Өмірі өнеге өренге

Өмірі өнеге өренге

Қазақты қынадай қырған ашаршылық пен қуғын-сүргінді көріп, ауданннан облысқа қызметке көтерілгенінде сұм соғыс басталып, тылдағы халықтың атқан таңнан батқан күнге дейін созылар ауыр еңбегін бірге бөліскен Жұмабек Ахметұлы жайлы қандай мақтау айтса да көптік қылмас. Ешбір ұлтты, халықты алаламай, адамзаттың бәрін де сүйген еді елінің өрен ұлы. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқанынан басталған жер мәселесіндегі қитұрқы саясатқа қасқая қарсы тұрып, азуы кереқарыс КСРО басшыларымен айқасты. Биік мансаптан ұлттық мүддені жоғары қойғаны үшін елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда қызметінен алынып, Шымкент облысына қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан жасалған қиянаттар аз болған жоқ. Бірақ мұның бір де бірі туа бітті қайсар жанды мұқатқан емес.

Мемлекеттің негізгі іргетасы – оның рәміздері, тілі, ділі және шекарасы болса, мұндай қасиетті мұраны көздің қарашығындай сақтауда Жұмабек Тәшеновтің алар орны ерекше. Танымал тұлғаның өткір мінезі мен қайтпас қайсарлығы кез келген ұлт жанашырына үлгі болары анық.

Белгілі ақын Несіпбек Айтұлы былай жырлайды:

«Бастайды ақиқатқа жұрт аңызы,
Өшпейді оза шапқан тұлпар ізі.
Тайқымай ар жолынан Жұмабектей,
Ұлтына адал болу – ұл парызы!»

Ұлтына сүйеу болар өсіп келе жатқан намысты қазақ баласы Жұмабек Ахметұлы секілді ешкімге дес бермейтін қайратты тұлға болғаны дұрыс-ақ.

Айгерім ХАМИТ,
ҚарМУ студенті