Мен оқыған бір кітап

Мен оқыған бір кітап

Абай атамыздың «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деген сөзімен ерінбей бірталай кітапты оқып, білімнің патшасын табуға болады. Кітап оқу арқылы біз ұлы игіліктерге көз жеткіземіз. Болған оқиғаны көзбен көрмесек те, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен, жазбаша түрде қалған естелік арқылы ой жүгірте аламыз. Бейтаныс ғаламның құлпын ашуға да мүмкіндік бар. Кітаппен дос болу арқылы ой-өрісімізді кеңейтіп, сөз мәдениетін жоғарылатып, рухани жан-дүниемізді байытамыз.

Сіздермен өзім оқыған бір кітабым жайлы ой бөліспекпін. Бәлкім, менің оқығаным басқаға жаңалық та емес болар. Дегенмен… Сайын Мұратбеков ағамыздың «Жусан иісі» атты повесінен үзінді оқып, ерекше әсерде қалдым. Повесттің бас кейіпкері — тағдыр соққысына қалған жетім бала Аян. Тағдырдың салған сынына берілмей, алға ұмтылатын Аянның бойынан нағыз ер азаматқа сай өжеттілікті байқауға болады. Ешкіммен сөзге келмей, төбелеспей, мейірімді болып өскен. Тобығын шығарып алып, сол аяғын сүйретіп жүретін ақсақ қара бала. Балаларды таңқалдырып, ойынан ертегі шығаратыны да бар.

Сүйеніші бола білген әжесінен айырылған ол майдан даласына аттанған ағасының келуінен үміт күтеді. Ағасын сағынып хат та жазады. Осы орайда айта кететіні, ауыл балаларына хат жазуды да осы зерек бала үйреткен. Сұм ажал жалғызсырап жүрген баланың ағасын да алып кетеді. Жанына медеу жусан иісі сіңіп қалған ағасының пальтосы еді.

Ей, өмір… Балалық шағында аяғын сындырып, асыр салып ойнай да алмайтын. Бірақ ертегіні керемет айтатын. Әр ертегісінің басын көбіне «Ертеде бір жетім бала болыпты…» деп бастайтын…

Әрі қарай жаза берсем көзімнен жас моншақтайын деп тұр… Ауылыма барғанда жусан иісін сезсем, көз алдыма бірден ақкөңіл Аян елестейді.

Артық сөзсіз Сайын ағамыздың «Жусан иісі» деп аталатын осы бір повесін оқуға кеңес беремін. Өмірге деген ой да, көзқарас та өзгеріп сала береді.

Жанетта ТОКЕНОВА,
Қарағанды университетінің студенті