Таңғы аста береке бар

Таңғы аста береке бар

Қазіргі таңда көп адамдар тынымсыз күйкі тіршілікпен алыса жүріп дұрыс тамақтануды ұмытып кетеді, оған қоса көптеген қыз-келіншектер дұрыс емес диеталардың рецептеріне жүгініп, денсаулықтарына тиетін кері әсерлерді де байқамай қалады. Әрине, әр адамның дұрыс тамақтанбауының өзіндік себептері де бар. Бірінде уақыт тапшы болса, енді бірінің күнделікті дұрысты тамақтануға қалтасы көтере бермейді.

Жалпы көпшілік жастардың, әсіресе студенттер қауымының таңғы асты ішпей сабаққа келетіні жасырын емес. Өз басым тамақтану тәртібін ең алдымен таңғы астан бастаған жөн деп есептеймін. Себебі, таңғы ас бойға күш-қуат беріп, көңіл-күйіміздің көтеріңкі болуына игі ықпал етеді. Атам қазақ «таңғы ас тәңірден», «таңғы аста береке бар», «таңғы асты тастама, кешкі асқа қарама» деп тегін айтпаса керек. Тіпті «таңғы асты тастаса, ырысы кетеді, бағы таяды» деп те ырымдайды. Алайда ағзамыз толық ұйқыдан оянбай жатып оған зиян келтіретін тағамдардан бас тартуымыз керек. Мәселен, біз ұйқымыз тез ашылуы үшін шайдың орнына кофе ішкенді құп көреміз. Әрине кофе энергетикалық сусын секілді күш беріп, сергітеді, әйткенмен оның ағзаға тигізетін зияны өте көп. Өңеште қыжыл пайда болудың негізгі себепкері де осы сусын. Екінші кезекте тұзы көп тағамдарды таңғы ас мәзіріне қоспаған дұрыс. Тек таңғы аста ғана емес, күні бойы тағамның тым ащы болмауын қадағалағанымыз дұрыс. Себебі ащы тағамдар бүйрекке өте зиян. Жемістерге тоқталсақ, таңертен шие немесе апельсин шырынын ішкенді ұнатамыз. Иә, тигізетін пайдасы бар, дегенмен аш қарынға бұл сусынның пайдасынан зияны мол. Себебі қышқылдығы жоғары сусындар гастритке әкеліп соғады.

Көпшілікті «Мына тағамды жеме, бұл сусынды ішпе дейді. Сонда не ішіп-жеуіміз керек?» дегендей сұрақтар мазалауы мүмкін. «Ас — адамның арқауы» екенін ескеріп, тамақтану режимін сақтап құнарлы да табиғи өнімдерді тұтыну қажет. Мысалы, мен ең алдымен таңғы ас ішпес бұрын 1 стакан су, 40 минуттан соң таңғы ас ішемін. Көбінесе таңғы асқа қайнатылған жұмыртқа немесе суға бұқтырылған қарақұмық, түрлі жармалардан ботқа дайындаймын. Орамжапырақтан жасалған көкөніс салаты да менің күнделікті ас мәзіріме кірді. Сіздермен осы кеңесіммен бөліскім келді. Әр уақытта дұрыс тамақтануыңызды қадағалаңыз, зиянды тағамдардан дәл қазір бас тартыңыз. Деніміздің сау болуы өз қолымызда!

Жанар РЫСКУЛБЕК,
Қарағанды университетінің студенті