Туған жер

 Бесоба Жамантастың етегінде,
Тең келмес сұлулық бар шетеліңде.
Биязы жомарт анық халқы да оның,
Кетпейтін қаңқу сөздің жетегінде.
 
Бесоба тау мен тасты бойлаған жер,
Жақсылықты жарыса тойлаған ел.
Ғажайыпқа осынау көз тігетін,
Қырат, қырқа, бұйрат пен ой дала бел.
 
Туған жердің керемет табиғаты,
Бар өзіндік даланың шариғаты.
Намысты да, ажарлы ұл-қызы бар,
Жанынан қымбат болған ар-ұяты.
 
Еске алып ауылдың шоқыларын,
Қиялға қанат байлап отырамын.
Қалада болғаннан соң аңсаймыз-ау,
Бұлағы мен ауасын, топырағын.
 
Қосшоқы қос жанары манаураған,
Жібекшоқы от болып алаулаған.
Қатпар-қатпар тасында тарих тұнған,
Қарашоқы, Қамқорда санаулы адам.
 
Наршөккен мен құт мекен Қызылтуы,
Құлағыңа естілер ызың шуы.
Көк жиекке көз тастап, тізбектеліп,
Қаздардың да керемет сызылтуы.
 
Байқожа бастау алып тау басынан,
Гүрілдейді мөлдір су арнасынан.
Артық көлік табылмас сірә бізге,
Атамның ат жеккен арбасынан.
 
Қоңыр-төбе еңселі көк мұнарым,
Енді қашан өзіңе бет бұрамын?
Атамның ізі қалған Қоңыржон да,
Құшақ жая қарсы алар текті ұланын.
 
Үшқазанның су толған қазаны да,
Құт болып жаралғандай қазағыма.
Таңбалытас бетіндегі таңбалары,
Әр беріп тұрғандай бір ажарына.
 
Сұңқарқия шыңына қол жетпеген,
Ұштасып тұратұғын ол көкпенен.
Туған жердің сөз жетпес табиғаты,
Жөргектегі баладай өбектеген.
 
Қасиетін білетін ана тілдің,
Жыры болған Бесоба сан ақынның.
Сендегі кереметті жырлау үшін,
Ақын болып мен дағы жаратылдым…

Бектас Бақытұлы Жұман