Ұлт мақтанышы ұлықталса екен
Кәрім Мыңбаев

Ұлт мақтанышы ұлықталса екен

Уақыт жылжып алға озған сайын жастарға, келер ұрпаққа үлгі-өнеге, сабақ болатындай әңгімелерді айтқың келеді. Ауыл шаруашылық саласы бойынша зерттеу жүргізіп жүрген маман, ұстаз ретінде жастарға қазақтың аграрлық ғылымының көшбасшысы, халқымыздың мақтанышына айналған алғашқы биология ғылымдарының докторы Кәрім Мыңбаев жайлы айтуды жөн көрдік. Жарқ еткен жұлдыздай жарқырап, небәрі 42 жасында өмірден озған, қазақ атын әлемге танытқан жерлесімізді бүгінгінің баласы біле жүрсін деген ниет қой біздікі.

«Асыл — тастан, ақыл — жастан» дейді данышпан халқымыз. Жастар ұлыларға қарап өссе екен. Ұлылықты көріп, сезініп өскен, салиқалы ғұмырын өнеге еткен ұрпақтың келешегі қашанда жарқын. Елімізде әр ғылымның көкжиегінде шолпандай жарқыраған тұлғалар тұр. Жан-жағына нұрын шашып тұрған сондай азаматтардың бірі — Кәрім Мыңбаев. «Ат тұяғын тай басар» деген, Қаныш Имантайұлы Сәтпаев қазақ жерінде Ғылым академиясының негізін қаласа, шәкірті ұстаз жолын жалғап, Қазақ ауыл шаруашылық академиясын құрды.

Қара жердің топырағын жалаң аяғымен таптап, тауға қарап, кең далада еркін өскен ауыл баласы кішкентай кезінен көп нәрсені көңіліне түйген еді. Ел ахуалы малдың өнімділігі мен жердің құнарлығына тікелей байланысты екендігін ерте түсінгендей. Болашақ мамандығын ауыл шаруашылық саласына арнап, сонау Ташкенттегі Орта Азия мақта-ирригация институтына түсуі де сондықтан болар. Ағамыздың еңбек жолы Грузиядан басталғанын білеміз. Сырт елде тәжірибе жинақтап, елге оралған соң Алматы селекциялық станциясының аға ғылыми қызметкері, кейіннен осы станцияға қарасты екінші каучук қосалқы шаруашылығында директор болып қызмет етеді. Басшылық қызметте жүріп, білімін одан әрі жетілдіру мақсатымен 1936 жылы Ленинградтағы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығы институтының аспирантурасына оқуға түседі. «Көксағызды жақсартудың негізгі жолдары» тақырыбы бойынша диссертациялық жұмысын бастайды. Оның табиғи түрін жерсіндіріп, қолдан өсіруді және құрамында каучугі мол жаңа сорттарын шығарып, өндіріске енгізуді мақсат етті. Тың тақырыпты қолға алып отырған қазақ жігітіне осы институттың директоры, аты әлемге әйгілі генетик-ғалым Н. И. Вавиловтың өзі жетекшілік етті. Атақты академик ізденушісі зерттеп жүрген тақырыптың отандық автомобиль өндірісін дамытуда маңызы зор екендігін ескеріп, аспирантураны енді бітірген жас маманнан үлкен үміт күтіп, Кәрім ағаны институттың каучукті өсімдіктер бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Мүмкін дарынды дарын таныған болар. Ұлылардың ұлылығы да осында ғой. Осы ретте Н. И. Вавилов жайлы азғана дерек айта отырайық. Ғалымның «Өмір қысқа, бәріне үлгеру керек» деген қанатты сөзі әлі күнге мамандардың есінде. Қоғам дамуы барысында адам баласының қоршаған ортаға аяусыз қарауы табиғатты келешек ұрпаққа барынша сақтап жеткізу қажеттілігін туғызғанын ғалым ерте білген тәрізді. Әлемдік өсімдіктер банкісін жасауды қолға алғаны да содан болар, бәлкім. Ол кісі тіршілік түрлерінің генетикалық заңдылыққа бағынып, бар қасиетін, өнімділігін өз ұрпақтарына тек гендер арқылы беретіндігін ашқан батыс ғалымы Г. Мендельдің теориясын қостаған. Осыған орай, Н. И. Вавилов өсімдіктердің қажет қасиеттерін селекциялық жолды пайдалана отырып, жаңа сорттар шығару бағытында пайдаланады. Бұл партия идеологиясына қарама-қайшы еді. Оған Лысенко бастаған дарвинистер бағытындағы ғалымдар қарсы шығып, ғалымға буржуазиялық мендельшіл деп айып тағып, жолына тосқауыл болады. Осылай әлемдік өсімдіктер коллекциясын жинау жұмысы аяқтаусыз қалады. Соңынан ғалым қамауға алынып, 1943 жылы Саратов абақтысында аштықтан көз жұмады. Міне, бұл ғалымға, ғылымға жасалған ХХ ғасырдағы қиянаттың тек бір көрінісі. 1940 жылы Кәрім аға ғылыми жетекшісі қамалардың алдында Ленинградтың ауылшаруашылық институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, ғылымға ерекше жаңалық енгізеді. Ғалымдар, осы сала мамандары тарапынан аталған диссертациялық жұмысты әрі қарай толықтыру керек деген ұсыныс тасталады. Көп ұзамай Бүкілодақтық ауылшарушылық академиясының докторанты атанады. Ол жерде өсімдіктер бөлімінің аға ғылыми қызметкері, кейіннен сол бөлімді басқарады. 1941 жылы соғыс басталған тұста әскерге алынып, Омскіде әскери дайындықта болады. Осы тұста оның майданға өзі сұранып, аттанғанын айта кету керек. Алайда Үкімет К. Мыңбаевтың ғылыми жұмысының маңыздылығын ескеріп, білім ордаңа барып, ғылыммен айналыс деп кері қайтарады. Бұл кезде Бүкілодақтық өсімдіктер институты Красноуфимск қаласына көшірілген еді. Әскерден қайтқан соң көксағызға байланысты ғылыми жұмыстарын осында әрі қарай жалғастырады. Нәтижесінде 1944 жылы биология ғылымының докторы деген атақ алады. Ал, 1942—1944 жылдары елге оралған ағамыз Қазақ ССР жоспарлау комитеті бастығының орынбасары болып, мамандығына қарай халық шаруашылығының жетекші саласы ауыл шаруашылығын әлемдік деңгейге көтеру бағытында еңбек етеді.

Қазақтан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы 1944 жылы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясының Қазақстанда алғаш ұйымдасқан филиалының бастығы атанады. Ол кезде елімізде ауыл шаруашылығы ғылымында мамандар жоқтың қасытұғын. Сондықтан ол негізгі жұмысымен қоса, осындай қажет мамандарды дайындауға да көп көңіл бөлді. Қазақ ауыл шаруашылық институтында селекция және генетика кафедрасын, Қазақ мемлекеттік университетінде дарвинизм кафедрасын басқарды. Кәрім Мыңбаев қазақта генетикалық ғылым жоқ деген пікірді жоққа шығарған ғалым. Жеті атаға дейін қыз алыспау дәстүрін генетикамен байланыстырған. 1946 жылы Қазақстанда Ғылым академиясының құрылуына белсене қатысып, биология бөлімі бойынша мүше-корреспондент болып сайланады. Қырқыншы жылдардың бірінші жартысында Кәрім Мыңбаевтың есімі бүкіл Одаққа мәшһүр болды. Кәрім аға кең байтақ қазақ жерін астықты өлкеге, асыл тұқымды мал өсіретін өлкеге айналдыруды мақсат етті. Бірақ ол арман орындалмады. Агрария ғылымының көгінде жұлдыздай жарқыраған шағында, 1948 жылы 30 қыркүйекте бір топ қазақ ғалымдарымен Бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылым академиясының сессиясына бара жатқан іссапарында ұшақ апатынан опат болды. Жастайынан ауыл шаруашылығындағы түйткілді қордаланып қалған мәселелерді көріп өскен К. Мыңбаев бар алған білімін, жинаған тәжірибесін, шыққан биік лауазымын ел игілігіне арнады. «Дүние-ай, келді-ау кезегің» деп күтіп жүргендей, қамшының сабындай қысқа өмірінде жасаған ауқымды жұмыстары осыған айғақ.

Республика бойынша ауыл шаруашылығы ғылымын қолына алған Кәрім Мыңбаев атқарылатын ауқымды жұмыстардың ғылыми негізде жоспарлы түрде жүргізілу қажеттігі уақыт талабы деп білді. Ғылыми-зерттеу институттарын, тәжірибе станцияларын көбейту, ауыр жұмыстарды механикаландыру, елімізде азық-түлік молшылығын жасау үшін мол өнімді жаңа дақылдар шығару, мал тұқымын асылдандыру сынды ұзақмерзімді тақырыптық ғылыми жоспарлар құру керектігін алға тартты. Сайып келгенде, осы жұмыстарды көре білу, ұйымдастыру, оның материалдық-техникалық базасын жасау, кадрлар дайындау қыруар қаржы қажет ететін еді. Бұл уақыт кеңес дәуірінің соғыстан кейінгі ең ауыр кезеңі екенін еске алсақ, ғылымға ғана емес, халық шаруашылығының барлық саласына қаражат керектұғын. Ал, мұндай күрделі іс бір орталықтан, партия мен үкіметтің ең жоғарғы деңгейінде шешілетін. Аталған жұмыстардың ел өміріне ауадай қажеттілігін ғылыми тұрғыдан дәлелдеу және іс жүзінде Қазақстан ауыл шаруашылығының келешекте қарыштап алға басуына ықпал ететініне көз жеткізу талап етілетін. Үкімет мүшелерінің сеніміне еніп, мәселені оң шешу тек үлкен ғылыми мәртебе иесі, білікті маман, шебер ұйымдастырушы К. Мыңбаевтай ағамыздың ғана қолынан келген.

Қазір уақыт биігінен қарағанда, жай көзге шалына бермейтін үлкен іс, еліміздегі ауыл шаруашылығының қазіргі жетістіктерінің іргетасы сол кезде Кәрім Мыңбаевтың тікелей бастауымен қаланған. Күн санап Кәрім ағаның көзін көрген, бірлесе еңбек еткен адамдардың қатары азайып бара жатыр. Қаныштан кейін қазақ атын әлемге танытқан ғалымның өнегелі өмірі мен ғылыми жаңалықтарын жастар біліп жүруі тиіс. Ұмытылып кетсе, бізден кейінгі ұрпаққа «Келіннің өзі келгендей, ұлдың өзі болғандай» болып көрініп тұрары сөзсіз. Елбасымыз 1998 жылды ел тарихы жылы деп жариялауына байланысты маған қызмет бабында Қарлаг мұрағаттарымен танысуға тура келді. Сонда бір сирек кездесетін құжатқа кезіктім. Ол кезде Республикамызда арнайы құралдармен жақсы жабдықталған және білімді мамандары бар ғылыми-зерттеу институттары жетіспегендіктен болар, Қазақ Министрлер Кеңесі 22 тамыз 1948 жылы № 651 қаулысымен Орталық Үкімет арқылы ГУЛАГ басқармасынан Сары-Арқа, Бетпақдала аймағын мал шаруашылығына пайдалану мақсатында топырақ, мал азықтарын, су көздерін зерттеп беруді өтінген. Осыған байланысты ГУЛАГ бұл жұмысты жүргізуді осы аймақтағы бөлімшесі Карлагқа тапсырған екен. Олар лагерьдің зерттеу базасы және онда отырған түрлі мамандықтағы ғалымдардың жеткілікті екеніне сүйенген болар. Бұл жұмысты лагерь басшысының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары ғалым Д. С. Смирнов бастаған экспедиция 1948-1949 жылдары жаз, күз айларында 2,5 млн. жерді қамтыған далалық зерттеулер жүргізген. Соның нәтижесінде өңірдің 98 % әртүрлі бонитетті (13 тип) жайылым, 1,5 % көлтабан – су басқан шабындық, далалық шабындық (6 тип) және 0,5 % жыртуға жарамды жер барын анықтаған. Ал жайылым жерлердің 51 %-ы көкпек жусанды, 16 %-ға жуығы 3 разрядты бетегелі-селеулі, селеулі-бетегелі көктемде, күзде пайдаланатын жерлер. Сонымен қоса сулардың, өсімдіктердің, топырақтардың барлық түрлерін және көп кездесетін бұталардың түрлерінен үлгілер алынып, лабороториялық жағдайда химиялық құрамы зерттелген.

Экспедияция жұмысы қорытындысында 1: 100 000 және 1: 200 000 көлемде 20 тип ауыл шаруашылық жерінің картасы жасалып, олардың мал азықтық шөптік қоры, пайдалану маусымы, жер бедері және суаруға жарамдылығы жөнінде егжей-тегжейлі мәліметтер берілген. Соңынан осы зерттеу қорытынды «Орталық Қазақстан құрғақ дала және жартылай шөлейт аймағының өсімдіктері, шөптер мен әртүрлі өсімдіктердің азықтық құндылығы» атты монография машиналық баспада 625 парақта жазылып, 1950 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік жоспарлау комитетіне жіберілген. Әрине, одақта теңдесі жоқ мекеме ГУЛАГ-қа республика атынан Бетпақдаланы зерттеу мәселесін қоюдың артында ардақты ағамыз Кәрім Мыңбаевтың тұрғаны сөзсіз. Бұл мәліметтер ол апатқа ұшырамас бұрын жазылып және оң шешімін тапқан дүние екеніне біз жоғарыда келтірген құжат дәлел. Амал не, өзі де зерттеген және одақтық дәрежеде зерттелген аймақ туралы ғылыми еңбек содан бері еш жерде жарық көрмеген. Осы олқылықтың орнын толтырып, иесіз қалған зерттеулер қорытындылары тарих үшін Мемлекеттік жоспарлау комитетінің мұрағатынан табылып, жарық көрсе, нұр үстіне нұр болар еді. Меніңше, Кәрім ағаның Бетпақдала (20-30 млн. га) аймағын түбегейлі зерттеуге осыншама көңіл бөлуінде екі себеп бар тәрізді. Біріншісі, «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, бұл өңірдің қысы қатал, малдарға қора салып, шөп дайындауға халықтың ахуалы көтермейтін. Сондықтан ел қалыптасқан технология бойынша малдарын жылы Шу, Мойынқұм өңірінде қыстатып, жаз жайлауға — Арқаға қайта оралатын. Осы екі аралық құстың қанаты талатын шөлді әрі-бері малменен көшіп өту көктемгі, күзгі жауын-шашынды маусымдарға қарай орайластыратын. Бұл мезгілдерде өңірдің шөбі жанданып, су көздері пайда болатын. Күйек алу, қой қоздату науқандарына өте қолайлы кез. Бірақ кей жылдары табиғат мінез көрсетіп, күткендей маусымдық ылғалдар болмау салдарынан азық пен су көздері азайып, жолда малдар көп шығынға ұшырайтын. Осылардың алдын-алу, болдырмау шаралары. Екіншісі, жалпы осы бос жатқан шөлді аймақты қалайда халық игілігіне жарату қажеттілігінен туындаған болуы керек.

Еліне бергенінен берері көп Кәрім ағамыз қысқа ғұмырында ауыл шаруашылық ғылымының барлық саласын дамытуда нақты жол көрсетумен қатар, өзі де тынымсыз еңбек етті. Жайылымы мен суы мол, табиғаты малға жайлы Шу өңірінде ғылыми зерттеулер жүргізу мақсатында Бетпақдала комплексі мал шаруашылық тәжірибе станциясы тікелей сол кісінің бастауымен ұйымдастырылып, 1947-1964 жылдар аралығында ел игілігіне жұмыс жасады. Мұнда осы жылдары төрт түлік малдың бірнеше тұқымын өсіріп, олардың өнімділігін арттыру және тұқымын асылдандыру мақсатында басқа жақтардан асыл тұқымды малдар әкелініп, әртүрлі бағытта будандастыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоса жайылымдар мен шабындықтар жасау, ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру бағытында әртүрлі ізденістер болды. Тәжірибе станциясы сол өңірдегі алдына қойған мақсатын орындап, 1964 жылы қараша айында Қарағанды облысының Қызылтау кеңшарының базасына келіп, 1975 жылдың күзіне дейін жұмыс істеді де, жаңа ашылған Жезқазған облысына көшірілді. Оның орнына К. Мыңбаев атындағы асыл тұқымды мал өсіретін кеңшар құрылып, негізгі бағыты бұрынғыдай еділбай қойлары мен жабы тұқымдас жылқыларды өсіре отырып, олардан алынған асыл тұқымды өнімдерін Орталық Қазақстан аймағына сату болатын. Жергілікті жылқы тұқымының өнімін молайтып, жақсарту бағытында Якутиядан якут, Мұғалжардан жабы тұқымдас айғырлар әкелініп, жергілікті аналық биелермен будандастырылып, олардан алынған будан малдардың салмағы, етті-майлылығы, сүттілігі, жергілікті жерлерге бейімделуі және т. б. зерттелді. Будандардың іштерінен талапқа сай мол өнімділері өзара шағылыстырылып өсіру нәтижесінде жаңадан Мұғалжар жылқы тұқымының Сары-Арқа типі мемлекеттік деңгейде 1990 жылы жаңа асыл тұқымды жылқы болып аппробациядан өтті. Кезінде осы жұмыстардың көпшілігі кеңшардың белгілі жылқышылар әулеті —Қожамбердиндердің табындарында жүргізілгендіктен, жекешелендіруде асыл тұқымды жылқылардың дені осыларда топтастырылды. Қазір олар «Шолақ Еспе» асыл тұқымды жылқы зауыты болып айтылады. Биелердің орта салмағы 400-450 кг, жабағылардың күздегі салмағы 150-180 кг. Қазір зауыт республиканың көптеген өңіріне жылына 30-40 айғыр, 25-30 тай-байтал сатуда. Сонымен қоса станцияда мал азығының тұрақты қорын жасау бағытында да ғылыми зерттеулер жүргізді. Құм еркекшөбі, тарлау, эспорцет т. б. мал азықтарының осы аймақта өсірілуі және жайылымдарды тиімді пайдалану жақтары да қарастырылды.

Ағамыз 35 ғылыми еңбек қалдырған, оның ішінде 4 кітап. Олар: Көксағыз, Биологиялық ерекшеліктері және селекциялаудың жаңа әдістері, Алматы, 1946; Бетпақ дала шөлі, Алматы, 1948; Ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру жолдары, Алматы 1948; Озық ауылшаруашылық ғылымы үшін, Алматы 1949. Осы зерттеулерді зерделесек, олардың әрқайсысының өз алдына көтерген жүгі ауыр, үлкен өзекті салалар және соларды шешудің нақты бағыттары қарастырылған Ауыл шаруашылығы министрлігінің бүгінгі мақтанышы, халқының мол дастарханы, ырзықтың болуы, ғалымдарымыздың зерттеу, тәжірибе алаңдарындағы еңбегінің тұнығында Кәрім ағаның өлшеусіз еңбегі тұрғаны хақ.

Кәрім Мыңбаев бақилық болған соң ауыл шаруашылығының айтулы ғалымы, ұйымдастырушысы және мемлекет қайраткері ретінде ол кісінің еңбегі белгілі бір деңгейде бағаланды. Өзі бастамашы болып, ұйымдастырған Бетпақдала мал шаруашылық тәжірибе станциясына, Қазақ мал шаруашылық ғылыми-зерттеу институтының тәжірибе шаруашылығына және Алматы қаласынан бір көшеге, өзі оқыған Нұра ауданының Ивановка селосындағы орта мектепке Кәрім Мыңбаев есімі берілді. Тәуелсіздік таңында ол кісінің еңбегі өз деңгейінде бағаланса екен.

Биология-география факультетінің білім алушылары Кәрім Мыңбаевтың еңбектерімен кеңінен танысып, ботаника, экология, генетика, физиология, зоология, география, биотехнология, топырақтану салалары бойынша зерттеу жұмыстарын жазу барысында ол кісінің ғылыми тұжырымдарын негізге алады. Кәрім аға құйрықты жұлдыздай аз ғана ғұмырында пешенесіне жазылған өмірде алар биігін алып, еліне берерін беріп, артына қалар ұрпағын қалдырып, көрер қызығын көріп үлгергендей. Қысқа да болса өнегелі өмір. Егер бүгінгі буын кешегі аға буынның халқына сіңірген еңбегін бағалап, құрметтеп жатса, ол ұрпақтың бойында елге, жерге деген махаббат тұнып тұрар еді. Ләйім, солай болғай! Уақыт озып, дәуір өтсе де, қазақтай халқы барда Кәрім Мыңбаев ағамыздың тауы биіктеп, жұлдызы жарқырай бермек.

Темірғали ШАУШЕКОВ,
ауыл шаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент

Ақнұр ОРАЗБАЙ,
ботаника кафедрасының магистранты

Біле жүріңіз…

Кәрімнің ең жақсы көретін достарының бірі Бауыржан екен. Ол туралы Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабында былай деп еске алған екен: «Менің Кәріммен таныстығым 1944 жылдың январында басталды. Сол жылы жазда Москвадағы ВАКГШ-та (Высшие Академические Курсы Генерального Штаба) оқып жүргенімде Кәрім докторлық диссертациясын қорғауға дайындалып, «Москва» қонақүйінде тұрды. Екеуіміз сәті түскен бос уақытты бірге өткізіп, ой-пікіріміз араласқан жақсы жолдас болып кеттік. Кәрім әдебиетке, әсіресе өлең-жырға құмар-ақ еді. Абайдың көп өлеңдерін жатқа білетін, өзінше бір әдемі мәнермен айта жөнелгенде тыңдаушысын баурап әкететін. Орыс жолдастарымыздың арасында, керек жерінде тәп-тәуір тәржімалап та жіберетін. Өз мамандығының шеңберінен басқаға мойын бұрмайтын қайсыбір оқымыстылар секілді емес, жан-жақты шын мағынасындағы білімді жігіт еді. Өзінің айтуынша, ауыл шаруашылығы ғылымының соңына түсуіне Сәкен Сейфуллиннің тікелей әсері болыпты. Жас кезінде өлең жазып, ақын боламын деп оқуға келгенінде Сәкен оның ақындық шама-шарқын байқап көріпті де: «Ақындық мамандық емес, ол — өнер, егер кеудеңде табиғат берген ақындық ашытқың болса, қандай мамандықтың иесі болсаң да жазасың», — деп, ауыл шаруашылық техникумына орналастырыпты. Сәкен ағаның жұбайы Гүлбаһрам апай мен Кәрім ағайынды кісінің балалары, «Сол үйде тұрып оқып, талай-талай жақсы үлгі-өнегелерін көрдім, тәрбие алдым»,— деп отырушы еді».

Кәрім аға дүниеден озғанда Бауыржан Момышұлы ауыр қайғыдан жатып қалған екен. Алайда, қазақтың Кәрімдей ұлы көлденең түсіп жатқанда қалайша жата алсын. Барса, ел жылап-сықтағаннан аса алмай отырса керек. Сонда Баукең:

– Кәрім жоқтаусыз өтер арыс па еді? Жоқтау айтыңдар! – деп айқай салыпты. Содан булығып отырған жеңгелері аңыратыпты дейді жоқтауды.

– Кәрім қайта тірілгендей болды-ау, – деп жайдарланыпты сонда Баукең. Содан бері Кәрім ағаны тағы бір тірілте алмай келеміз…

Ақпарат көздерінен алынды