Ақын алауы

Ақын алауы

Бүгін Алаштың ақиық ақыны Қасым Аманжоловтың туған күні. «Өмірге ендім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден…» дейтін өмір философиясын айта білген сұңғыла суреткер қайшылықты кезеңде ғұмыр кешті. Балалық шағы базарлы болмай, қасиетті Қарқаралы тауларынан қанат қаққан бала қыран Орал өлкесін бетке алып, Ақ Жайықтың жағасында аялдайды. Осы жерде «Оралым менің, Оралым…» дей отырып, жаудан туған жер мен өскен елді қорғау үшін қан майданға аттанады. Қасымның алдаспан жырлары, отты поэзиясы майдан даласында маздай жанып, мәңгі сөнбес алауға айналды. Ақынның «Дариға, сол қыз», «Абдолла», «Сұр шинель» т. б. жауынгер жырларынан соғыс суретін көзбен көргендей әсер аласыз. Ой ғаламаты, қалам қуаты, талант құдіреті осында жатыр. Ал бейбіт күндегі Қасымның «Туған жер», «Ақ сәуле» атты өлеңдері қандай ғажап. Екеуі де кейіннен әсем әнге айналған классикалық туындылар. Тоталитарлық қоғамның бұлты үйіріліп, тұманы торлап тұрған кездің өзінде:

Ей, тәкәппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!

деп дүниеге жар салған Қасымның қайсарлығы ұрпақтан ұрпаққа үлгі боларлық жайт.

ХХІ ғасырдың 21-ші жылы осынау ұлы тұлғаның, ұлт ақынының 110 жылдық мерейтойы келе жатыр. Жуырда университет ректоры Нұрлан Орынбасарұлы филология ұжымымен кездескен сәтінде бұл туралы тоқталып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. «Ұлы ақынның мерейтойына дайындықты бүгіннен бастауымыз керек. Біз өз тұлғаларымыз арқылы өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуіміз қажет. Университетте Қасым орталығын ашып, ақынның тілін, поэтикасын қайта жаңғыртып, қасымтануға өз үлесімізді қосайық. Соған сіздерді шақырамын», — деп үлкен ойдың тиегін ағытқаны бәрімізді қатты қуантты. Шын мәнінде ақын Қасым бір кезеңнің, аздаған жылдардың, тіпті бір ғасырдың ғана өкілі емес, ол – мыңжылдықтардың үлесіндегі хәкім Абайдан кейінгі алып белестердің бірі. Оның асыл мұралары қазаққа ғана емес, күллі адамзатқа қажет. Оның шырайлы шығармалары мәңгі маздайтын шырақ. Мәңгілік Алау! Біз оған үнемі гүл шоғырын қойып, құрметтеп-қастерлеуіміз керек.

Туған күнінде ақынның асқақ жырларын оқып, рухына тағзым етейік, құрметті қауым!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы