Қарағанды — қара өлеңнің қағбасы

Қарағанды — қара өлеңнің қағбасы

Арқа өңірінде ақындар жиылған жақсы орта бар. Серік Ақсұңқарұлынан бастап, Серік Сағынтай, Қайрат Асқар, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбарак, Нұрлан Абилден сынды танымал ағаларымыздың поэзия атты құдіретке өз қолтаңбаларын қалдырғаны белгілі. Бұл кісілердің ізін Мирас Асан, Жанат Жаңқашұлы, Жәнібек Әлиман, Рауан Қабидолдин жалғайды. Алдыңғы буын ағалардың соңынан ерген жас буынның көшін Аян Мейраш, Әділет Шопен, Жоламан Әйткен, Ерік Нарын, Жұман Жасқанат, Бек Ноғайбайұлы жалғап келеді. Жалпы әр ақынды алып қарасақ та өзіндік сарыны бар, өзіндік қолтаңбасы бар ерекше жандар. «Ақынды «үшінші көзі» ояу оқырман ғана түсінеді» дейді. Рас, ақын жанын ақыннан басқа кім түсінсін. Ешкім түсіне бермейтін, қиялы мен әлемі бөлек жандар.

21 наурыз – Дүниежүзілік поэзия күнінде жастар арасында шоқтығы биік, өзіндік қолтаңбасы бар жас ақын Ерік Нарынның жүрегінен шыққан жыр жолдарын жариялаймыз. Ерік Нарын 1997 жылы маусым айының 17-ші жұлдызында Қарқаралы ауданы Қасым ауылында дүниеге келген. 2017 жылы академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тәмамдаған. Қара шаңырақтан түлеп шыққан жас дарын 2018 жылы қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» атанды. Сол жылы «Мөр» жыр жинағы жарық көрді. Бүгінгі таңда «Qasym.kz» ақпараттық-танымдық порталының редакторы.

Перзент жыры
 Демалыста барам десем ауылға,
«Ешкім сені сағынған жоқ» дейді анам.
«Жан бар ма» деп осы мені сағынар,
Мұңға батып ойланам.
Түсінші, ана,
Көзге жас ап, отқа оранып кеудесі,
Топырағын сағынады кейде адам.
Сағынбаса сағынбасын мейлі онда,
Ең бастысы, мен сағынсам болғаны!
Күтер мені сағынып,
Туған жердің қалың елдей орманы.
Тамыр болып бітіп кеткен тәніме,
Ауылыма апарар,
Кең даланың тарам-тарам жолдары.
Айбыны асқақ қарсы алғандай патшаны,
Қарағайлар сап түзейді мен десе.
Тауларымның түсер биік еңсесі,
Айлап, жылдап бет-жүзімді көрмесе.
Ана, сенің сыздағандай жүрегің,
Таулардың да сыздайды ғой жүрегі,
Перзенті іздеп келмесе!
Тау етегін жайлаған ауыл
 Қырдың басы толыпты молаларға,
Қарсы тұрар уақытқа шама бар ма?!
Куәгері әр қаза әр қайғының,
Қарт таулар мен қарқ еткен қара қарға!

Тағы біреу қауышты қара жермен,
Қаралы көш көрінді ала белден.
Тағы біреу қоштасып бара жатыр,
Ауылынан сән кеткен алаң елмен.

Асқақ таулар өрлікті ұран етіп,
Шыңдарынан ақ сәуле бұлаң етіп,
Ақ сәлдедей оранып ақ бұлттарын,
Аруақтарға тұрғандай құран оқып.

Бой көтеріп әр мола тау тасынан,
Орын тепкен қырлардың арқасынан.
Асқақ таулар қайысып зор қайғыдан,
Құламай тұр қалайша шалқасынан?!

Тас жүрегі таулардың соғар дүркін,
Болса да өршіл тауға да обал, жұртым!
Шыдай алмай таулар да тау қайғыға,
Жанартау боп атылар олар бір күн.

Түбі келер келгендей заман ақыр,
Бұрынғы ауыл сақталып санада тұр.
Тау етегін жайлаған ауылымды,
Жылдар жылжып, жер жұтып бара жатыр.
Аялдама
 «Ақтоғайдан Айыртас ауылына барар
жолда бір аялдама бар. Ол аялдамада
жолаушы көлік күтпегелі он жыл өтіпті…"

Жолдың бойы
Аялдама жалғыз-ақ,
Бұлтпен бірге тұрады ылғи зар жылап.
Жылайтыны – ең соңғы бір жолаушы,
Қала жаққа кетіп еді таңда ұзап.

Дәрігерден оралар
Бүлдіршіндер күтпейді енді анасын.
Нанбасыңа не амал бар, нанасың!
Сұлулар да сарбаздарын қарсы алып,
Бауырлары күтпейді енді ағасын…

Жалғыздыққа көну қиын
Ал, дауылға төзбес кім?!
Жалғыздыққа ұйқы бердім, шер кештім.
Аялдама тағдырласым боп шықты,
Күтпейді онда сағынғанын енді ешкім!

Маңайында,
жусандары бұлттың жасын қылғытып,
Күре жолдан ай мен жылды жылжытып,
Жалғыз өзі күре жолдың бойында,
Аялдама әлдекімді тұр күтіп!
Ауылым
 Ауылымның қына біткен тасы да,
Талайлардың мінезінен жұмсақтау.
Шығып көрсең өр таулардың басына,
Мүмкін емес мұң шақпау.

Әжелердің күйе басқан қазаны,
Талайлардың жүрегінен тазалау.
Аспанынан естілгенде қаз әні,
Қаз боп ұшқан күйді кешсең ғажап-ау!

Талайлардың көңілінен жылылау,
Ауылымның ең қаһарлы қысы да.
Ауыл жұрты ар-ұятты ту қылып,
Тау шыңының іліп қойған ұшына.

Қайыңдардың алтын еткен жасауын,
Ешбір жерде атқан емес бұлай таң.
Мініп көрсең қырда жүрген асауын,
Бұл өмірді жуас дер ең, шын айтам.

Сауық қуған ауылымның тентегі,
Ақынмын деп айта салса сенерсің.
Әжім басқан дидарынан таулардың,
Менің ұлы тағдырымды көрерсің
Қағаз кеме
 Сағыныш шырқау шегінде,
Тірлікті жүрмін елемей.
Жүрегім нәзік менің де,
Кішкентай қағаз кемедей!

Қиял көп мені арбаған,
Самал жоқ мені өппеген.
Төменге қарай заулаған,
Оралмай кетті-ау көп кемем!

Жетелеп алға жел елер,
Дұға деп өлең арнадым.
Қайда екен сол бір кемелер,
Желкені — бала арманым.

Бұлт болып өтіп төбемнен,
Жалынан ұстап сағымның,
Айналып соғар сенем мен,
Жағалауына жанымның.
Күтумен алтынкүректі,
Талай да мұңмен ауырғам.
Кемедей нәзік жүректі,
Сақтай да жүріп дауылдан.

Балалық өтті, әй, қалай?!
Жылғаны бойлап түнердім!
О, бәлкім, ойнап, байқамай,
Кемеге салып жібердім!
***
 Не бір суық хабармен жетті кей күз:
Мына өмірден қара шал өтті дейміз.
Қара шалға топырақ салу үшін,
Көңіл түсіп ауылға бет түзейміз.

Күңіреніп кеудеңде сарайың кең,
Қаусамайды бұндайда қалай іргең.
Қауқылдасып қаламыз мола жақта,
Көптен бері көрмеген ағайынмен.

Мола жақта сағыныш жарығымен,
Бір көрісті ағасы бауырымен.
Шаңырақтан қаңбақтай кеткен ауып,
Үдей соққан тірліктің дауылымен.

Аршалы тау – сағынса ол да шөгер
Алыс еткен тағдыр ма – ол да шебер.
Ауыл жаққа бармаймыз біз бүгінде,
Бір қаралы жаназа болмаса егер.

Құбыласын түгендеп жан аптығып,
Лайын кешіп тірліктің балақ түріп,
Жаназада қауышқан ағайынға,
Өксігің-ақ келеді қарап тұрып.
Қара шапан
 Қара шапан —
Жауында әкем, сауында шешем киген,
Сол шапанның қойнына шекер де үйгем.
Жамау-жамау біз көрген балалықтай,
Қайда қалды шапаным көшерде үйден.

Әкем қойшы — әкемнің таяғынан,
Ат үстінде күн жүдеп, ай арыған.
Қара шапан ішінде талай қозы,
Көзін ашып нық тұрған аяғынан.
Біз де солай…
 Бөлмемізге бас сұқса ұрыннан күз,
Қара шапан ішінде жылынғанбыз.
Қара шапан ішінен сыз әлемге,
Мейіріммен қарайтын суынған жүз.

Қара шапан секілді жаным жамау,
Сағыныш боп укеудемде жағылды алау.
Жұлдызы көп мына түн сондай жылы,
Жамау-жамау шапанды жамылған-ау.
«Мөр»
 Кеудемді асқақ қозғап ән,
Күлгенім осы кітапта.
Өртеніп кете жаздаған,
Түндерім осы кітапта.

Жүректен әлі кетпеген,
Ғашығым осы кітапта.
Сиям да әлі кеппеген,
Жас үнім осы кітапта.

Сыймай-ақ қойған көлемге,
Мінезім осы кітапта.
Айналып кеткен өлеңге,
Жаным да осы кітапта.

Өзіңе айтар тілегім,
Сағынсын, сезсін, білсін деп:
Бұл кітап менің жүрегім,
Кеудеңде соқсын дүрсілеп!

«Поэзия» бетін дайындаған
Бектас ЖҰМАН,
ҚарМУ студенті