Филология факультетіне артылған сенім – ұлттық руханиятқа деген жанашырлық

Филология факультетіне артылған сенім – ұлттық руханиятқа деген жанашырлық

Тіл мен әдебиетті оқу арқылы адамзат баласы өзіне таусылмас азық жинайды, өмірлік рухани нәр алады, бойына эстетикалық сұлулықты қалыптастырады. Адамның бойына өзге тіршілік иесінде жоқ имандылық қасиетті, біреудің ала жібін аттатырмайтын ар-ожданды, айналадағыларды тәнті ететін сұлулықты, жалпыадамзаттық гуманизмді дәріптейтін адамгершілікті қалыптастыратын бұл – әдебиет. Кейбір дамыған елдерде түрмеге түскен қылмыскерді қайта тәрбиелеу үшін де осы әдебиетті оқытады екен. Тіл мен әдебиетті сүйген адам – адамзат баласының досы, бауыры, жанашыры. Осындай мамандарды даярлап жатқан білім ордасының бірі – филология факультеті. Сексен жылдам астам тарихы бар факультеттің университеттің қалыптасуы мен дамуында алар орны ерекше. Бүгінгі күні филология факультетінің құрамына 5 кафедра кіреді: қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті, журналистика, профессор Ғ.Ә. Мейрамов атындағы орыс тілі мен әдебиеті және қазақ тілінің практикалық курсы кафедрасы. Мұнда 10 ғылым докторы, 27 ғылым кандидаты, 40 магистр дәрежесі бар білікті оқытушылар жұмыс істейді. «Қазақ халқының рухани мұрасын зерделеу» ғылыми-зерттеу институты (Директоры – ф.ғ. д., профессор М.І. Әбдуов), 8D02306001 — Филология мамандығы бойынша диссертациялық кеңес (Төрағасы – ф.ғ. д., профессор Ш. Мажитаева) бар. Білім берудің бакалавриат (7 білім беру бағдарламасы негізінде), магистратура (4 білім беру бағдарламасы негізінде), докторантура (1 білім беру бағдарламасы негізінде) деңгейлері бойынша мамандар дайындайды. Факультеттің мемлекеттік тілді дамытуда, отандық журналистиканы алға ілгерлетуде алатын орны зор. Осы орайда ағымдағы оқу жылында университет басшылығының қолдауымен факультетте біраз өзгерістер орын алды. Заманға сай бәсекеге қабілеттілікті арттыру, көш ілгері жылжыту мақсатында жаңа бастамалар мен мүмкіндіктерге жол ашылды. Енді соларға тоқталсақ.

Біріншіден, материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында факультет ағымдағы жылы жалпы соммасы 4 млн. — нан асатын техникалық құралдарды сатып алуға мүмкіндік алды. Бөлінген қаржыға алынатын заттар оқу, ғылым, тәрбие жұмыстарын дұрыс ұйымдастыру мақсатында пайдаланылады. Әсіресе, оқу телевизиясына көңілдің бөлінуі болашақ журналистерді практикалық тұрғыдан машықтауда, кәсіби құзіреттілігін қалыптастыруда өте маңызды.

Екіншіден, оқу үдерісін қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету мақсатында университет басшылығы әрбір факультетке 2 млн. теңге көлемінде қаражат бөлді. Филология факультеті жалпы соммасы 2 042 710 теңге көлемінде оқулықтарға өтінім беріп, қажетті деген оқулықтар сатып алынды. Мұндай іс-шараның үздіксіздігі оқытушылар бен білім алушыларымыздың рухани кемелденуіне, оқу үдерісін қажетті деңгейде ұйымдастыруда аса қажет.

Үшіншіден, факультетте қазан айынан бастап Qasym. kz сайты өз жұмысын бастады, бұл – әдеби-танымдық портал, сайтқа жауапты – филология факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Н. К. Сиязбаев. Сайт «Қасымтану», «Әдебиет әлемі», «Тарих және мәдениет», «Жас қалам» сияқты айдардан тұрады. Елімізге белгілі ақын-жазушылардың, университет ғалымдары мен білім алушылардың қасымтануға, әдебиет, мәдениет, тарихқа қатысты мақалалары мен шығармалары жарияланып келеді. Әсіресе, студенттердің шығармашылығын қолдауға, өзін-өзі танытуға берері мол. Мұнда жарияланған университет оқытушыларының әрбір мақаласы келесі жылы бағалау парағында есепке алынатын болады. Бұл да – бұрын-соңды болмаған жаңалық.

Төртіншіден, жаңа жылда «Балауса» студенттердің шығармашылық орталығын құру жоспарымызда бар. Бір кездері факультетте «Балауса» бірлестігі жұмыс жасаған. Оның тарихына қатысты да жинақ шығару көзделіп отыр. Бұл ұйым талай жастардың бағының ашылуына, өнерімен елге танылуына ықпал етті. Қайта құру мақсатында жұмыс басталып кетті. Бұл орталық 3 бағытта жұмыс істейтін болады: әдебиет, ғылым және өнер. Орталықтың негізгі мақсаты университетімізде оқып жатқан талантты, дарынды студент жастарды анықтап, олардың шығармашылығын шыңдау, еліміздің жасампаз жас тұлғасын қалыптастыру. Жоспарға сай орталық № 8 оқу ғимаратының 1 қабатында орналасады, алдымен жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құрылымы 2 залдан тұрады, біріншісі – қазақи үлгідегі стильде болса, екіншісі – батыстық үлгіде болады. Университетіміздің өнерлі барлық студенттері бір орталықта бастарын қосып, түрлі іс-шаралардың ұйымдастырушысы болады деген ойдамыз. Бұйыртса, жастарға жаңа серпіліс беретін коворкинг орталыққа айналады.

Бесіншіден, университет ректорының бастамасымен факультетте Қасымтану ғылыми-зерттеу орталығы өз жұмысын бастайтын болады. Жетекшісі – ф.ғ. д., профессор Ж. Ж. Жарылғапов. Бұл дауылпаз, жерлес ақынымыздың алда келе жатқан 110 жылдық мерейтойына арналып отыр. Орталықта «Қасымтану мәселелері» атты ғылыми-зерттеу жинағы, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған библиографиялық көрсеткіш, «Қасымтану сөздігі», «Қасым» энциклопедиясы кезең-кезеңімен шығатын болады. Осының нәтижесінде алдағы уақытта факультете Қасымтану арнайы курсы оқытылады. Бұл игі бастама – қазақ поэзиясының шыңы болған дауылпаз ақынға деген құрметтің белгісі.

Университетіміздің алдыңғы қатардан орын алып, бәсекеге қабілетті болып дамуы – біз үшін зор мақтаныш. Ол үшін әрқайсымыз «қарлығаш қанатымен су сепкендей» үлес қосуға міндеттіміз, бір ұжым болып академик Бөкетовтің есімін одан ары асқақтатуға тиіспіз.

Елдос ТҮЙТЕ,
филология факультетінің деканы