«TULGA болам десеңіз»

«TULGA болам десеңіз»

Өміріңді өзгерту үшін 1 кітап жеткілікті, бірақ сол бір кітапты табу үшін 1 000 кітап оқуың керек.

Қазір қоғамда өзін іздеген адам көп. Мен де солардың бірімін. Айналамызға мән беріп, құлақ түрсек: «Таң атады, кеш батады. Ал мен ешнәрсеге үлгере алмай жүрмін», «Өмір қызықсыз болып кетті, күнде қайталанатыны бір нәрсе», «Істеп жүрген ісім өзіме ұнамайды», «Маған бір нәрсе жетіспейді» деген секілді сөздерді жиі естиміз. Сонда адамдардың іздеп жүргені «өзі» емес пе? Иә, адам әркез өзін, өзінің өмірдегі орнын іздейді. Адамның руханияты ұлылыққа, тылсымға ұмтылады. Қоғамның осы ізденісін өтеу үшін қазір Қазақстанда «Өзін-өзі тану», яғни психология дендеп еніп келеді. Егер қоғамның талабын өтей алса, бұл сала бізге бек жақсы болмақ. Осы орайда, бәріміз көріп жүргендей, психологиялық, мотивациялық, бизнес, тұлғалық қалыптасу секілді бағыттарда көптеп кітаптар жазылуда.

Мұхтар Әуезов «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады» деген екен. Қазақта интеллигент көп болсын деген ниетпен жазылған Мұхитдин Исаұлының «ТULGA болам десеңіз» кітабымен танысып көрейік. Бұл кітап философия ғылымдарының докторы, тәлімгер Мұхитдин Исаұлының бірнеше жылдық еңбегінің жемісі екен. Кітапта тұлға бейнесі толық әрі жан-жақты ашылып жазылған. Автор Абайдың «кемел адам» идеясы мен батыс ғалымдарының тұлға төңірегіндегі зерттеулерін саралай келіп, ұлттық танымдағы тұлғалыққа жетудің негізгі қағидаларын ұсынады. Кітаптың әуелгі бөлімдерінде адамның өзіне деген сенімі мен сол сенімді қалыптастырудағы ақылдың рөлі жайлы айтылып, одан кейінгі бөлімдерде шешен сөйлеу, ел алдында өзін ұстай білу, халықпен етене араласу және өмірлік жар таңдау, шаңырақ құрған шақта тап болатын кедергілерді шешу жолдары секілді маңызды мәселелер қамтылған. Өзін-өзі қалыптастырғысы келген жандарға қажет-ақ білім. Бір кітапты бір мақалаға сиғыза алмасым анық. Жалпы айтарым: «Тұлға болам десеңіз», кітаппен дос болыңыз. Тақырыпты осылай алуымның себебі де осы болатын.

Адам өз ойының тұтқыны. Тұтқынға түспеңіз, дамыңыз!

Сәулехан ӘЛІМХАН,
филология факультетінің 3 курс студенті