Бақ

 Мен Алашпын, көк бөріден тараған,
Дұшпанына қату әрі қабаған.
Досқа ашар құшағын да кең қылып,
Әр бір ұрпақ өзді-өзіне абадан.
 
Мен Қазыбек, Әйтекемін, Төлемін,
Қазақ десе басым бәйге, өлемін.
Үзіліп ақ түссе дағы жұмыр бас,
Не болса да қазағыммен көремін.
 
Мен Абылай, Тәуке менен Кенемін,
Көшті бастап, қанат жайып келемін.
Мағжандайын айбынымды ту етер,
Жас ұрпақтың ертеңіне сенемін.
 
Мен Құнанбай, ұлы ақын Абаймын,
Тасқа тиген басымыз бар талай мың.
Ұлылардың ұлылығын дәріптеп,
Ұлы көшке көз жүгіртіп қараймын.
 
Ілияспын, Бейімбет пен Сәкенмін,
Міржақыппен ізін басқан Жәкеңнің.
Еңсемізді биік ұстар ел болдық,
Құрсауында қалып қоймай жат елдің.
 
Мен Кейкімін, Амангелді Иманмын,
Большевиктер сөзіне мен иландым.
Алшақ кетіп партиясынан алаштың,
Аяғымды шалыс басып қиналдым.
 
Бауыржанмын, Бегилдинов Талғатпын,
«Қара ажал» — кемесін де самғаттым.
Ақтық демім қалғанынша айқасып,
Соңғы оқты әуелетіп жауға аттым.
 
Мен кешегі Ербол менен Қайратпын,
Қанатымды одан да әрі жаймақпын.
Тереземді өзге елмен тең қылып,
Еңсесін де биік қылдым байрақтың!
 
Қазақпын мен, көкпар тартып, ат мінген,
Қуанышқа шын қуанып, шат күлген.
Тәуелсізбін, бейбіт елмін, қазақпын,
Басыма кеп қонған осы бақ білем!

Бектас Бақытұлы Жұман