Ескі бесік

Ескі бесік

Ұланның үйінде ұрыс басталды. Түлен түрткендей тұла бойын ашу буған Тыныс тоқалдың бес-он минуттық тыным алуынан кейін келесі керіске кірісуі күндіз кідіріссіз өтіп жатыр. Күйеуі Кенжақан базарға кеткен. Күні кешегі ақшаны күреп табатын қырықтың қырқасынан асқан кенші Кенжеқан қысқара-қысқара бүгін базардан бір-ақ шыққан. Қол арбамен ерсілі-қарсылы жүк тасиды. Ерте тұрып есінеген қалпы күнделікті күйбеңіне кірісіп, кешке сүріне-қабына кіріп тамағын ішер-ішпестен төсекке құлайды. Қара шалбарының құпия қалтасынан тиісті бес жүз теңге табысты Тыныс қағып алады. Базарға жететін жиырма теңге қалдырса болды. Күйеуін құлдыққа әбден көндірген тоқалдың тумаған баласына әлі жетпей-ақ қойды. Бұл үйдегі үш қыздан кейінгі ұл Ұлан былтыр үйленген. Ұлымен тіл табыса алмай жүргенде …, келісті көркем келіні Гүлшатпен дәм-тұздары жарасар түрі жоқ. Үлкен қызы Айман астаналық жігітке тұрмысқа шыққан. Шолпан мен Маржанды әкелеріне айтып жүріп, ақыры адуын тоқал өзінің бір бөлмелі пәтеріне шығарып жіберген. Осы шаңыраққа әмірімді жүргіздім деген тұста, мына Ұланның үйленгені бұған күннің бетін бұлт басқанмен бірдей болды. Ұлан керемет суретші еді. Мектепті бітіргеннен кейін университеттегі көркем-сурет факультетіне түскен. Қазір үшінші курсында оқып жүр. Алғашқыда түрлі мекемелерге барып Тыныс қажетті суреттер керектігін біліп, оны Ұланға орындатып жүрді. Қалтасы қалыңдап қалған. Кейін өгей баласы бұның әрекетіне тосқауыл қойды. «Өнер арнайы тапсырмамен орындалмайды» дейді. Үйленген қызы да өзіне сай болып шықты. Тамаша әнші екен. Тыныс оны да өзіне иліктіруге тырысқан. Шақырылған той болса алып барып, Гүлшатқа ән салдырып, оған сыйақы талап ететін. Бір күні құрдастарының тойында ән салып, үстіне кигізген қымбат қызыл шапаннан ол да бас тартты. Айтары «өнер сатылмайды» дейді. Сол келіні қазір арыстай ұл тауып, перзентханадан келер жұмада шықпақшы. Баланың киім-кешегіне Ұланның өзі ақша тауыпты. Ендігі мәселе сәбиге арналған бесікке тірелген. Кеше барған Ұлан біраз тапсырма алып қайтқан. Гүлшат хатында: «Баланың атын атасы Кенжеқан қойсын, нәресте үшін бесік керек екенін ұмытпа», — депті. Келе сала үйдің төбесіндегі шатырдың ішіндегі бесікті алып, күннің көзіне біраз қойып, Ұлан кем-кетігін түгендемек болған. Бұның ісіне Тыныс дүрсе қоя берген. «Қайдағы қаңсыған бесікті қайтпексің, одан да балаға арналған арба сатып әкел», — деген. Өгей бала мен өгей шеше дәл осы жолы бетпе-бет келіп еді:

– Арбаны біздің топ студенттері сыйлыққа алып қойыпты, баланың қол-аяғы түзу өсу үшін бесік дұрыс болады.

– Мына сықырлаған ұсқынсыз бәлені үйге кіргізбе!

– Бұл бесікте біздің үйдің бар баласы және мен жатқанмын. Сондықтан жақсы ырымға балап тұрмын.

– Көрсетпе көзіме. Әкет әрмен. Мен тұрғанда бұл сықырлақ үйге кіргізілмейді.

– Мен тірі тұрғанда дәл осы бесікке ғана бөленуі тиіс, — деген Ұлан теріс айналып жүре берді. Сол кеткеннен Ұлан апаларына барып, екі күндей бесікке қажетті әбзелдерді жасатты. Үйге жетіп бесікті түзеп қоюға асықты. Кештете келсе қойған орнында бесік жоқ. Қайтадан шатырға шығарып тастаған шығар деген. Ішке еніп, әкесінің ұйықтап қалғанын, өгей шешесінің терлеп-тепшіп шай ішіп отырғанын көрді. Бұған онша назар аудармады. Бұл да алғаш рет амандықсыз өз бөлмесіне аттады. Киімдерін шешіп, жеңіл киініп қайта шыққанда шешесі жатып та қалған еді. Асықпай бұл да шай ішті. Аулаға шықты. Шатырға көтеріліп бесікті қарады. Таба алмады. Жазғы сарайды қарап шықты. Онда да жоқ. Үйге қайта кіріп, бұдан алты жыл кенеттен оқыс опат болған анасының суретіне ұзақ қарады. Жаны күйзелгенде осылай тұратын әдеті бар. Шешесінің осы суретін салған өзі еді. Сәл ғана күлімсіреген аққұба, бота көз, жүзінен жылылық ұшқындаған асыл анасы бұған баяғыша «Құлыным, қоңыр қозым, кел, кел, келе ғой» деп тұрғандай. Жанарына жас толды. Үнсіз егілді. Иықтары селкілдеп, көпке дейін өзіне-өзі келе алмады. Құр сүлдері шешінбестен төсегіне құлап түсті. Ұйықтап кеткен екен. Түсіне анасының бұдан бұрынғы сәл қабағы түйіліп, мұңайған кейіптегі өзінің алғашқы салған суреті кірді. Ол суретті астанадан бір келгенде Айман апасы сұрап, бұл мына қабырғадағы суретін өзіне қалдырып, алғашқысын берген еді. Дәл сол сурет көз алдында тұр. Кенет анасы бұған: «Әкеңмен сөйлес, бәрін де жасырмай айтсайшы, қоңыр қозым-ау», – дейді де, қайтадан үнсіз қалады. Алты жыл бойы арман қылған ананың дауысы. Сол баяғы сабырлы қалпы. Ештеңе болмағандай. Мақпалдай майда қоңыр үнімен тіл қатты. Бұл қайта-қайта «Апа, Апа, Апам-ау» десе де, өз шешесі сол суреттегідей мұңайған қалпы тұра берді. Біреу қатты жұлқылап жатыр. Оянып кетті. Әкесі екен.

– Әй, саған не болған? Ең құрмаса мына жарықты өшіріп, шешініп жатпайсың ба? Бүгін ана Гүлшатты шығарып алу керек. Мына жатысыңа жол болсын.

– Көке, көке!

– Не? Не? Не болды? Айтсайшы. Неге жылағансың?

– Көке, бесіктен айырылдық. Енді жоқ.

– Шатырда тұрған. Қазір өзім түсіріп берем. Өй, өзің бесіктің әбзелдеріне дейін алып келіпсің ғой. Міне, дұрыс. Ал, тұра ғой. Мен қазір бесікті алып келейін. Кенжеқан есікке бұрыла бергені сол еді ас үй жақтан Тыныс: «Әй, сол ескі қалдықты қайтесің. Мен оны кеше көше тазалап жүрген машинаға салып жібергем», — деп дауыстады. Кенжеқанның ашуы бұрқ етті. Ас үйге жетіп барған бетте тойған мысықтай тымпиып отырған Тынысты алқымнан бүркітше бүрген: «Иттің баласы! Бесік деген қара шаңырақтың ен таңбасы. Сен өзің мұсылманнан туғансың ба? Бойыңда иманшылық қалмаған қарабет! Айт, қане, қандай машинаға салып жібердің», — деп дігерлеген. Көзі алайып, бақиға аттанып кете жаздаған Тыныстың үні қырылдай шықты:

– Күнде келіп жүретін көк КамАЗ»-ға салғам.

– Қашан?

– Кеше түстен кейін.

Долдана жылаған Тыныстың ащы дауысы шықты. Оған бұрылып та қарайтын Кенжеқан емес. Арба айдаған шомбал саусақтарын әрең жазып, ұлына «келінді алып келуге қамдана бер» деген қалпы үйден шыға жөнелді. Қалтасындағы бір төлемдік ақшасымен көше көлігіне мініп, қала сыртындағы қоқыс төгетін аймаққа тақала түсіп қалды. Ентіге жүріп келеді. Бұл қоқыс аймағының өзі қара-құрым адамға толы екен. Әрқайсысы өзінің тиісті кәсібіне кірісіп кеткен, бұған бұрылып та қарар емес. Бір үйіндіге тақала бергенде артынан аптыға жүгіріп бір әйел қуып жетті. «Бұл менікі, басқасына бар», – деп дүрсе қоя берсін. Кенжеқан жаман састы. «Маған ештеңе керек емес, тек кешегі түсірілген қалдықтарды іздеп келем. Ол әне, анау жерде. Ол тексерістен өткен. Мынау бүгінгі түсіп жатқандары». Бұл бейтаныс келіншек жүзіне алғаш көз салған. Тым жүдеу, көзі шүңірейген, киімдері ұсқынсыздау әйел затының алдында тұрғанын көрді. Нұсқаған жаққа оқыс бұрылып жүре берді. Кешегі түскен көңнің тас-талқаны шығыпты. Бұның іздеп келген заты екіге бөлініп жатыр. Ала салып, бір-біріне қиюластырды. Абырой болғанда сүйектері сынбаған екен. Жанына медет тұтқаны сол болды. Келген ізімен дереу қайта тартты. Асығып келеді. Анда-санда жүгіріп те алады. Түске таман өзінің тұрақты жұмысына айналған жайма базарға жетті. Өзімен бірге жүрген арбакеш алты жігітті жүрек жалғап жатқан жерлерінде ұшырастырды. Бұның ашулы жүзін, қолындағы кір-қожалақ бесігін көрген олар абдырап қалды. Іштеріндегі қатты қалжыңдасатын Қашқынбай ғана тіл қатты.

– Ау, құрдас, жайшылық па? Не боп қалды?

– Мен бүгін бұл фәниден бақиға беймәлім аттансын демесеңдер, қалған үшеуің бүгін алты адамның жұмысын істейсіңдер. Жылдам тездетіп шешіңдер.

– Ойпырмай, Кенжеке, не боп қалды?

– Не болғанын кейін айтам. Жетісіп тұрған жағдай жоқ. Мен қазір мықтыбай күзетшіден қарыз алып, керекті нәрселерімді алып келгенше бір шешімге келерсіңдер, — деп Кенжеқан жүгіре басып қоймаға қарай кетті.

Сұраған қарызы табылып, кешке үйге қажетті тағамдарды сықап алып қайта келсе, үш әріптесі дайын тұр екен. Қалғандарына «кешкі сағат сегізде әйелдеріңмен біздің үйге шілдеханаға келесіңдер», — деген Кенжеқан үш әріптесімен базардан шықты. Болған жайды қысқаша баяндап, бесікті қасындағы қолынан іс келетін Қашқынбайға үйге бара жөндейтінін ескертті. Өзі базар басшысынан шағын жүк машинасын сұрап алып, асығыс үйіне жетті. Бұларға кезіккен Тыныс сұрланған қалпы «Қурап қалған қу ағашыңды тағы әкелдің бе? Бейшара, сорлы, қу кедей! Анау ұлың әңгіртаяқ ойнатып, кербез келініңді әкелуге кетті. Бұл мола енді соның мұражайына арналар», — деп келе жатқан. Кенжеқан гүр етті:

– Осы үйде не затың бар, бір сабақ жібіңе дейін түгендеп ал. Мына машинаға қазір артамыз. Бұдан кейін бұл үйдің қарасын көруші болма. Өмірде қатынсыз өтсем де енді осы сияқты ата-бабаның рухы бұйырмаған бәлені жолата көрмесін.

– Ойдөйт деген. Жетісерсің, сүмірейген сүмелек! Кетем, артыңдар дүние-мүлікті. Үйіңді үй қылған мен шығармын. Кенжеқан машинаны есікке қарай жақындатқызып, екі жігіт жүк тиеуге кірісіп кетті. Анау айтқандай емес, шамалы ғана жүк болып шықты. Тек жазғы жайдағы Ұланның жасап жатқан қанатты темір атты салыңдар деп Тыныстың қиғылықты салғаны болмаса. Кенжеқан: «Керек болса, өзің көтеріп салып ал. Ол сенің дүниең емес еді ғой», – десе де, олай жұлқылап, бұлай жұлқылап көтере алмасын білген соң, «Бастарыңа қойыңдар, бейшаралар» деп, машинаға мінген. Бұл темір атты арнайы тапсырма бойынша Ұлан әжептәуір қаражатқа келісіп жасап жатқан. Тыныс оны жақсы біледі. Әкете алмағанына әбден күйзелді. Кенжеқан мен Еркін екеуі содан Тынысты өзінің бір бөлмелі үйіне кіргізіп, қыздарын алып қайтқан. Бұлар келгенде Ұлан мен Гүлшат та нәрестелерін алып жеткен екен. Қалай жеткені белгісіз, қастарында Айман мен күйеу баласы Табыл да жүр. Бәрі де көңілді. Дастархан жайнап тұр. Қашқынбай ескі бесікті бұрынғы қалпынан да арттырып жіберіпті. Думан басталып жүре берді. Арбакеш достар да шетінен өнерлі екен. Кенжеқан да керемет көңілденген. Сүйікті бәйбішесі Балзия екеуі автомобиль апатына түсіп, бұл тірі қалып, ол болса жарық дүниемен қоштасқалы көңілінің көтерілгені осы шығар. Немересі бүгін бесікке де бөленбес, бірақ, бұның үрім-бұтағы жатқан бесікке ол да жатады енді. Отырыс соңын ала достарына алғысын жаудырып, Кенжеқан ақ тілегін айтып тұрып құлап түскен. Бәрі де үрейлене қалды. Жедел жәрдем машинасы да жетті. Кенжеқанды көтеріп салғанда ол күліп бара жатты. Бәрі де мұны жақсылыққа жорыды. Ұлан мен Айман әкесімен ауруханаға бірге барған. Алғашқы жәрдемнен кейін қауіп сейілгендей болды. Бар айтқаны:

– Мен барғанда Айсұлтан бесікке бөленер, – деген. Бұдан әрі дәрігерлер демалуды ескертті. Атақты профессор «айтарлықтай қауіпті емес» деді. Балалар үйге қайтты. Олар көңілді еді.

Иә, олардың да аяулы аналарының кенеттен күйзеліп кеткен азасынан кейінгі көңілді сәттері осы еді.

Берік РАҚЫМОВ,
Фольклорист-ғалым, профессор