Бала асыраудағы басты мақсат не?

Бала асыраудағы басты мақсат не?

Адам баласы үшін қандай мәселе өзекті, не нәрсеге назар аударуымыз керек және ол мәселенің шешімі қандай? Осы сұрақтардың барлығына жауапты Абай атамыздан табамыз. 23 қара сөзінде (Мүрсейіт қолжазбасы бойынша) әулие-хакім «Хош, Құдай Тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің» деп санада сілкініс тудыратын мәселе қозғайды. Расында біз бала асырай білеміз бе?

(Абай даналығы негізінде)

Назар аударатын бір жайт, Абай атамыздың өлеңдерінде де, қара сөздерінде де «тәрбие, тәрбиелеу» деген сөздер мүлде кездеспейді. Әулие-хакім оны «асырау, бағу» деп берген. Ең алдымен, тәрбие дегеннің не екенін қарапайым ғана түсініп алуымыз керек-ақ.

Тәрбие деген бірінші кезекте – біздің өзіміз. Қазақта «Ұл әкеге, қыз анаға қарап өседі» деген мақал бар. Бірақ бала [ұл, қыз] әке-шешеге бірдей қарап өседі. Әке мен ананың тәрбиесі екі түрлі болмағаны абзал. Бір мәселеге қатысты әке бөлек, шеше басқаша көзқарас қалыптастырып, екі жақты тәрбие бермеуі тиіс.

Екінші мәселе. Байқағаным, бала [ұл, қыз] әке-шешеге ғана емес, барлық отбасы мүшелеріне және айналасына қарап өседі. Сонда ұл да, қыз да отбасыға қарап өседі деп нық сеніммен айтуға болады. Яғни әке мен шеше және отбасындағы басқа үлкендер дастархан басында немесе басқа кезде бала тәрбиесін талқылап, бағыт-бағдарды, олқылықтарды, жетістіктерді айқындап, ортаға салып отыру қажет. Бұл өміршең, тиімді тәсіл.

Үшінші кезекте – балаға айтатын сөздеріміз. Сөзде энергия бар. Тек сөзіміз ғана емес, әрбір көз қарасымыз [көзқарас емес], қабағымыз, үн шығаруымыз, дене мүшелеріміздің қимыл-қозғалысы балаға (1) көзі [көреді], (2) құлағы [естиді], (3) сипап сезуі [сезеді, сезінеді, тиеді, жұғысады, жанасады] арқылы электр сигналдарын [ақпарат] тасымалдап, оның ішкі әлеміне [миына, санасына, жүрегіне] жеткізеді. Миына түскен әр сигнал баланың ішкі әлемінде ұғым, түсінік, эмоция, сезім, сана болып қалыптасады. Дамылсыз, үздіксіз қалыптасып жатқан бұл құбылыс біздің беріп жатқан тәрбиеміздің нәтижесі, көрінісі.

Рас, бала – өміріміздің мәні. Абай атамыз да «Бала – қызық, бала – бал», «Өмірдің бір қызығы – бала деген» дейді. Маңыздысы, «бала» және «өмірдің мәні» деген екі ұғымды [түсініктерді] үйлестіре білуіміз керек.

Өмірдің мәні 3 түрлі сатымен келеді. Біріншісі, махаббат [сүю]. «Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, Адамзаттың бәрін сүю «бауырым» деп, Және хақ жолы осы деп әділетті» деп, әрі қарай «Үш сүюді» тарқатады. Екіншісі, ұғым. Бұл түсінік [notion, понятие] деген сөз емес. Ұғым – ұғыну, сезіну, түйсіну [awareness,

осознанность]. Абай атамыз «Тасдиқ» кітабында «Талап пен ұғым махаббаттан шығады» дейді. Үшіншісі, жауапкершілік алу.

Абай атамыз [жоғарыда келтірген] 23 қара сөзінде қазақ қоғамындағы балалы болудың 3 түрлі мақсатын айтады:

1) «Өлсем орнымды бассын», яғни ұрпақ жалғастығы;

2) «Артымнан құран оқысын», яғни бала о дүниеде қиналмауға, сауап алып тұруға себепші;

3) «Қартайған күнімде асырасын», яғни бала – асыраушы.

Әулие-хакім бұл мақсаттардың бәрін қатаң сынға алады да, «Осыдан басқасы бар ма?» деп тағы да сұрақ қояды және шешімін де өзі айтады.

Абайдың пайымдауы бойынша, бала тәрбиелеудегі басты мақсат – баланы адам қылу, ғылым көксерлік етіп өсіру [Адам болам десеңіз, Тілеуің, өмірің алдыңда]. Мұның қандай жолдары бар, тізбелеп көрейік:

  1. • Ғылымның [білім, оқу] пайдасын ескеру, тексеру;
  2. • Кітапқұмар қылу [ерінбей оқу];
  3. • Шариғатқа жетіктік [иман, намаз, ораза, әдеп, көркем мінез];
  4. • Атаққұмар болмау [қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім];
  5. • Істің ақ пен қарасын айыра білу, ынсапты болу [гаджеттердің, интернеттің пайда-зияны];
  6. • Білгенін көпсінбеу, міндетсінбеу;
  7. • Талапшыл, мақсатшыл, табанды болу [жанбай жатып сөнбеу];
  8. • Кореннойға кіру [ерек болу, кәсіби болу].
  9. Сөзім дәлелді болу үшін әулие-хакімнен азғана цитата келтірейін:
  10. • «Хош, сүйтіп жүріп-ақ мал таптың, байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң, балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ.»;
  11. • «Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!»;
  12. • «… көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады»;
  13. • «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ.»

Ақыл айту оңай. «Үйту керек, бүйту керек» деп ақылды болып көріну жеңіл. Ал (1) махаббатыңды жарқырату, (2) ұғымға жету және (3) жауапкершілік алу – қиын іс. Осы мақсатта «3 жастағы баланы тәрбиелеу» деген кітап жаздым. Шәкәрім атамыз «Насихат» атты өлеңін «Балаңа ғылым үйрет жас күнінде» деп бастайды. Балаға ғылым үйрететін жас күні қазіргі ғылым бойынша, 3 жастан басталады екен. Алайда ғылымға баулу ешқашан кеш болмайды. Бала тәрбиесіне қатысты айтар әңгіме көп. Оны бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес.

Қорыта айтқанда, бала асыраудағы басты мақсат – «Адам деген даңққа» лайықты қылу, «Адамдық атын жоймау»!

Ернат МЕЛСҰЛЫ,
«3 жастағы баланы тәрбиелеу» кітабының авторы,
Қарағанды университетінің түлегі