Велосипед туралы не білеміз?

Велосипед туралы не білеміз?

Біреу білер, біреу білмес, бүгін дүниежүзілік велосипед күні. 2018 жылдың 12 мамырында Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы осы атаулы күнді БҰҰ-ның халықаралық күндер тізіміне қосты. Бастапқы идея велосипед тебуді насихаттау арқылы адамдарды салауатты өмір салтын ұстануға үндеуден және әлемнің экологиясын жақсартуға ықпал етуден туындаған.

Шыны керек, бүгінде адамзат көліктің көк түтінін жұтып өмір сүруде, әсіресе қала халқы. Автокөлік айдау біреу үшін қажеттілік болса, базбіреулер үшін дәреже, мақтанға айналып кетті. Ал дамыған Жапония, Қытай және Еуропа елдері көбіне көше арасында төрт дөңгелекті темір тұлпардан гөрі екі, не үш аяқты велосипедті тізгіндегенді жөн көреді, әсіресе, танымал тұлғалар көліктің осы түрін таңдайды екен. Атақты ойшыл, салыстырмалылық теориясының негізін қалаушы Альберт Эйнштейн өзінің бір сөзінде: «Өмір велосипед сияқты: тепе-теңдікті сақтау үшін әрдайым қозғалыста болу керек» депті. Тағы бір қызық мәлімет, Нидерланды мен Данияда велосипедтің саны халықтың санынан да көп болып шықты.

Ақ халатты абзал жандар, велошабандоздар мен психологтар велосипед тебуге кеңес береді. Олардың айтуынша, велосипед тебу бұлшық етті жаттықтырады, ағзаның төзімділігін арттырады, тынысты кеңейтіп, өкпені ашады, көңіл-күйдің көтерілуіне сеп болады, күйзелістен арылтып, күні бойы сергек жүруге ықпал етеді, жүрек-тамыр жүйесін жақсартып, артық салмақ тастауға көмектеседі. Велосипед тепкенде адам алысқа қарайды, бұл көз бұлшықеттерінің демалуына мүмкіндік туғызып, көздің көру қабілетін жақсартады. Алайда «великті» жоғары жылдамдықпен тебу жүрегі ауыратындарға аса қауіпті, ал қимыл-қозғалысында қиындықтары бар, аяқ көк тамырларының варикоздық кеңеюі бар адамдар керісінше велоспортпен үздіксіз айналысуды қолға алуы керек дейді. Мамандар сонымен қатар велосипед тепкенде педальдерді табанның алдыңғы бөлігімен басып, қол, мойын, арқаны бос ұстау қажеттігін, тамақ ішкен соң бірден велосипед тебуге болмайтындығын, ағзаға күш түсірмес үшін алғашқы кезде 20—25 минуттай теуіп, аяқ бұлшықеттерін жаттықтырып, күн сайын тек 10 минуттан қосып отыру керектігін ескертеді.

Негізі көбіне адам баласы бағалай бермейтін екі құндылық бар. Оның бірі — уақыт, екіншісі — денсаулық. Атам қазақ «Бірінші байлық – денсаулық» дегенімен, осы байлықтың қадіріне жете алмай жүрміз. Сөзімізге бір ғана дәлел, жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, деніміздің саулығын арттырып, сымдай тартылған шымыр болуымызға септігі тиетін велосипед тепкеннен гөрі, әлі де көк түтінге тұншықтыратын көлікке мінгенді қалап тұрамыз. Дей тұрғанмен, салауатты өмір салтын ұстанып, велосипед тебуді өмірлік дағдысына айналдырған жандар да арамызда жоқ емес. Олар біздің жанымызда жүр. Атап айтсақ, саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнаған Қарағанды мемлекеттік университетінің ардагер ұстазы профессор Абай Сабыржанұлы Масалимов 40 жылдан бері велосипед тебеді. Автокөлігін кейде көліктің осы түрімен алмастырып жұмысқа да барады екен. Білім ордамызда велосипедті жан серігіне айналдырған проректор, декандарымыз, оқытушыларымыз бен қызметкерлеріміз де бар. Біз ол кісілерді үлгі-өнеге етеміз.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фараби: «Адам денесінің жетілуі — оның денсаулығы; егер денің сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек», — деген. Олай болса, ыңғайы келсе, өзімізге де, қоршаған ортаға да пайдасы зор осы көлік түріне таңдауымыз көбірек түссін.

Марк Твен: «Велосипед сатып алыңдар, өкінбейсіңдер», — депті. Сіз қалай ойлайсыз?..

Гүлбала ФАЙЗҰЛЛА,
Гүлмира ҚАЙНАЗАРОВА,
ҚарМУ студенттері