Аяз айласын асырмасын

Сақылдаған сары аязда абайлап жүр, үсіп қаласың деген сөзді жиі естиміз. Аяз сорып, үсік шалудан бөлек сай-сүйегіңді сырқырататын қыстың ызғарлы суығының адам өміріне қауіп төндіретіндей тағы қандай зияны бар? Осы туралы мамандар не дейді, біле отырайық.

Дәрігерлер жүрек-қан тамырлары ауруы бар науқастарға мүмкіндік болса аязда сыртқа шықпауға кеңес береді. Себебі суық ауа ағымы коронарлық артерияның түйілуіне әсер етеді екен. Әсіресе осы уақытта миокард инфаркінен көз жұматындардың саны арта түседі дейді. Сондай-ақ, бронхиальдық астмамен ауыратындар үшін де аяз аса қауіпті. Суық ауадан өкпедегі ауа тарап тұратын бронхтар түйіліп, сырқаттың демалуы қиындап, ауа жетпей, тұншығады. Тұмау, грипп сынды тыныс жолдары ауруларымен ауырып жүргендер далаға шығардан 20-30 минут бұрын бронх кеңітетін дәрі қабылдауы керек. Сонымен қатар мамандар аязды күні жаттығу жасауға кеңес бермейді. Аяздың бір артықшылығын айтсақ, адамның жүйке тамырын жайма шуақтандырып, бақыт гормоны — эндофриндерді көп өндіре бастайды екен. Сол себептен де суыққа шығып, аязға бетін сорғызған адам күйзелістен арылып, көңіл-күйін көтереді.

* * * * *

Қыстың күні кей адамдар қанша қалың киінсе де үнемі тоңып жүреді. Мұрны бітіп, түшкіріп, көзі жасаурап, денесіне түрлі бөртпе-қызамық шығып, мазасы кетеді. Неге?..

Мамандар мұны «суықтық аллергия» деп атайды. Тіпті кейде адамдарда «Квинке іркілі» де пайда болады екен. Егер суық жел өтінде қалып қойса, анафилактикалық шокқа ұшырауы мүмкін. Иммунологтың көмегіне дер кезінде жүгініп, аталған дерттен айығуға болады. Мамандар аллергиктер мен астматиктерге арнайы термомаскалар киіп жүруге кеңес береді.

* * * * *

Бір қызығы, қыстыгүні –5 градустан төмен температурада жүйке ұштарының сезімталдығы азайып, адамдардың ауырсынуды сезінуі біршама төмендейді екен. Сондай-ақ, суыққа шыққан адамның жүзі ерекше нұрланып, әдеміленіп кетеді. Көп ақын-жазушыларымыз сол әдемілікті өз шығармаларына жазған. Мамандар да төмен температура терідегі зат алмасу үдерісі мен қан айналымын жеделдетіп, адамның жүзін ерекше нұрландырады дейді. Әсіресе әйелдердің өңі қызарып, шырайланып, ажарлана түсуінің сыры да, міне, осында.

ҚарМУ баспасөз қызметі