Абайға

Абайға

Жылдар өтіп барады ғасыр ауып,
Бұл күнде бәрі дөкей, тасыр-алып.
Құнанбайдың ұлындай фәниге бұл,
Өкінішті, келмейді ұл ғасырда анық…

Өлеңдері шашатын шуақты нық,
Қара сөзі рухани қуаттылық.
Хәкім кетті келмеске Шыңғыстаудан,
Білім деген толтырып бұлақты лық.

Тіл табысар түздің де тағысымен,
Тұлпардайсың шаң жұқпас шабысы кең.
Талай мәрте кездестің, мен білемін,
Алай-дүлей өмірдің ағысымен.

Әр адымы болса да шойын қақпан,
Аулақ, таза ұстаған бойын жаттан.
Бұл фәниде білектің күші емес,
Күштілігін білімнің мойындатқан.

Дүниені қуады "боқтың қабы",
Телмірген экранға көптің бәрі.
Бас-басына барлығы "саясаткер",
Сот залына айналды оттың жаны.

Әр қазаққа баспана, қоныс керек,
Бола алмайды жолыма орыс бөгет.
Ибраһимдей һәкімді тудыратын,
Құнанбайдай алашқа болыс керек.

Өзімізді-өзіміз паң қыламыз,
Жиыппыз-ау өлгенше малды да біз.
Ата көрген алаштың ұрпақтары,
"Толық" болса рухани жаңғырамыз!

Бектас ЖҰМАН,
ҚарМУ студенті