Ұлтжанды тұлға

Ұлтжанды тұлға

Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ әдебиеті кафедрасы 1965 жылдан бері жұмыс жасап келе жатыр. Қарағанды мұғалімдер институты болып тұрған кезде «Қазақ тілі мен әдебиеті» деп аталған ортақ кафедрадан бөлініп жеке шаңырақ көтерген жаңа ұжымды филология ғылымдарының кандидаты, доцент З. Т. Жұмағалиев басқарды. Кафедраның алғашқы құрамында филология ғылымдарының кандидаты, доцент А. Н. Нәрешов, аға оқытушылар Қ. К. Лекеров, М. К. Смағұлов, оқытушы С. М. Жұмабекова секілді білікті мамандар еңбек етті.

Жаңадан ашылған кафедраның іргетасының берік нығаюына еңбек сіңірген ардақ тұтар тұлғалардың бірі — филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Нәрешұлы Нәрешов болатын. Сәкен Сейфуллин «халық жауы» деген жаламен ұсталғанда, оның жақын қарындасы Гүлзағипаның күйеуі Айтбай Нәрешов те айыпталып, он бес жыл жазаға кесілгенін көп жұрт біле бермейді. Сталиндік «халық жауларын әшкерелеу» науқанының салдарынан біраз жылдар бойы тағдыр талқысын көрген ағамыз халық ауыз әдебиеті мен қазір хандық дәуір әдебиеті аталып жүрген қазақ әдебиеті тарихынан өте білгір маман, ғалым-әдебиетші еді. Дәріс жүргізудегі педагогикалық шеберлігі өте жоғарылығы сондай, дәріс оқу барысында ала келген дәріс мәтініне бірде-бір қарап жатпайтын.

Кеңестік қатал жүйе тұсында оқылуға тыйым салынған зиялы қауымның шығармаларымен жүздесу сәттерін сыйлаған ұлт болашағын ойлаған оқытушылар қуғын-сүргіннің шет жағасын білсе де жасырын түрде бағыт-бағдар беріп отырғанын көруімізге болады. Солардың бірі – Айтбай Нәрешов болды. Қарағанды өңірінде XX ғ. 40-жылдардың басында Қарағандыдағы екіжылдық мұғалімдер институтына түскен студенттердің «ЕСЕП — Елін сүйген ерлер партиясын» мысал етіп алсақ та жетеді.

А. Нәрешов осы институттың талапкер студенттерін ұйымдастырып, «Жас қалам» атты шығармашылық үйірме құрды. Студенттер өз ізденімпаздығы және ұстазының жеке кітап қорынан Алаш көсемдерінің бұрын көрмеген, оқымаған кітаптарымен танысты. Ол кітаптар Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» және Сәбит Мұқановтың «XX ғасырдағы қазақ әдебиеті», 1-бөлім, «Ұлтшылдық дәуірі» («Қазақстан» баспасы, 1932, Қызылорда) латын әрпімен шыққан кітабы. Кейін осы үйірме мүшесі болған М. Темірұлы: «Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық», — деп жазады. Аталған кітаптарды, оқуға тыйым салынған оқулықтарды студенттерге тараттың деген жала Айтбай Нәрешовтың алдынан шығып, азап шеккен азаматтар қатарына қосылды.

ЕСЕП партиясының болғандығын ҚР ҰҚК құжаттарында: «В 1940—1942 годах в Карагандинском учительском институте создали антисоветскую националистическую организацию «ЕСЕП» (партия героев, любящих Родину), которая своей задачей ставила отторжение Казахстана и республик Средней Азии от Советского Союза и создания на их территории буржуазного государства; проводили среди казахской молодежи антисоветскую агитацию, читали контрреволюционную литературу», — деп көрсетіледі. 1951 жылы «ЕСЕП» партиясы мүшелері болған Махмет Теміров, Айтбай Нәрешев, Рамазан Нәрешев, Жакен Қалиев, Мұстахим Азанбаев, Адырбек Аманқұловты бірінен кейін бірін ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері тұтқындайды. Тергеу алты айға созылып, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер Жөніндегі Коллегиясының 1951 жылғы 14-15 маусымдағы үкімі бойынша РСФСР Қылмысты істер кодексінің 58-10, 58-11-баптарының 2-тармағымен айыпталып, Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нәрешев 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 5 жылға азаматтық құқығынан айырылады. Рамазан Нәрешев, Жакен Қалиев, Мұстахим Азанбаев 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесіліп, оған қосымша 4 жылға азаматтық құқығынан айырылады. Махмет Теміров пен Айтбай Нәрешевті Сиблагқа — Иркутск облысына айдауға жіберсе, қалған бесеуі — Бүркіт Ысқақов, Рамазан Нәрешев, Жакен Қалиев, Мұстахим Азанбаев, Адырбек Аманқұлов 1948 жылы Жезқазған өңірінде, басқармасы Кеңгір елдімекенінде құрылған «Степлаг» лагерінде тұтқында болады.

Бүгінде тек Орталық Қазақстан аймағында ғана емес, елімізде де білім мен ғылымның орталығына айналып отырған қазақ әдебиеті кафедрасы қырық жылдан астам тарихында орта және арнаулы орта мектептерді білімді де сауатты мамандармен қамтамасыз етуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Мыңдаған шәкірт білім-ғылым нәрімен сусындап, мұғалім, тәлімгер-ұстаз аталатын қасиетті мамандықтың иесіне айналды. Қарағанды мұғалімдік институтының қабырғасына елуінші жылдардың аяқ шенінде келген А. Н. Нәрешов оқу орны университет дәрежесіне ие болғаннан 1981 жылы қайтыс болғанға дейін жан аямай қызмет жасады. Сол кезеңде алдын көріп, дәріс тыңдау құрметіне ие болған шәкірттері ардагер ағаны үнемі қимастықпен еске алары сөзсіз.

Ж.Қ. СМАҒҰЛОВ,
ф. ғ. д., профессор