«Бір кітап — бір әлем»

«Бір кітап — бір әлем»

Жыл ағымындағы 14 ақпан «Халықаралық кітап сыйлау күні». Бұрындары осы күнді «Әулие Валентин» деуші еді. Қазір ол күн ұмыт болып, асыл қазына — кітапқа көңіл бөлінді. Бүгінгі «дайын асқа тік қасық» дейтін технология заманында, ғаламтор арбаған дәуірде рухани азықтың ең алғашқы қарлығашы — кітаптың құны түсіп, оқылмайтын сәтте, әрине, аталмыш күннің қоғамдық маңызы өте зор болса керек.

Біздің жас кезімізде «Кітап — білім бұлағы», «Жақсы кітап — жан азығы» дейтін сөздерді жиі естіп, көруші едік. Қоғамда кітап культі болатын. Бір-бірімізге кітап сыйлап, оқыған кітаптарымызды көпшілікпен талқыға түсіруге құштар болатынбыз. Осы бір үзілуге айналған үрдісті қайта жаңғыртып, ортамызға оралтуға талпынған Қарағанды қаласындағы Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Ұлағат» шығармашыл жастар клубы кереметтей кеш өткізді. Рухани іс-шараға арнайы шақыртумен бір-бір кітабымызды ала бардық. Өйткені «келген оқырмандар бір-бірімен кітап алмастырады» делінді. Хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында өткен қызықты кітап акциясы «Бір кітап — бір әлем» деген тақырыпта біршама зиялы қауымның басын қосты. Басты мақсат — елдің кітапқа деген қызығушылығын арттыру. Ортаға түскен ойлар мен пікірлердің, ұсыныстардың түйінінде кітапты құрметтеу, оған деген жанашырлық жатты. Аға буын мен кейінгі толқынның арасында кітап арқылы алтын көпір орнатылды.

Лебіз білдірген оқырмандар ішінен Жандос Қожахметұлы Смағұлов ағамыздың: «Осы уақытқа дейін 24 кітап жазып, жарыққа шығарыппын. Менің туған жерім — алтын бесік Ақтоғай. Осынау қасиетті де киелі мекенге арналған «Ақтоғай — аңыз дала, абыз дала» дейтін еңбегім туған жерге деген перзенттік парызым еді» дегені шын мәнінде жиылған қауымға ой салар ғибратты сөз. Жансая Жарылғапов, Руслан Нұрбай, Айтбай Жұмағұловтар айтқан салиқалы ой-пікірлер де көпшілікке, әсіресе, жастарға, студенттер мен мектеп оқушыларына үлгі-өнеге болары анық.

Кеш барысында «кітапты не үшін оқимыз, қалай оқимыз, қалай таңдау керек?» дейтін сауалдар таразыға тартылып, жүйелі жауаптар айтылды. Бейнежазбалар көрсетілді. Ән әуелеп, рухани жаңғырған әдемі іс-шараның соңғы бөлімінде жиылған жұрт әкелген кітаптарын бір-бірімен алмастырды. Қызық әрі қуанышты көрініс. Абыз жасқа келген ақсақал мен гүл майысқан қыз. Ғылым докторы, профессор мен мектептің төменгі сынып оқушысы. Ұстаз бен шәкірт. Ақын мен журналист, әнші мен күйші, өнер иелері. Қысқасы, санасында саңылауы бар адамдар жиналды бұл жерге.

Кітапқа арналған кештің соңында ақын Қайрат Асқар: «Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай өткізіліп жатқан «Бір кітап — бір әлем» атты іс-шарамыз кітапсүйер қауымға деген бастамамыз. Мұны дәстүрге айналдыру ойымызда бар. Келесі айда осы алмасқан кітаптар жөнінде ойталқы өткіземіз. Кітапты қаншалықты оқығанымыз, оны түсінгеніміз төңірегінде ой өрбітеміз. Осы жиылған қауымды тағы да осы жерге шақырамыз. Барлықтарыңызға зор алғыс! Оқитын кітаптарыңыз көп болсын!» деп сөзін түйіндеді.

Иә, кітапқа деген құрмет, жанашырлық — әрбір адамның адамдық қасиетін, азаматтық көзқарасын анықтары сөзсіз. Елбасы Н. Ә. Назарбаев бір сөзінде: «ХХІ ғасыр — мәдениеттің, ғылым мен білімнің ғасыры. Бар білімнің қайнар көзі — кітапта» депті. Құлақ асатын ғибрат. Ендеше рухани бағалы байлығымыз, асыл қазынамыз — кітаптар әлеміне жиі саяхат жасайық. Оқиық, түсінейік. Рухани жаңғыру дегеніміз — осы.

Сөз соңында оқырман қауымға айтарым: Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың «Жастар әлемі» газетінде «Бір кітап» дейтін айдар ашылыпты. Кітап туралы өзекті мәселелер, қызықты жайттар, зерделі зерттеулер, ұсыныс-пікірлер сізді қызықтыратын болса, сол ойлы мекенде кездесейік. Бізбен бірге сіздер де атсалыссаңыздар, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлімжан ЖАҚАН,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы