Жүріп, тұр!

Жүріп, тұр!

Бұл мақалада «саламатты өмір салты» туралы сөз қозғаймыз. Ертедегі атам қазақ үшін бұл тұрғыда ешқандай мәселе болған жоқ. Көшпенді тірлік кешіп, ат жалында, мал соңында жүрген, түрлі ет пен сүт өнімдерін кеңінен тұтынған халықтың көп бөлігі жарау жылқыдай жұтынып, ширығып өмір сүрген-ді. Осындай ерекше күн тәртібін ұстанғандарды әлемдік ұғымда «номад» [nomad, көшпенді] деп атайды. Кейін отырықшыға айналған соң омалып отыратындар, аз қимылдайтындар, соның салдарынан семіздікке, енжарлыққа бой алдырғандар еселеп артты.

Қазір де «саламатты өмір салты» деген ұғым қалалықтар үшін болмаса, ауыл тұрғындары үшін бәлендей өзекті емес. Қырдағы қазақ баласы мал жайғайды, бағады, тезегін алады, шөбін суырып, төрт түліктің алдына салады, бау-бақша күтеді, отын, көмір әкеледі, әйтеуір үй мен даланың шаруасымен ысылып, шынығады. Ауыл баласының көнбіс, шыдамды келетіні осыдан болса керек.

Бірақ бұл бала білім мен жұмыс іздеп қалаға келген соң, жағдай күрт өзгереді. Шаһардағы «ең ауыр жұмыс» – қоқыс төгу. Оның үстіне, цифрлық заманның құралдары отырғызып, жатқызып қойғандай. Түрлі әлеуметтік желінің қызығы мен шыжығы шырмап, сағаттап тапжылмай отыратын халге жеткізді. Осы бір теріс үрдіс әсіресе жүріс-тұрыс, барыс-келіс шектелген коронавирус кезінде тіптен ушықты.

Бұл жеке адам ретінде де, ұлт ретінде де бізді ұшпаққа шығарар жол емес. Бізге саламатты өмір салтын тұрақты ұстанып, күнделікті әдетке айналдыру ауадай қажет. Мұны әлемде көп жағдайда «физикалық даму» дейді. Тұлғалық жетілудің жоғары сатысына жеткен, толағай табысқа ие болған кез келген мотиватордың, коучердің бестселлерге айналған кітабына немесе youtube-тегі әңгімесіне назар аударсаңыз, біраз сөзін осы физикалық дамуға арнайды. Себебі саламатты өмір салтын ұстану, нәпсіні тізгіндеу, тәнді ырыққа көндіріп, жанның қалауына ілестіру – жетістікке жетудің алғышарты.

«Толық адам және 4 даму» жобамда осы физикалық дамуды үшінші бағыт етіп алдым. Әулие-хакім Абайдан да тауып, физикалық дамуды «Ыстық қайрат» деп атадым. Рас қайраттың рухани терең ұғымы да бар. Бірақ оның физикалық дамуға қатысты жағын жоққа шығара алмаймыз. Абай мәтіндерінде ол анық көрініп тұр. Себебі қайрат ең алдымен, физикалық энергия, күш-жігер, қуат. Сондықтан «Ыстық қайратты» ұран қылып, саламатты өмір салтын ұстануға ұмтылсақ еш ұтылмаймыз.

Қазақ ұғымында физикалық даму қарапайым ғана «жүріп, тұрудан» басталады. Бұл – минимум. Адам тым құрығанда еріншектікке, кертартпалыққа салынбай, көбірек жүріп, ширақ қимылдап отырса, осының өзі жеткілікті. Шыны керек, қазір «жүріп, тұрудың» өзі біраз адам үшін үлкен мәселеге айналған. Қазақ үшін ғана емес, әлемнің кез келген халқы үшін осылай болып тұр. Ал мұның минимум шешімі өзіміздің қазақта тұр. Бұған дәлелді Шәкәрім бабамыздың «Мал жимақ» өлеңінен табамыз:

Үйде отырып салғанмен сарыуайым,

Тілегенің тұра ма саған дайын.

Жүріп-тұрып ойланып істеп көрсең,

Харекеттің білесің сонда жайын.

Енді өз тәжірибемнен мысал келтірейін. Астанада «Қазмедиадағы» жұмыс орным үйімнен 6 шақырым жерде. Қараша айының аяғынан сол жаққа жаяу жүре бастадым. Яғни, бір бағыты 6 шақырым, ал барып-келу 12 шақырым. Сонда бір бағытқа 55-58 минут уақыт кетеді. Жаяу жүріп, бірнеше шаруаны тындырамын. Тізбелеп шығайын:

1. Жұмыс орныма [немесе сабаққа деп алсақ та болады] жеке көлікпен, индрайвермен [таксимен], автобуспен, әйтеуір немен болса да, бәрібір барамын және қайтамын. Демек осы жолды жаяу жүріп бір ұтамын.

2. Сосын орташа алғанда 15 мыңдай қадам жасап, қанымды жүргіземін. Бұл кеңседе 7-8 сағат жалпиып отырып, ой еңбегімен шұғылданатын адамдар үшін нағыз керек дүние. Ұйыған немесе баяулаған қан шығармашылықты, ой тудыруды тежейді.

3. Таза ауа жұтамын. Қан тамырларымыз, миымыз, өкпеміз, жүрегіміз, жалпы ағзамыз үшін оттегі өте қажет. Оның үстіне, қыстағы ауаның құрамы басқа мезгілге қарағанда пайдалырақ. Ғалымдардың зерттеуінше, мұның сыры иондарға байланысты. Ауа иондардан тұрады. Ол иондардың өзі теріс және оң болып екіге бөлінеді. Ағзамыз үшін ең пайдалысы – теріс иондар. Енді қараңыз, жабық, қоршалған жерде [ғимарат, үй, пәтер, жұмыс орны, кеңсе, көлікте, сауда орындары т.б. ішінде] және жаз бен көктемде ауада оң иондар көбірек болады. Ал ашық аспан астында, далада және әсіресе қар жауған, аяз бен суық күшейген қыс мезгілінде теріс иондар өте мол болады екен. Бұл кездегі теріс иондар тек қана оттегі емес, сондай-ақ ем-шипа, дәрумен, иммунитет нәрі болатынын ғалымдар дәлелдеген. Сондықтан қыста далада көбірек жүріп алған абзал.

4. Қыста аязда, боран-бұрқасында далада жаяу жүру денені шыңдайды, шымыр қылады, суыққа төзімді бола түсеміз, иммундық жүйеміз жетіле түседі. Тек қалың киініп, аяққа қысқы арнаулы жылы кроссовка алып, өзім ішінен түйе жүн шұлық киіп аламын, қалыңдау, жылы, бірақ ыңғайлы киім киіп, ауыз бен мұрынға шарып тағып алу – міндетті шарт.

5. Ақыры 1 сағаттай жаяу жүрген соң, құлаққап тағып, youtube-тен немесе басқа көздерден ағылшынша мәтін, лекция, подкаст, сұхбат, түрлі хабарлар тыңдап барамын. Осылайша кәсіби [интеллектуалды дамуға кіреді] бағытта да өзімді дамыта түсемін.

6. Әрі беталды нәрсе тыңдамаймын. Өзіме ұнайтын, толғандырған, білгім келген, зерттеп жүрген тақырыптағы ақпарат тыңдаймын. Сонда ой-өрісім кеңейіп, білімім молайып, интеллектуалды дамуым қоса жүріп отырады.

7. Ақша үнемдейміз, «бекер мал [ақша] шашпаймыз». Тек 1 сағаттай уақыт, калория шығындалады.

Қорыта айтқанда, жай ғана жаяу жүрудің пайдасы шаш-етектен. Жаяу жүріп-ақ жеті түрлі шаруа тындыруға болады. Қазақтың «Жүрген аяққа жөргем [пайда, олжа] ілігеді» дегені осы.

Ернат МЕЛСҰЛЫ,
Қарағанды университетінің түлегі,
«Толық адам және 4 даму» жобасының негізін қалаушы