Университетім — мақтанышым

Университетім — мақтанышым

Қадырсұлтан НҮСІПҚАН, 1987 жылы ҚХР-ның Алтай аймағы, Шіңгіл ауданында дүниеге келген. Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің түлегі. Әлем Халықтары жазушылары одағының мүшесі, Халықаралық ұстаздар одағының мүшесі, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, Білім және ғылым министрлігінің шешімімен «Білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. 2018 жылғы Алматы облыстық «Үздік жастар нұсқаушысы» сыйлығының иегері. Жас ақын, талантты суретші, «Көңіл сыйы» жыр жинағы мен «Суретшілер тілі» көркемсурет жинақтарының авторы. Республикалық байқаулардың жеңімпазы. Шығармалары мерзімді басылымдарда жарық көріп тұрады. Тырнақалды әдеби туындысы 2002 жылы «Жауқазын» журналында «Ләлә гүлі мен Қызғалдақ» тақырыбында алғаш жарық көрген. Қазір Алматы облысына қарасты Алакөл ауданында «Елім-ай» қандастарды ақпараттық қолдау орталығының басшысы болып қызмет етеді.

Дүниежүзін әбігерге салған коронавирус пандемиясына қарсы күрес мақсатымен жүзеге асырылған «Біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында «Nur Otan» партиясымен бірге халыққа қолдау көрсетуге волонтер ретінде белсене атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының алғысын алған. Шығармашылықтағы елеулі еңбегі, қазақ өнерінің, төл мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы суретшілер одағы Алматы облыстық филиалының алғыс хатымен марапатталған. Қырғыз халқының заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов пен ұлы ақыны Эльмирбек Иманалиевті еске алуға арнап «Жазуучулардың жана чыгармачыл Ишмерлердин Эл аралык Бирлиги», «Әлем Халықтары Жазушылары Одағы» және «Avrasya Sanat, Kultur, Edebiya ve Bilim dernekleri Federasyonu» өзара серіктесе отырып өткізген «ТҮРК ДҮЙНӨСҮНҮН ЗАЛКАР ЖАЗУУЧУСУ, АКЫНЫ» атты халықаралық онлайн-фестивальдің 3 орын иегері. Алматы облысы Алакөл ауданында өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Сурет әлеміндегі Абай бейнесі» атты кәсіпқой суретшілердің туындыларынан жинақталған көрме-байқауында бас жүлдені иеленген.

Бүгін сол бір білім ордасындағы студенттік тәтті шақтар еріксізден есіме оралып отыр. Алдымда ақ қағаз бен қара қалам, жүрегімнің түкпіріндегі сағыныш жазбаларын ағылтып жатқаны шын.

Мен 2009 жылдан 2013 жылдар аралығында осы Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің кәсіби көркемөнер факультетінде оқып, бейнелеу өнері және сызу мамандығын үздік нәтижемен бітірдім. Арқаның сақылдаған сары аязы мен білім саласының майталман мамандары менің жолымда аянып қалған емес.

Е, сағындырған ҚарМУ-ым-ай, сенің сары аязың мені тоңбауға, солмауға үйретті. Сенің үздік мамандарың мені өнерлі болуға, самғауға үйретті. Мен өзімді бақытты сезінемін. Бүгінгі жемісті күндерімнің, жеңісті күндерімнің бәрі кешегі сенің арқаң, менің білімге, өнерге шөліркеген санамды сен сусатып қандырғансың. Арман қуып алғаш саған жеткенде сен мені ыстық құшағыңа басып, мейірлі ана көзімен қарағансың.

Бәрі есімде, ойхой, шіркін! Өтті ғой бәрі… өмір де, уақыт та көшкен бір керуен екен. Алғаш сенің есігіңді ашқан сәттердегі аңтарылысым мен адасқаным, қорыққаным мен торыққаным көбірек есімде қалған сыңайлы. Ой, құдай-ай, «аудитория», «куратор», сосын «лекция», «перваш» сынды небір таңсық сөздер санамызды сілкігені бар. Оның үстіне танымайтын біреу-міреу сенің өне-бойыңа тесіле қараса, өз-өзіңнен қымсынып қалатының шын. Әсіресе, жоғары курстың (старшактардың) ұлдарының өзіндік ереже-қағида, жөн-жосығы бар. Алғаш солай кімнің-кім екенін білмей іштей тынасың да жүресің. Бірақ «көш жүре түзеледі» демекші, бір топтағы группалас ұл-қыздарыңның өзін жүре келе түсінесің. Әне, солардың ішінен жақын досыңды, тіпті болашақ жарыңды да тауып алатының өтірік емес. «Кемедегінің тілеуі бір» дегендей, не көрсең де группаңмен бірге көреді екенсің. Күндер өте келе сабақ беретін талабы ауыр ағай мен апайлардың да көңілін тауып, төрттік пен бестік бағадан да айырылмадық. Сабақтан қашу дегенді де ұмыт қалдырмай, апта сайын болмаса да, ай арасында ара-кідік жалғастырып тұрғанымыз бар.

Айтпақшы, мен 1 жатаханада 4 жыл табандап жаттым. Бір қызығы, алғашқы сәттер, 1 курстағы кезімде ең жоғарғы тоғызыншы қабатқа орналастым. Сосын әр жыл сайын бір қабаттан төмен түсіп отырып орналасқам екем. Курсың жоғарлаған сайын жатақханадағы орналасатын қабатың төмендеп отыратыны заңдылық. Сөйтіп мен 9, 8, 7, 6 қабаттарға тұрып шықтым. Қай қабатқа барсам да қыздардың қазандарын көтеріп кеткен қутікеш жігіттерді көрдім.

Қызық пен шыжыққа толы сәттердің қайнаған ортасы осы жатақхана десек те артық емес шығар. Аядай бөлмеде лық толып отырып, туған күн де өткізіп жіберуші едік. Тіпті өзіміз аздай, сырттағы араласатын жақын құрбы-құрдас, дос-жарандарымызды да тастамай, вахтыдағы кезекші апайлардың тілін тауып, бірнеше сағатқа жанымызға кіргізіп алатынбыз. Әуелеген ән, күмбірлеген күй, мың бұралған бидің бәр-бәрі біздің ортамызда өтетін. Сосын «Тар жол, тайғақ кешу» сияқты боп көрінетін әлгі емтихандық «сессияға» дайындық барысында әрбір бөлмедегі студенттер бір-бірінен зор көмек сұрамай тұра алмайтын. Ең құрығанда қалай әдемі «шпор» жасаудың жолын үйретуші еді ғой…

Әй, студенттік күндерім-ай, жатақханада бөлке нанды бөліп жеп, қант салған қара шаймен суарылушы едік. Ауыл жақтан бірер сәлемдеме келе қалса, көзіміз оттай жайнап, қарнымыз бір қампия қалатынын қалай ұмытайық. Бірінің жоқтығын көтеріп, көңілінің тоқтығын көрсететін студенттерім-ай, сендер аман болыңдаршы.

Мен үшін өткен күн елес. Студенттік шақтар арман боп қалды. Сол бір уақыттың қалай ғана зымырап тез өте шыққанына таңмын? Өткен күннің оралмайтыны өкініш. Оралса ше? Мен онда студенттік әр сәттерімнің секундтына дейін қадірлейтін едім. Сол ұлы уақыттардың астарында ең терең білім, даңғыл жол, қимас сезім, ғажап сырлар, ұлы махаббат жасырынып жатқанын аңғарайықшы дегім келеді.

Мен қазір Жетісу кіндігінің ақ шабақты, ақ шағалалы, ақ айдынды Алакөлінде тұрып жатырмын. Мемлекеттік жастар саясатында және білім беру мекемелерінде жұмыс жасадым. Елбасымыз, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың: «Мен елден не алам деп емес, мен елге не берем деп қызмет жасаңдар» деген бір ауыз сөзі мені әрдайым толғандырып отырады. Сол менің ұраныма айналды. Міне, бүгін әжептәуір жетістіктерге де қол жеткіздім. «Көңіл сыйы» жыр жинағы мен «Суретшілер тілі» көркем сурет албомдарын оқырмандарыма сыйға тарттым. Өзімнен үлкендерді үлгі тұтып, артымдағы жастарға жанашыр болдым. Олардың елім деп еміреніп, тілім деп тебіреніп, етек-жеңін түріп, ертеңін ойлап, ел ісіне араласуына түрткі жасауды, сондай-ақ патриоттық сезімдерін оятуды өзіме мақсат тұттым. Елдің болашағы, қоғамның қозғаушы күші болған жастардың жанам деген жүректеріне от сыйлауды өзіме бақыт деп ұқтым.

Бос уақыттарымда шығармашылықпен, қайрымдылықпен, спортпен айналысуды өмірімнің мәнісі деп білдім. Шыны керек, мұның барлығы ҚарМУ сенің де арқаң. Сенен ішкен білім сусыны мен тағылымды тәрбиең менің жүрек түкпіріме сақталып, қоңырқай қанымда буырқанып ағып жатыр екен. Сені қалай ұмытайын білім ордасының қара шаңырағы! Мың рақмет саған! Кешегі тұғырыңнан баулып ұшқан түлегің Алатаудың мұзбалақ қыранына айналғандай. Кешегі уыздай жас студентің бүгінгі бір белді мекеменің қызметкері боп жүр ғой. Сен барлығын сезесің. Сенен осалдар мен опасыздар шықпайды. Қайта сенің хафиз рухың бізді шыңдайды. Сен туралы жазылмаған дүниелерім көп-ақ еді. Қайсы бірін қозғайын…

Қансонарда бүркітші шығады аңға
Жүйрік аттың сыны
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым!