«Сұлулық құрбандықты талап ететінін» ескерсек екен

«Сұлулық құрбандықты талап ететінін» ескерсек екен

21 ғасырда шашын боямаған әйел заты жоқтың қасы десе де болады. Тіпті өз шашының түсіне көңілі толмаған жас қыздар да шаш бояуды ғадет қылып кетті.

«Шаш бояудың денсаулыққа зияны бар ма?» деген сұраққа стилистер мен шаштараздар заманауи бояулар ешқандай қауіп төндірмейді деп сендіреді. Себебі, олардың айтуынша, қазіргі шаш бояулары денеге, бас терісіне енбейді және олардың құрамы да қауіпсіз көрінеді. Бірақ ғалымдар мен дәрігерлер шашты бояудың зиян екендігін әлдеқашан дәлелдеп берді. Лаж болса үш-төрт айда аммиаксыз бояумен бояу керек деп те кеңес берді. Алайда сұлулықтың құрбанына айналғандар жылтырата боялған шаштың әдемілігіне тамсанып, бояудың құрамындағы химиялық элементтер денсаулықтың бірден-бір жауы екенін елеп, ескеріп жатқан жоқ. Мәселен, қазір көпшілік тұтынатын «стойкая крем-краска» атымен танылған шаш бояулары тұтынушылардың көңілінен шығып жүргенімен, қуық қалбыршағы ісігі, миеломалық және хожкиндік емес лимфома ауруына себепші болады екен. Мамандар шаш бояудан бауыр көбірек зардап шегеді дейді. Ойлап қарасақ, айдың, күннің аманында шаш бояп, денсаулықтың қадірін білмей жүрміз.

Сөздің түйіні: шаш бояу, ең бірінші, шаштың түсуіне әкеліп соқтырады. Шаш бояуды әдет еткен әйел затының 60 %-дан астамы қатерлі ісік ауруларына шалдығады екен. Шаш бояуы әртүрлі аллергиялық аурудың пайда болуына себепші. Боялған шаш өз табиғи сұлулығын жоғалтады. Бояу шаштың өзіне ғана зиянын тигізіп қоймай, сонымен қатар шаш фолликулаларына да әсер етеді. Осының салдарынан жаңадан өсетін шаштар сау және қалың болмайды, керісінше шаш сиреп, өте құрғақ, сынғыш болып, табиғи пигментін жояды. Бас терісі тітіркеніп, нәтижесінде дерматит, қышу және қайызғақ пайда болады.

Әрине кез келген қыз-келіншек армандаған шаш түсіне қол жеткізгісі келеді. Көріңіз, бояңыз, эксперимент жасаңыз. Алайда шаш бояудың жанкүйері болмаңыз және ең бастысы, өзіңіз күткен нәтижеге қол жеткізгіңіз келсе, арнайы мамандардың қызметіне жүгініңіз. Табиғи ингредиенттерден жасалған бояулар — қынамен, басмамен бояңыз, шашыңыз жұмсарып, жылтырап шыға келеді.

Мадина ҚАЛИЕВА,
ҚарМУ студенті