Көне жазу көктем боп оралғанда…

Көне жазу көктем боп оралғанда…

Серік Ақсұңқардың «Көкейімде – 
Күлтегіннің Жазуы» атты жыр
кітабын оқығаннан кейінгі ой

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы – биыл 70 жасқа толды.

Табиғатынан түркілік қаны тулаған осы шайырдың 2018 жылы Алматыдағы «Атамұра» баспасынан «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» деп аталатын жаңа жыр кітабы жарық көріп еді. Көлемі 358 бетті қамтитын 19 баспа табақтай жыр жинағы ақынның соңғы кезеңдердегі шығармашылық жемісі. Кітап екі бөлімнен құралған. Біріншісі – «Кириллица – ет жақыным, жатым да…» делінсе, екіншісі – «Сайтанның сайран салуы» поэмасымен түйінделеді.

Кітап атауы – «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы». Ойшылдардың айтуына қарағанда, «Сөз», «Жазу» дейтін ұғымдар адамзаттан бұрын пайда болған. Қолмен жазған әрбір сөздің өзі – шариғатта айтылатын «маңдайға жазылған», «пешенеге бұйырған» жазулармен төркіндес, туыстас тығыз байланыста болуы әбден мүмкін. Ауызша айтқан сөзің де солай. Қазақ халқының алғысқа қуанып, қарғыстан қорқатынында да көп мән-мағына жатыр. Сөздің өзінің екі түрі бар. Ауызша һәм жазбаша. Қазақта ХІХ ғасырға дейінгі мол дүние ауызша тарап, «айтылған сөз – атылған оқтың» кебін киді. Қайта далалықтардың жадының мықтылығынан, сөздің құдіретін түсініп, сыйлағандығынан, фольклоршыларымыздың жанкешті еңбегінің арқасында ұлттық руханияттың уызы жоғалмады.

Бір қуанарлығы, көне ғасырдың өзінде Күлтегін батыр өз жорықтарын, сол кездегі дәуір суретін тасқа қашатып жазғызды, қалдырды. «Күндіз күлмедім, түнде ұйықтамадым. Аз халықты көп қылуға харекет еттім. Бәрі түркінің қамы үшін…» деп келетін өлең жолдары – біздің ұранымыз, ұлы арманымыз. Осыған бару, осыны жазу – Ақсұңқарұлының ақындық кредосы.

Аталмыш жинақ – қысқасы һәм поэмасы бар 200-ге тарта өлеңнен құралыпты.

Оқып көрелік:

Сыймайтұғын ешқандай бір өлшемге,
Жусанмын – Мен!
Көнбесең де, көнсең де —
Сары Арқада өсемін мен найқалып,
Басқа жерде өспеймін мен –
Өлсем де!
(«Жусан»).

Жусан өсімдігі – далалықтарға тән дара ұғым. Туған топырақ, атамекеннің бойтұмары іспетті. Басқаны айтпағанның өзінде, алыс Мысырдың бір кезде билеушісі болған қыпшақ Бейбарыстың қартайған шағында даланың бір тал жусанын аңсап, сағынғаны да – осынау ойымызға дәлел бола алады. Ал, ақын өзін жусанға теңеп, шағын шумақпен шалқар ойдың өзегін ұсынады. Сарыарқаның сәні болып, символына айналған жусан-құдірет кейінгі кезде медицинада да жақсы жетістіктерге жетіп, ғаламдық деңгейге шықты. Адамзат денсаулығына арналған мықты дәрілерге мұрындық болуда. Ендеше, «Мен – жусанмын! Сыймайтұғын ешқандай бір өлшемге…» дейтін ақын даусынан мынау ұлан-ғайыр даламыздың қадір-қасиетін, болмыс-бітімін көргендей боламыз.

Ақсұңқарұлының ақындық автопортретін мына өлеңнен де анық аңғаруға болады:

Абдырап бір кез қалдым ба,
Аузыма ұстап Алладан түскен ой легін?
Алдияр біткеннің алдында
Айдаһардай айбарланып сөйледім!
Жаһанның етегін жұлқына түріп,
Көкжиекте көшем кеп.
Қара аспанның қара бұлтына кіріп,
Сауладым қара нөсер боп!
Арқадан Аспанға жүгіріп,
Қанатты бұлтқа сүйгіздім.
Хафиздің жұпарын сіміріп,
Пушкинді тарыдай қауызыма сыйғыздым!
(«Арғымақ – Пегас»).

Қыранның биікке қанат қағуы, тұлпардың ұланғайыр далада бес жүз құлаш жазылуы бар бұл өлеңнің өн бойында. Өршіл рух өлеңді қыз-қыз қайнатып, от-жалынды лапылдатып, өрттей шарпиды. Жігерді қайрап, жүрекке күш-қуат береді. Ұрпаққа патриоттық тәрбие, туған жерін және елін сүйетін отансүйгіштік қасиет осындай шымыр шығармалардан дариды.

Кітаптағы өлеңдердің тақырыбы әр алуан. Ара-арасында махаббатқа да орын берілген. Лиризм тұнған сол шоғырдың ішінде мына бір шумақ кім-кімді болса да бей-жай қалдырмасы анық.

… Шарбақтың алды.
Қоңыр күз еді.
Ай – жарық.
Ерінге ерін тиді де, қалдық байланып.
Дүние кетті геометриядағы ғажайып,
180 градусқа айналып!

Осындай ғажап образдар «Күнекей қыз», «Қара бұрым», «Гүлбаһардың әні», «Ерінің от екен ғой?!», «Муза қыз», «Екі ару» секілді өлеңдерінен де орын алған.

Ақын «Сайран менің он сегізім…» дейтін өлеңінде:

Қазыбек би жоқ, Әйтеке би де, Төле де,
Алдына барып бақ сынар.
Тоталитаризм – төбеде,
Төрімде кілең – қабағын түйген хатшылар…

— деп Кеңестер Одағында өткен көмескі күндерге налиды. Албырт шағында басынан сипап, бата берер «большевиктер қоғамынан» ешкімді таба алмағанына өкінеді.

Тағы біршама өлеңдерінде Ақсұңқарұлы бүгінгі қоғамның кемшіліктерін де найзаның ұшына іледі.

Үзінділер келтірелік:

… Көлдер кепкен қоғалы,
Ерлер кеткен…
Кімге соның обалы?
Баянсыз-ақ базар боп тұр найқалып,
Қодарлар мен Жантықтардың қоғамы…
(«45 градус аяз»).
Нарықтың ілініп қырына,
Басымды тауға ұрдым, тасқа ұрдым.
Банкті – баукеспе ұрыға,
Халықты — Құдайға тапсырдым.
(«Нарық заманы»).
…Қалай Тәңірі осынша ұлы ұлысқа,
Ұлттық сезім сыйлауды кетті ұмытып?
(«Қазақстан»).
Қайда әлгі Ұлттық Табыс?!
Не деп барам?
Бір кило Ұлттық Ұят!
Бір кило Ұлттық Намыс –
Керек маған!!!
Сайтан қайда жүрсе-дағы үкілі,
Жүреді елге соның ғана үкімі.
Қара басып қайдан бізде қалды екен,
Һауа жеген сол алманың тұқымы?!

Шындықпен шырылдаған шерлі шумақтар. Мұңға батқан мұздай қайырымдар. Қай қоғамда да, қай дәуірде де батыл ой мен өткір сөзді жыраулар мен ақындар айта алған. Бұқардың бұрқыраған бұлтты жырларының, Махамбеттің найзағайлы семсер өлеңдерінің бүгінгі көрінісін Ақсұңқарұлының поэзиясынан да осылай кездестіруге болады.

Ал, мына сөз де терең ойларға жетелейді:

Қазақ қана: «Адам» деген — Адамды!
Көрген жұртпыз көресінді, жоқтықты.
Көрінген ит бізге неге соқтықты?!
«Інжілдегі» «Адам» деген асқақ сөз –
Қазақтікі!
Басқа тілде жоқ, тіпті!
Дүниенің ғажабы да –
Біздікі!
Азабы да —
Біздікі…
(«Адам»).

Өткен мен бүгінді байланыстырып, қазақ қоғамының жетістіктері мен олқылықтарын ортаға сала отырып, ұлттық ерекшеліктерімізді де жарқыратып көрсетуге арналған жұмыр жинақ жұртшылыққа жетті, оқырмандар олжасына айналды. «Мұнай заманы» дейтін өлеңмен басталып, «Сайтанның сайран салуы» поэмасымен аяқталған аталмыш кітапты оқып шыққан адам көп нәрсеге көзін жеткізері сөзсіз деп ойлаймын. Әсіресе, кітаптағы «Клеопатра» поэмасы өзінің әдемілігімен, өрлігімен қызықтырса, «Сайтанның сайран салуы» поэмасы тосындығымен, жұмбақтығымен таңғалдырады. Сайтан жайлы бұл шығарманы оқудың өзі қорқынышты әрі біртүрлі екен.

Ақынның атеист кезінде жазылған дүниесі екенін автордың өзі мойындап, алғы сөзінде ақталады. «Адам» деген атты арқалаған пенденің (құлдың) бүкіл жаратылыс иесі Алла жайлы еркін де ашық сөйлеуі ақынға ғана жарасады, ақынның ғана қолынан келеді. Қалай айтсақ та, осы кітап соңындағы «Сайтанда» бір тылсым сыр, бір уыс шындық жатқаны анық.

Сөз басында Алаш ақынының жетпістің желкенін кергенін айттық. Абыз жасына аяқ басқан ағамызға мерейлі мерейтойында мықты денсаулық, отбасына амандық, бақыт, ұзақ ғұмыр тілей отырып, әлі де ұлттық руханиятқа өз үлесін қоса берсе екен дегіміз келеді.

P. S.: «Көкейімде Күлтегіннің Жазуы» жинағы ақын Серік Ақсұңқарұлының парасат-пайымы толысып, кемелденген кезінде шыққан еңбегі екен. Ойы да, бойы да салқындаған, салмақты да сабырлы шағының сарқыты. Халық берген «ақын» дейтін атақтан үлкен атақ жоқ, әрине. Дегенмен, осы кітаптағы орасан ойларды, саумал сөздерді, ерен еңбекті ескеріп, мемлекет тарапынан үлкен сыйлыққа ұсынылса екен деген оқырмандық тілегіміз және бар!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
Қарағанды университеті журналистика кафедрасының аға оқытушысы