Оқыдым, ой түйдім, ойландым

Оқыдым, ой түйдім, ойландым

Көп ойландым. Көп ойландым да алғашында «Махаббат жыры», кейін «Махаббат, қызық мол жылдар» атымен белгілі Әзілхан Нұршайықов атамыздың осы бір кітабына пікір қалдыруды жөн көрдім. Әр жеке тұлғаның өз ойы, өз пікірі бары сөзсіз. Менің осы бір пікірім, бәлкім, біреуге ой салар. Егер ой салмаса, хәкім Абай айтқандай, «өз сөзім өзімдікі».

Жасымнан аты құлағыма қанық осы кітапты оқып бастауға алғашында жүрегім дауаламаса, кейін уақыт тапшылығынан ба, әлде жалқаулық па, әйтеуір, не керек, көпке дейін бастай алмай-ақ қойдым. Аты жаман ауру қолымызды да, көңілімізді де босатты ғой…

Жақында осы кітапты қолыма алдым. Бірер күн ішінде оқып шықтым. Ал енді алған әсерім мен ойымды бөлісейін. Керек қылсаңыздар, оқырсыздар.

Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Осы роман арқылы соғысқа да, сол кездегі тұрмысы нашар қазақ ауылына да, аяққа енді тұрған, сол кездегі астанамыз Алматыға да барып қайтқандай болдым. Ыстығы мен суығын, қайғы мен қуанышын да сезіндім. Шығарманың нүктесі қойылған сәт өте аянышты еді… Санасы бар кез келген жанға ой салары хақ. Кейіпкерлердің қай-қайсысы болмасын осы қоғамда кездеседі. Толық Ерболдай, иә болмаса, толық Меңтайдай кейіпкерлер кездеспес. Кездессе де өте аз…

Енді сол кейіпкерлердің болмысын өзімше талдап көрейін. Басты кейіпкер Ерболдың бойындағы адамгершілігіне, даралығына ерекше сүйсіне, таңдана оқыдым. Ішімнен «қазақ деген осындай еді ғой» деп қоямын. Әр қазақ жігітінде осындай қасиеттер бар. Өзімізге тиесілі осы бір төл қасиеттерімізді тұншықтырып тастаған сыңайлымыз. Арамдықтан ада, әйел затының қадір-қасиетін түсінетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін сабырлы, салмақты, адал, көңілі — жаңа жауған ақ ұлпа қардай кіршіксіз таза «Ертай» бейнесі бар қазақтың баласына үлгі. Ал, мен соған қарап ойландым… Ұялдым…

Меңтай ше?.. Нағыз қазақтың қызы. Ербол бойындағы бар жақсы қасиет бұл кейіпкердің бойынан да табылады. Ер сыйлай білетін, ұяты берік, өзін орынды ұстай білетін ерекше жаратылыс иесі. Бұл кейіпкерді тани отырып ерекше күйге бөлендім. Осындай жар кездессе екен. Кім армандамасын? Адал, салиқалы, ақылды, көрікті, жаныңның серігі болар жанды кім қаламасын? Меңтай сияқты алданып, опық жеп қалған қыздар әр қоғамда да кездеседі. Тіпті, қазір де…

Бүркітбай мен Тұмажан нағыз жауыз, жағымсыз кейіпкерлер. Адам емес, хайуан ба дерсің. Сайқал, ашкөз, зұлым адамдар бұл қоғамда да бар. Бар деймін ау, өте көп. Құдай өзі жазасын берер ондайлардың.

Зайкүл мен Қанипа сынды қыздар да бар. Ұшқалақ, шыпжықай, жеңілтектеу. Дегенмен, бірден кесіп жаман қыз екен деу қисынсыз.

Майра. Майра секілді салмақты, ақылды, жөн білетін қыздар да жоқ емес, баршылық. Қара көз қарындастарымыздың Майра сынды кейіпкерлердің бойынан аларлық қасиеті өте көп. Соның ең ұлысы — бауырмалдық, кеңдік. Жетімін жылатпаған дарқан, жүрегі Сарыарқаның сары даласындай кең қазақтың бойынан табылуы керек қасиеттер.

Автордың шеберлігіне тәнтімін. Оқырманды еріксіз баурап алады. Құдды сол оқиғалардың ішінде жүргендей ерекше күй кешесің. Еш бояуы жоқ, қазақтың бет-бейнесін, тұрмысын ашық көрсеткен. Сын айта алмаймын. Оған білімім де, сауатым да жетпейді. Осы роман арқылы менің кітапқа деген махаббатым, құмарлығым оянғандай болды…

Бектас ЖҰМАН,
ҚарМУ студенті