмтылатын рухани мәдениеті дамыған, әлеуметтік жағынан жетілген шығармашыл тұлға болып қалыптасуына ықпал етуді көздеді. Абайдың рухани мұрасына тереңнен бойлап, мәнін түсініп, оны бойға сіңіру үшін қара сөздеріне зерделі саяхат жасауда С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті және Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің докторанттары, магистранттары, студенттері сапарлас болды. Олар ұлт жаңғыруының негізі саналатын ақынның қара сөздеріне, оның тереңдігіне, логикалық мәніне мағыналық түсінік беріп, мазмұндық сипатын аша білді.

«Басшысына қарап халқын тануға болады» дегендей, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында п.ғ. к., профессоры Ботагөз Жекибаева «Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің еңбек сіңірген қызметкері» дипломымен, п.ғ. к., доцент Баян Шаушекова «П.ғ. к., доцент Т.Қ. Қамзабаев атындағы сыйлықтың лауреаты» дипломымен, аға оқытушысы Эльмира Тлеуберлинова «Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті оқытушылары, қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» алғыс хатымен марапатталды.

Университетімізде қалыптасқан дәстүр бойынша ұйымдастырылатын игі шаралар оқу, тәрбие, ғылыми стратегиялар мен технологиялардың инновациялылығын, олардың құқықтық бағдарлануын, креативтілігін көрсетуге зор мүмкіндік береді. Сарыарқамның төрінде табан тіреген Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіммен мақтанамын. Мұнда білім нәрімен сусындап, әрмен еңбек жолымды жалғастырып жатқан менде арман жоқ деп білемін. Білікті де білімді, жүздерінен жарқын шуақ нұр төгіліп тұратын құрметті де қадірлі әріптестеріммен мақтанамын! Шын жүректен еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілей отырып, ақ жолдарыңыз біздей шәкірттеріңізге бұйырсын дегім келеді.

Индира БАКИРОВА,
бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының оқытушысы