«Жақсының аты өлмейді»

«Жақсының аты өлмейді»

Дана халқымыз «Қариясы бар үйдің — қазынасы бар» деп текке айтпаған болар. ҚарМУ қара шаңырағында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, факультетіміздің ардагер ұстазы атанған Ортай Абдрахманұлы былтыр тоқсанға қараған шағында дүниеден озды.

Ортай Абдрахманұлы саналы ғұмырының 65 жылын ұстаздыққа арнаған жан. Бір оқу орнында үздіксіз қызмет етіп, алты ректормен қызметтес болған. Ебіней Арыстанұлымен бірге ҚарМУ-дың іргетасын қалауға атсалысып, биология-география факультетінің қалыптасуына зор үлес қосқан абзал жан. Университеттің даярлық бөлімінің басшысы, факультет деканы, ұйымдастыру-шаруашылық жұмысы бойынша проректор, ботаникалық бақтың директоры болды. Өмірінің соңғы күніне дейін ботаника кафедрасында профессорлық қызмет атқарды.

Талай тарихи оқиғалардың куәгері болып, тағылымы мол шаралардың бел ортасында жүрген ұлағатты ұстаз «Еңбек ардагері», «Тоғызыншы бесжылдықтың үздігі», «1973 жылғы социалистік жарыстың жеңімпазы», «Қазақстан Республикасы білімінің үздігі», «Тыңға — 50 жыл» медальдарының иегері атанып, бірнеше рет мемлекеттік наградалармен, Қазақ КСР жоғары білім беру дипломымен марапатталды. 85 жылдық мерейтойында Ортай Абдрахманұлына «Қарағанды мемлекеттік университетінің құрметті профессоры» атағы берілді. Бірнеше монографияның, әдістемелік нұсқаулық, оқулықтар мен оқу құралдарының авторы. «Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы» атты кітабы өте жоғары бағаға ие болған оқулық. «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген ұстанымды басшылыққа алып, уақытының басым бөлігін ағаш баптап өсіруге арнады. Жамбыл Ақылбаев «Парасат иірімдері» атты естеліктер кітабында: «Топырақ құнарсыздығына қарамастан біз жыл сайын жасылдандыру жұмыстарын жүргізіп тұрдық, жылына 300-500 ағаштан ектік, ал 2000 жылы 10000 ағаш егілді. Осы жұмыстардың басында Ортай Абдрахманов жүрді», — деп жазады. Шынында, ҚарМУ-ды көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысты, бір тыным таппайтын еді. Тапжылмады, қажымады, қайсарлы еді. Соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы бір түспеді. Педагогтық қызметінен бөлек, факультеттің сонау 50-ші жылдардан бастап бар тарихын жүйелеп жазуға көшті. Ортай Абдрахманұлын «тірі жүрген мұрағат» дейтін едік. Жадысы жақсы, бұрынғы өткен оқиғаларды дәл бүгінгідей айтып отыратын. Е. Бөкетов, Ж. Ақылбаев туралы біраз естелік дүние жазды. Кейінгі кезде нағашы атасы, Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов туралы қалам тербеді. Алаштықтарға арналған конференцияларға қатысып, қаншама мақаласын жарыққа шығарды. Жақын күндерде биология-география факультетінде Ортай Әбдірахманов атындағы дәрісхана ашылады.

Ортай Әбдірахманұлы талай тарихи оқиғалардың куәгері болып, қиыншылықтың ащы дәмін ерте татқан. Қаншама қиындықты бастан кешкен сүрбелеңге толы сара жол иесі бір мақаласында былай дейді: «Тәуелсіздік дәуіріне дейін қазақтың басына қара бұлт болып үйірілген отызыншы жылдардағы ұлы жұт – ашаршылықты, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерін жазықсыз қудалап, ату жазасына кескен қуғын-сүргін кезеңін, 1941-1945 жылдардағы дүниежүзілік соғысты, одан кейінгі тапшылық жылдарын халқымызбен бірге басымыздан кешірдік. Сол жылдар қанша қиын болса да естеліктерімен есте қалды». Жеңіс күні қарсаңында тыл ардагері Ортай атамыздың осы мақаласын бүгінгі ұрпақ оқып, ой түйсе екен.

Биология-география факультеті

Бәрі де майдан үшін

Тәуелсіздік дәуіріне дейін қазақтың басына қара бұлт болып үйірілген отызыншы жылдардағы ұлы жұт – ашаршылықты, ұлтымыздың зиялы қауым өкілдерін жазықсыз қудалап, ату жазасына кескен қуғын-сүргін кезеңін, 1941-1945 жылдардағы дүниежүзілік соғысты, одан кейінгі тапшылық жылдарын халқымызбен бірге басымыздан кешірдік. Сол жылдар қанша қиын болса да естеліктерімен есте қалды.

Қырқыншы жылдары біз аудан орталығынан 2-3 шақырымдай жердегі «Өндіріс» колхозының «Ақшоқы деген бөлімшесінде киіз үйде тұрдық. Бөлімше суармалы егіншілік кәсібімен айналысты. Су Қараменде айрығы арқылы тоғанға құйылып жататын-ды. Ол кезде үкімет жұмыстан қалған, ерте кеткендерге қатаң шара қолданатын. Ашаршылықтан, саяси қуғын-сүргіннен енді ғана ес жия бастаған сәтте соғыс басталып, азаннан қара кешке дейін тырбанып, тіршіліктің күйбеңімен жүрген жұртты одан әрі есеңгіретіп жіберді. Үлкен-кіші күн-түн демей еңбек етті. Соғыс басталған күн әлі есімде. Сол күні әдеттегідей ауыл маңында қаннен-қаперсіз ойнап жүргенбіз. Мал өрістен қайтқан уақ еді. Адамдардың жылаған дауысы күндегі мамыражай тыныштықтың шырқын бұзды. Әп-сәтте ауыл іші азан-қазан болып кетті. Соғыс деген сөздің мағынасын жете түсінбесек те бір жамандықтың болғанын ішіміз сезді. Көппен бірге біз де жыладық. Сол көрініс күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді.

Иә, кеше ғана алаңсыз ойнап жүрген ойын баласын соғыс бір-ақ күнде есейтті. Аудан, ауыл атқамінерлері бала-шаға да жұмыс істеп, еңбектің еселенуіне өз үлесін қосуға тиіс деп кесіп айтты. Ауданнан арнайы келген өкіл ауыл үлкендеріне жұмыстың жай-жапсарын таныстырды. Ауыл жанындағы егінжайды күзету міндеті мен құралпылас балаларға жүктелді. Халық жұмылып күні-түн демей жұмыс істей бастады. «Бәрі майдан үшін, бәрі Жеңіс үшін!» деп ұрандаттық. Бұл жұмыс қолымнан келмейді, мен мынаны істеймін дейтін болмайтын. Аз уақыттың ішінде еркек адамдар, әсіресе жиырмадан асқандар саны күрт азайды. Атқа отыра алатын балаларды мал қайыру, егінді малдан қорғауға жұмсаса, өзгелерін егінді бастыруға, күз айларында масақ теруге жіберетін. Әкем үнемі еңбек еткенің, ең бірінші, өзіңе жақсы дейтін. Жазғы демалыста мені көмектесіп қайт деп Қарамойын түбіндегі егіншілерге апарып тастайтын. Бала болған соң қанша жаяу жүрсек те шаршауды білмейтін едік. Бізге егіндікті күзетудің өзі бір ғанибеттұғын. Бала болған соң әр нәрсеге ұрынып қалып жүрдік. Бірде егіс алқабын жайлап жүрген жылқыны айдап шығайын деп қамшымды сілтеп қалғанымда ат осқырына қарап, теуіп қалды. Аяқасты аяғымды жарақаттап алдым. Тіземдегі сол жарақат тайға таңба басқандай тыртық болып қалып қойды. Міне, сол оқиғадан кейін әкем атқа мінуіме рұқсат етпеді. «Жассың, құлап қаларсың» деп қорқақтайтын.

Үлкендер егінді қорғау, мал қайырудан басқа, «молотилка» деп аталатын 4,6 қырлы бидайды үгітетін тасты атқа, не өгізге жегіп, осы жұмысты балаларға сеніп тапсыратын. Тастың екі түрі бар, бірі кішірек — 1,5 метрдей, үлкені екі метрдей, жуандықтары да әртүрлі, үлкен ірі тасқа (молотилка) өгізді парлап жегіп, қырмандағы егінді бастыратынбыз. Қырмандағы қызу тірлік біздің шыңдалып, еңбексүйгіш болып өсуімізге ықпал етті. Қазір сол тастар қайда? Өлкетану музейінің алдына қойса, тарихтан сыр шертіп тұрар еді. Бүгінгінің жастары, өкінішке орай, «молотилканың» не екенін де білмейді. Алғашқы уақытта қатты шаршап, ауылға бармай, тарының жұмсақ сабанының үстінде, не күркеге кіріп ұйықтап қалатынбыз. Әсіресе өгіз малы шабан жүрісімен шаршататын. Оның үстіне буыны бекіп үлгермеген баланың таң азаннан қара кешке дейін астық бастырғышта отыруға шамасы жете бермейтін. Сол себепті бізді бірер сағат сайын ауыстырып отырғызатын.

Соғыс уағында сабақты дұрыс оқи алмадық. Көбіне жұмыс істеуге алып кететін. Оның үстіне мұғалімдер де жоқтың қасы. Мәселен, бізге орыс тілін армиядан жарақаттанып келген Байқожа Жарқынбаев деген ағай оқытты. Ол кісі орысша айтса, біз қазақша жауап беретінбіз. Жоғары оқу орнына барғанда соның салқыны тиді. Бізге жоғары білімі бар ұстаздар тек соғыс аяқталғаннан кейін келе бастады. Оған дейін 9 сыныпты бітірген Тақанов Шешембай тарих, географиядан, Сейсепов Қауан математикадан, химиядан, мектеп директоры Кеңесбаев Жабас қазақ тілі мен әдебиеттен сабақ берді. Кейбір сабақтар мұғалімдердің болмауына байланысты өткізілмеді.

1942 жылдың жазғасалымына қарай бар ауыртпалық шал-шауқан, бала-шаға, әйелдердің мойнына артылды. Арқа сүйер ер азаматтардың барлығы майданда. Жұмыс күші жетіспеді. Егінді оруға, бастыруға, желпуге, тазалауға барлық елді жұмылдырды. Қарамойын бөлімшесінде бидаймен қатар тары да егілді. Тарының сабанын жеген сауын сиырдың сүті көбейеді деп ел артығын үйлеріне тасып әкетететін. Халқымыз «Кеспе көже күн батқанша, бидай көже ел жатқанша, тары көже таң атқанша» деп, тарыны – «жауынгер дақыл» деп жайдан-жай айтпаған ғой. Оның пайдасын ертеден білген, өзегі талып ашыққан, аурудан әлсіреген кісіге тары көже ішкізген.

Қайғыдан қара жамылып, қиындықтан қажыған ел алысқа шабылмай, үйінің іргесінде өскен талды, қайыңды тамызық қылды. Кейін «томары бар ағаш қызымды болады» деп ауыл адамдары талды томарымен қазып алатынды шығарды. Тал, терек, жалпы ағаш атаулыны, бұталарды томарымен алуға болмайтыны ескерілмеді. Соның салдары, бертін келе ол жерлердің тоғайы сиреп кетті. Тыйым салынса, тал томарларынан қайтадан балапан шыбықтар жаңалап өсіп шыға берер еді.

1942 жылдан бастап біз жаққа жер аударылып немістер келе бастады. Тұрғылықты жұрт оларды жау санамай, жылы шыраймен қарсы алды. Тұратын жайлары жоқ болғандықтан, әр жерде көшіп-қонып жүрді. Әуелгі кезде ауыл шаруашылық бөлімі кеңсесінің көлеңкесін пана қылды. Алғашқыда күнделікті күн көрістің қамымен жалданып, әркімнің шаруасын тындырып жүрді. Қара жұмыс істеп жалданған, нанын тауып жеген бір немістің арланғанын көрген емеспін. Жат ортаға бейімделгіш, еңбекқор халық екен. 1-2 жыл өткенде өздеріне шағын баспана салып алды. Түрі де, тілі де өзге олардың бізге, яғни балаларға білмейтін өнері жоқ сияқты көрінетін. Бос жатқан жерлерге жеміс-жидек екті. Алқаптарға еккен көкөністерді бабымен күтіп-баптаудың арқасында тілдей жерден мол өнім алып, қаны басқа тұрғындар ырзыққа кенелді. Аз уақыт ішінде жағдайларын да түзеп алды.

Сабақтың басталуы көпшілік жағдайда егінді жинап алумен байланыстытұғын. Өмірдің ыстық-суығына төселіп өскендіктен біз ерте есейдік. Директорымыз Кеңесбаев Жабас ауданда Ленин орденін алған алғашқы адам. Ол кісі жақсы оқитын жоғары сынып оқушыларын 2-3-ші сыныпқа сабақ беруге жиі жұмсайтын. Қыста масақ жинауға жібереді. Аты-жөніміз жазылған кішкентай дорбаны қолымызға ұстап, қар басқан егінжайда қалған масақтарды теретінбіз. Дорбаны үгіп алған бидайлармен толтыратынбыз. Тұла бойымыз тітіркеніп, тоңамыз. Қайтсек те шыдауға тиіспіз, тістеніп аламыз. Көбінекей бастықтардың балалары жұмыстан қашқақтап, келмей қоятын.

Әкем мені кішкентай кезімнен түрлі жұмыстарға жұмсай бастады. Бір жолы Қарқаралыдағы мал дәрігерлік техникумда оқитын шешемнің немере бауыры Галиханов Сейітжанды алып келуге жіберді. Қарқаралы мен Ақтоғайдың арасы 120 шақырымдай. Ол кезде мен 4 сыныпта оқимын. Әкем ең әуелі Қуаныш колхозының орталығына, одан май зауыты Милыбұлаққа, Былқылдаққа, Қарқаралыға барасың деді. Арбаға жегілген атпен алыс жолға шығуым осы болатын. Сұрай-сұрай Меккеге де баруға болады екен. Қарқаралыда қарындасы Қадишаның үйіне тоқтадым. Бір қызығы, қай үйге барсаң да қаптап өсіп тұрған қазтамақ гүлі көзге түседі. Жұрттың жағдайы төмен болса да пейілі кең еді ол уақытта. Әртүрлі тапсырмамен әр жерлерге барып жүрдім. Бірде соғыста қаза тапқан Сейітжанның ағасы Ахмедияға құран оқытуға қой алып кел деп Аққорадағы малшының үйіне жіберді. Аудан орталығынан 25-30 шақырымдай жер. Жол бойындағы төбелі сай-сайлардың арасы қалың шілік, қарақат, бұлақты батпақтылау жерлер. Ол уақытта жол-жолды торуылдап еңбек армиясынан қашқан қашқындар көп жүретін. Солар ұстап ала ма деп қорықтым. Оның үстіне атым үріксе, ертоқымға байлап қойған қойды қалай ұстап қалам. Үйге жеткен соң сол қорқыныштың барлығы ұмытылып кететін. Қорқамын деп айтуға намыстанатынмын. Қатты қорыққаным есімде, қыс уақыты, әкем түйе шанаға отын тиеп, 35 шақырымдағы Қарақұла деген жерден түнде қайтарып жіберді. Үлкендердің аузынан қасқыр түйені оңай жейді дегенді естіген едім. Түн қанша жарық болғанымен, қорыққаным сонша, балтаны үйге жеткенше қолымнан тастамадым. Шешем қарсы алғанда сөйлеуге де шамам келмеді. Кейде ойланамын әкем қалайша осындай жұмыстарға жұмсаған деп.

Балалық шағымыз қиын кезеңге тұспа-тұс келсе де біз бақытты болдық. Асыр салып ойнадық. Ол кезде астық бастыру, масақ терудің өзі бір бақыт еді. Жазда қолымыз босай қалса, шатыршаға шығып саяхат жасайтынбыз, не суға түсіп, балық аулайтын едік. Ал қыста аяғымызға шаңғы байлап төбеден сырғанайтынбыз, не өзенді бойлап коньки теуіп кететінбіз. Қайран балалық!..

Алматыға оқуға барғанша малдарды жайғастырып, қысқы отын-суды дайындауды өз міндетіме алдым. Ата-анаммен бірлесіп демалыс күндері Ақжарықтан шөп шауып алатынбыз. Шіркін, ол жердің шөбі қалың, шұйдалы болатын. Екі демалыста шалғымен шапқан шөбіміз азын-аулақ малды қыстан шығаруға жететін. Күніне арбамен төрт-бес рет қатынап, шапқан шөбімізді он шақырым жердегі үйімізге жеткізіп алатынбыз. Соғысқа дейін Жалаңаш, Қараменде өзендерінің құйылысында тұрдық. Жуан-жуан қураған ағаштарды жинап алып, қыстыгүні отын ретінде пайдаландық.

Соғыс жылдары тойып тамақ ішпесек те көңіліміз тоқ жүретін. Бір үзім нанды бөліп жедік. Қара суды қанағат еттік. Тылдағы тынымсыз тірлік бізді өмір сүруге үйретті. Жоқшылықтан жүдесек те, жанымыз жұтаң тартпады. Қайта қолымыздан келгенше өзгелерге көмектесіп тұрғымыз келетін. Бүгін, өкінішке орай сол керемет қасиетімізден айырылып бара жатырмыз…

Ортай АБДРАХМАНОВ,
2019 жыл