Рухани үндестік

Рухани үндестік

Бүгін Пушкин күні. Хәкім Абай орыстың ұлы ақынының шығармашылығын 19 ғасырдың екінші жартысында қазақ тіліне тәржімалаған.

Ұлы ақын өзінің бейнелі тілі, асқан ақындық шеберлігінің арқасында ірі қоғамдық мәселелерді, адамның жан сезімін, өмірдегі шынайылық пен сыншылдықты толғай білген. А. С. Пушкиннің шығармалары көркемдік-реалистік арнада жазылған. Пушкин есімі орыс әдебиетінің тарихында қайталанбас поэма, дастан, өлең, драмалардың авторы, өзгермейтін мәңгілік өлшем ретінде сақталды. Абай Құнанбайұлы Пушкиннің туындыларын көркемдік дәрежесіне жеткізе суреттеді. «Онегиннің сыйпаты», «Татьянаның Онегинге жазған хаты», «Онегиннің Татьянаға жауабы», «Онегин сөзі», «Онегиннің Татьянаға жазған хаты», «Татьяна сөзі», «Ленский сөзі», «Онегиннің өлердегі сөзі» өлеңдерін аударды. Екі ұлы ақынның ішкі сезім үндестігі, шығармашылық байланысы туралы айтылып жүр. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Қазақ халқының ұлы ақыны» атты мақаласында: «Абайдың Пушкинге көзқарасында бүтіндей бір өзгешелік бар. «Евгений Онегин» үзінділері аудармадан гөрі, Пушкин романын шабыттана әңгімелеуге ұқсайды. Бұл ретте Абай шығыс поэзиясында ертеден қалыптасқан «Нәзира» үлгісін қолданып, өзінен бұрынғы ақындардың тақырыбы мен сюжетін жаңаша баяндайды… Ұлы мұраны еркін баяндаудың осы мәнерін Абай «Евгений Онегинге» де қолданған. Татьяна мен Онегин образдарының биік поэтикалығына, шынайылығына ғажап қалған Абай олардың тарихын баяндайды. Олардың ұлы қастерлі сүйіспеншілігінің бағалылығын баса көрсетеді және оны қазақ жастарының ұғымына жақындатады. Абай версиясында «Евгений Онегин» эпистолярлық роман түріне ие болған», — деп атап өткен. Жалпы Пушкин мен Абайдың арасында әдебиет саласында сіңірген ортақ еңбектерден бөлек, көркем шығармаларға деген ортақ көзқарас, сол кездегі қоғамдық өмірге деген ортақ ой-пікір іспеттес қарым-қатынас, ұқсастық бар.

2006 жылы Тәуелсіздік күнінде Петропавлда хәкім Абай Құнанбайұлы мен орыс ақыны Александр Пушкинге арналған ескерткіш ашылды. Символикалық тіршілік ағашымен жалғасқан Абай-Пушкин композициясы екі қос алыптың шығармашылығындағы үндестікті айшықтап тұрғандай.

Аяжан КЕНЖЕБАЙ,
ҚарМУ студенті