Балалар әдебиетінің бәйтерегі

Балалар әдебиетінің бәйтерегі

«Менің атым Қожа» фильмін көрмеген қазақ жоқ шығар. Үлкеннің де, кішінің де көңілінен шыққан, Абдолла Қарсақбаев түсірген танымал фильмді қанша көрсең де жалықпайсың. Ал осы озық туындының авторы қазақ балалар әдебиетінің дарынды жазушысы Бердібек Соқпақбаев туралы не білеміз?..

Қазақ балалар әдебиетіне шоқтығы биік туындылар қалдырған қаламгер Алматы облысының Нарынқол ауданындағы Қостөбел деген кішкентай ғана ауылда дүниеге келген. Бала күнінен тағдыр тауқыметін көп тартқан жазушы өмірдің қатал сынақтарына қарамастан жан тазалығын, кіршіксіз бала көңілін сақтап қалды. Жүрек түкпіріндегі сырын қағаз бетіне түсіріп, өз балалық шағы арқылы талай баланың арманын, жан-дүниесін оқырмандарға ақтарды. Ол өзінің шығармашылық жолын ақындықтан бастады. Балалар жазушысының мөп-мөлдір бұлақтай ағып шыққан ақындық арыны оның алғашқы «Бұлақ» атты өлеңдер жинағын шығарудан басталып, артынша жазушылыққа әкелді. Бала күнінен білімге құштар болып өскен Бердібек Соқпақбаев өзінің жан-жақты дарындылығымен осылайша қазақ әдебиетіне қадам басты.

Серік Қирабаев Бердібек Соқпақбаев шығармалары туралы: «Бердібектің алғашқы жинағы «Бұлақ » деген атпен 1950 жылы басылды. Ол балаларға арналған өлеңдерден құралған еді. Бізде бұрын шын балалар әдебиеті онша дами қоймағанды. «Балаларға арналады» деген шығармалардың өзі балалар туралы үлкендердің көзімен суреттелген өмірдің бейнесі болатын. Балалар характері, бала психологиясы дегенге онша мән беріле бермейтін. Балаларға арналған өлеңдердің жаттауға ыңғайлы ойнақылығы, ырғағы, ой тапқырлығы ескерілмейтін. Алғашқы өлеңдерімен-ақ Бердібек осы олқылықтардың орнын толтыруға қызмет етті. Оның «Бұлағында» шын мағынасындағы кіші мектеп жасындағы балаларға лайық жырлар мол еді», — деп жазған. Менің ойымша, қазіргі таңда да қазақ балалар әдебиеті Бердібек Соқпақбаевтай жазушыға, «Менің атым Қожадай» жасөспірім баланың жан-дүниесіне үңіле алатын, оқырманын елітіп әкетер шығармаларға мұқтаж. Ұстаздық қызмет жолында да біраз еңбек еткен Бердібек Соқпабаев тек шебер жазушы ретінде ғана балаларға арналған туындылар жазбады. Ол балаларға сапалы дүниелер керек екенін түсінді. Сондықтан бар өнерін, қажыр-қайратын салып болашақта да балаларға рухани азық болар тамаша туындыларды дүниеге әкелді. Ол шығармаларында тек шындықты көрсетті. Өз басынан өткен оқиғаларды көркем шығармаға айналдырған жазушы шын мәнінде нағыз ұлтжанды азамат еді. КСРО-ның социалистік реализмі әдебиетке, жалпы ғылым атаулыға тізесін батырып тұрған кезеңде өмір сүрген Бердібек Соқпақбаевтай өтірікке жаны қас жазушы үшін әдебиет әлемінде орын алу оңайға соқпады. «Менің атым Қожа» повесінің тағдыры да өз авторының тағдырындай қиындықтарға толы болды. Қазақ жерінде туған повеске өз туған жерінде тұсау салынды. Әртүрлі сыни пікірлерге ұшыраған шығарманы еліміздегі көптеген баспалар басып шығарудан бас тартты. Бұл шығарма орыс тіліне аударылып, Мәскеуде жарыққа шығып, әлемнің басқа да тілдеріне аударылып, оқырмандарын тауып, танымалдылыққа ие болғаннан кейін ғана өз туған жеріне қайтып оралды. Бірнеше жылдан соң фильм болып қайта жарыққа шыққан «Менің атым Қожа» көрермендердің де ыстық ықыласына бөленіп, шетел назарын өзіне аударды. 1967 жылы балалар мен жасөспірімдер фильмінің халықаралық Канн кинофестивалінде жүлделі болды. Қастек Баянбаевтың: «Қаламгердің анық өсіп, шеберліктің белгілі бір биігіне шыққанын көрсеткен туындысы – «Менің атым Қожа» повесі. Қожа бейнесі – қазақ балалар әдебиетіне қосылған қомақты олжа. Оның еңсесі барған сайын биіктеп, Марк Твеннің Том Сойерімен, Аркадий Гайдардың Тимурымен, қазақ фольклорының Тазша баласымен таласпай-ақ, тіпті, солармен жетеғабыл жүргеннің өзі әдебиет үшін аз бедел ме?», — деген пікірі оған берілген дәл, анық теңеу дер едім.

«Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Қайдасың, Гауһар?», «Жекпе-жек», «Аяжан», «Ергежейлілер еліне саяхат» және тағы да басқа шығармалары әдебиетіміздің классикалық мұраларының қатарын толықтырып тұр. Бердібек Соқпақбаев аса көп шығарма жазбаса да оның әрбір туындысында терең мағына мен айтпақ болған астарлы ойы жатыр. Бірақ соған қарамастан кез келген жастағы адам оқи алатын шығармалар. Сондықтан балалар әдебиетінің классигі атанған жазушының шығармашылығын тереңнен зерттеп, балаларға барынша ұсынуымыз керек.

Қазақтың классик жазушысы:

«Жазып та көрдім өлең мен,
Жазып та көрдім қара сөз,
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз, —

деген өлең жолдарын қалдырған екен. Қазір арамызда болмаса да, өзі қалдырған өлмейтін туындыларының маңыздылығын жыл өткен сайын түсініп келеміз. Бердібек Соқпақбаев өзі жасаған қалың қазақ жадынан кетпейтін Қожа атты кейіпкерімен, балаларға арналған қайталанбас туындыларымен әдебиетте мәңгіге қалды. Оның шығармалары болашақта да әдебиетсүйер балалар мен жасөспірімдердің үзбей оқитын сүйікті шығармаларына айналатынына сенімім мол.

Адель МАКЕШОВА,
ҚарМУ студенті