Ұлы ойшылдың ұлағаты

Ұлы ойшылдың ұлағаты

Қазақ руханиятының алып тұлғасы Абайдың «Қазақтың қайдан шыққандығы жөнінде» дейтін тарихи-этимологиялық мақаласы бар. Онда Шыңғыс хан есіміне қатысты оқиғаларды ел-жер тарихымен сабақтастыра әңгімелей келіп, аталмыш тұлғаның ұлт тарихына, әдебиетіне қатыстылығын ерекше атап өтеді. Шыңғыс хан есіміне байланысты ел есіндегі өткендегі әңгімелерді жаңғыртады. Шындығында, біздегі ұлттық жазба әдебиеттің жаңа кезеңі дәл осы Абайдан басталғаны анық. Бұрынғы әр-әр жерде шыққан жазба-сызба дүниелердің барлығына, әсіресе, Абай сын көзбен қарап, ұлттық руханиятқа көптеген өзгерістер енгізді, жаңалықтар қосты.

Ұлы ойшылдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» дейтін еңбегінде қазақ халқының түп-тамырына тереңдеп бойламаса да, болашақ зерттеушілерге жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, қазақ шежіресін қалыптастырудың алғышарттарын жасауға тырысқаны көрінеді.

Мысалы: «Әуелде адам балалары бұл күнгі орындарына екі жақтан толқынданып келгендігі: бірі — Үндістан тарапынан, ол жақтан келген жұрттардың көбі білімді жұрт болып, ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер; екінші — маңғұл жағынан келген; олар заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихларын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларын ақсақалдарының айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен. Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан (бұл сөз Монғолдың қол астында болған деген ұғымнан туындаса керек. — Ә.Ж.) халықтың бірі — біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы — бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз — ұят».

Абайдың бұлай айтуына екі негіз бар. Бірі әлімсақтан бері түркі-монғол тайпаларының өзара туыстастығы, көші-қоңы араласқан көшпенділер екендігі болса, екіншісі Алаш елінің бірлігін сақтап, мемлекетін құрысқан игі жақсылардың бәрі Шыңғыс ханнан тарағандығында жатса керек. Бұл жерде: «Монғолмен туыстығымыз, олардың қол астында ұзақ уақыт болғанымыз бізге кедергі келтірмейді, бірақ өзгелерден қалып қойған қараңғы, бейшара қалпымыздан ұялу қажет», — дейтін ағартушылық бағыттағы ойын да ашық айтады. Әрі қарай: «арабтар көшпелі халықтарды «хибаи» деп, «хұзағи» деп атапты. «Хибаи» дегені — «кигіз шатырмен жүруші» деген екен. «Хұзағи» дегені — өз жұртында және хұзағи деген көшпелі халқы бар екен, соған ұқсатып айтқан екен. Сол уақытының бір ханы көшіп келе жатқанда бұлардың тіркеулі түйесін көріп: «Міне, мыналар шынымен қаз-ақ», — депті, «Әдейі қайтқан қазға ұқсайды-ақ екен», — деп. Сонымен, бұлар өзін де, өзге жұрттар да қазақ атап кетіпті, бұрын өздерін «ұлыс» дейді екен де, жүре береді екен», — деуінде аңызбен астасқан бір әңгіменің шетін қозғап, ұлтымыздың «қазақ» деп қалай аталғандығы жөнінде білмекке ұмтылады.

Осы еңбегінде жалпы шығыстық мейрам «Наурыз» және қазақтың «Алаш» атануы туралы да пікірлерін келтіріп өтеді. Шағын шығарманың иіріміне бойласақ, қазақ хандығының бастау бұлағы, қайнар көзі Шыңғыс ханға барып тіреледі.

Шыңғыс хан қанша жерден қатыгез, жауыз болғанымен, әлемдік құбылыс екендігін Абай да мойындаған. Ендеше ол жайындағы аз ғана эпизодтық көрініске құлақ түрелік: «Қашан маңғұлдан Шыңғыс хан шыққанда, қазақтар құтты болсынға барыпты. Бірақ қай жерде барғаны мағлұм емес, сүйтсе де осы Шыңғыс тауында, әскер Қарауыл өзенінің бойында жатып, он екі рудан он екі кісі, маңғұлдың өз заңы бойынша, «Хан» деген үлкен биіктің басында ақ киізге Шыңғысты отырғызып, хан көтерген дейді. Тауының Шыңғыс аталып, биігі Хан аталмақ себебі де сол болса керек. Сол он екі кісінің бірі — қазақтың Майқы би деген кісісі екен. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы — Майқы би» деген мақал болған. Қазақтың соғысқа жарарлық адамы сол Шыңғыстың әскеріне қосылыпты, бұларды Шыңғыс Жошы деген үлкен баласына билетіпті», — дей келіп, біздің соңғы ханымыз да, төрелеріміз де — бәрі осы Жошы нәсілінен тарағанын тілге тиек етеді.

Көптеген тарихшылардың деректеріне қарағанда, Шыңғыс хан тарихы жайында жазылған тұңғыш еңбек «Монғолдың құпия шежіресінен» бастап, онан кейінгі «Жылнамалар жинағы», «Алтын шежіре» басқа да түрлі шежірелік кітаптарда, бертініректегі зерттеулердің барлығында да тарихи Темүжін Монғолия жерінде Онон өзенінің бойындағы ұлы құрылтайда (жиын) салтанатты түрде күллі Монғолдың жоғарғы әміршісі болып жарияланады. Сонымен бірге құрылтай Темүжінге Шыңғыс хан атағын бекітті. «Құрылтайда оны таққа отырғызып, Шыңғыс хан» деген ұлы атақ берілді. Сол жерде «Шыңғыс хан» атын иемденген қырықтан асқан өжет еркек ант беріп, көк аспанға тағзым етіп, қара жерге бас иіп, тоғыз тұғырлы ақ туды асқақтата көтерді», — деп жазады тарихи біраз еңбектерде. Бұған қарағанда, Абайдың айтып отырғаны ел ішіндегі ескі сөздер мен аңыздардан туындаса керек. «Туындаса керек» демекші, Абай да өз еңбегінде осы сөздерді жиі қолданады. «Болса керек», «қылса керек», «екен» дегендерді көбірек келтіре отырып, нақты деректердің керек екендігін баса айтқан сияқты. Қазақ тарихынан сөзді бастаған ұлы ойшылдың тағы бір ерекшелігі — сөз мәйегі мақалдарға көп көңіл бөлгендігі. Жалпы, мақал дегеніміздің өзі — әрбір халықтың жылдар бойғы, ғасырлар, тіпті, мыңжылдықтар үлесіндегі рухани әлемінің кесек көрінісі ғой. Әр дәуірдегі, әр уақыттағы адамзаттың күнкөрісі, істелген ісі, қимыл-әрекеттің бәрі мақал мен мәтелдерде тұнып жатыр. Ендеше осынау Ұлы Уақыт ішінде атқарылған әрбір істің түйіні, қорытындысы, халық тәжірибесінің негізгі көзі, тұжырымы саналатын мақал мен мәтелдерден тарих пен шежіреге қатысты сыр іздеуі — Абай болмысындағы ойшылдық, көрегендіктің бір көрінісі.

Бір қуанарлығы, ұлы ұстаздың осынау даналық ойларын бірнеше дарынды шәкірттері жалғастырып алып кетті. Мәселен, өзінің немере інісі, сүйікті шәкірті Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мәшһүр-Жүсіп Көпеев қазақ шежіресіне Абай салған ізді әрі қарай кеңейтіп, бір жүйеге келтірді. Бізге жеткен маңызды аңыздарға құлақ түрсек, Абай атамыз өмірден өтер алдында Шәкәрімді оңаша шақырып алып, ұзақ сөйлесіпті. Сондағы аманат ретінде айтқаны — ұлтымыздың тарихы мен шежіресін ретке келтіріп, тасқа бастырып кейінгі ұрпаққа қалдыру екен. Аяулы ағаның, ұлы ұстаздың соңғы өсиетін шәкірті Шәкәрім тыңғылықты орындап өткеніне бүгінде бәріміздің көзіміз жетіп отыр. Енді Шәкәрім қажының сол еңбектерінен сәл үзінді келтірейік:

Ел ішіне шежіренің қара сөз және өлең үлгісіндегі екі түрі еркін тараған. Мейлі, тарихи шежіре болсын немесе аңыздық шежіре болсын, прозасы да, поэзиясы да кезігеді. Қара сөз түрін пернелі, ал өлең нұсқасын термелі деп те атауға болады. Аңыздық шежірелер немесе әдеби деп те айтуға болады, олар аңыз, әңгімелер, жай қолданылса, тарихи түрінде нақты жылнамалық деректер көп кездеседі. Өлең-шежірелердің қатарына Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақтың түп атасы» туындысын жатқыза аламыз. Поэзиядағы көркемділікті мазмұнмен үндестіре білген ақын өте көлемді шежіре-дастанды өмірге әкелген. Осы шығармасында Шыңғыс хан туралы бірнеше шумақтың көлемінде мәлімет келтіреді. Бірден ханның әлемге танымал екендігін паш еткен:

Кім білмес кешегі өткен Шыңғыс ханды,
Жартысын дүниенің түгел алды.
Талайын Еуропаның бас игізіп,
Қорқытып Қытайға да алым салды.

Ақынның айтқандары — тарихи шындық. Өйткені бұл мәліметтер тарихи еңбектерде де осылай берілген. Бірақ ақын мұнымен ғана шектелмейді. Енді ел аузындағы аңызды да баяндай отырып, қазақ даласындағы елді мекен, жер атауымен байланыстырады.

Қолына туып еді қан уыстап,
Әлемді билейтұғын үлгі нұсқап.
Қойылған Шыңғыстауға соның аты,
Өзенін осы қаһан кеткен қыстап.

Расында, Арқада Шыңғыстау деген жердің бар екендігі анық. Осы жер атауының Шыңғыс хан атына қойылғандығы жайлы нақты тарихи дерек жоқ. Бірақ Шәкәрімнің жайдан-жай келтіре салмағаны да белгілі.

Мүмкін, ел тарихын жер аттарымен байланыстырып отыруды дәстүрге айналдырған қазақ халқы (Қалмақ қырған, Жидебай және т.б.) бұл атауды да осындай оқиға негізінде алған шығар. Олай болса, ақынның сөзінде мән жатыр, астар жатыр.

Ортасын араб, қытай түгел алып,
Азия, Еуропаға жарлық салып,
Мейірімді, алған елге әділетті,
Кетеді қарсыласса қанға малып.

Қазақ халқында «Досқа жұмсақ, дұшпанға қатал бол» деген мақал бар. Бұл өз елінің нағыз патриоты болған азаматқа айтылады. Ақын Шыңғыс ханның осындай бейнесін беріп отыр. Яғни өзіне бағынған елге мейірімді де, қарсыласқандарды аяусыз жазалаған. Енді келесі шумаққа ден қойып көрейік.

800 туғанына жылға толды,
Темучин атын бұзып, Шыңғыс қойды.
Шыдамды Шыңғыс деген мықты демек,
Отызға келмей тұрып бақыт қонды.

Егер бұл дастанды Шәкәрім шамамен 1880 жылдары жазған болса, онан 800 жылды алып тастасақ, 1080 жыл шығады. Бұл дерек тарихи мәліметтермен сәйкеспейді.

Көпшілік деректерде Шыңғыс хан 1155 жылы туылған дейді. Ақын өлеңнің ырғағына орай ықшамдап алғанға ұқсайды. Тарихи деректердің барлығында дерлік оны қырық немесе қырық бір жасында хан сайланған дейді. Ақынның «бақыт қонды» деп отырғаны оның алғашқы тайпалармен шайқастарда жеңіспен көзге түскен кезі болса керек.

Ол туған Бұлынжылдық деген жерде,
Рахымды қол астына кірген елге.
Не дінге, не ғұрыпқа қол сұқпаған,
Ой жібер, міне осындай кемеңгерге.

Ханның туған жері туралы мәлімет тарихи деректермен үндес. Ал ақынның ол туралы ой-пікірі жағымды, қарамағындағыларға үлкен қамқорлықпен қарады дегенді айтады. Және бұл пікірін төрт жол шумақтың бойында бірнеше рет қайталайды. Әрине, Шәкәрім мұны жайдан-жай ойдан шығара салған жоқ. Бала кезінен ел ішіндегі Шыңғыс хан туралы әңгімелерді, аңыздарды естіп өсті. Яғни аңыздардың басым көпшілігі хан туралы оң пікір туғызатын мазмұнда болған болуы керек. Ақын пікірі халықтық негізде алынған. Олай болса, өткен ғасырлардағы әңгімелер Шыңғысқа қатысты жағымды ойға жетелегенге ұқсайды.

Шыңғыс хан жайлы сыр шертетін шежірелік шығармаларға Әбілғазының «Түрік шежіресін», Қ. Жалайырдың «Шежірелер жинағын», Ш. Құдайбердіұлының «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресін» жатқызуға болады. Сонымен қатар, «Монғолдың құпия шежіресін» айта аламыз. Бірақ соңғы туындының қытай әрпімен жазылған көшірмесі Монғол тілінде шыққан, қазақ тіліне кейін аударылып басылды.

Анықтап айтқанда, тарих пен шежіре — ежелден егіз дүние. Туған жердің тарихымен сол елдің шежіресі бір-бірімен тығыз байланыста. Біз жер мен елдің тарихын шежірелерден іздейміз. Тарих — шежіре, шежіре — тарих. Жер бетін мекендеген әрбір ұлт өзінің жүріп өткен жолынан тарих жасайды. Ал тарих жасаудың ең тиімді жолы — шежірелік дүниелерге сүйену. Жалпы, шығыс халықтарында сонау орта ғасырлардан бері қарай әр түрлі деңгейде шежірелер мен жылнамалар хатқа түсіріліп, елдің игілігіне жаратылған. Солардың алғашқысы — адамзат мәдениетінің құнды мұраларының қатарына жататын «Монғолдың құпия шежіресі». Онан кейінгі З. М. Бабырдың әйгілі «Бабырнамасы» және Қ. Қосымұлының «Жылнамалар жинағы» т.б. Осы жәдігер туындылардың ішінде қазақ халқына қатысты мағлұматтардың бар екендігін алғаш айтқан адамдар біздің ұлтымызда Шоқан мен Абай десе де болады.

Шыңғыс хан туралы дерек беретін тағы бір керемет шежірелердің бірі — Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі». Еңбекте Шыңғыс ханға арналған тарау көлемді болмаса да, зерттеушіге маңызды, мәні бар мәліметтер өте мол қамтылған.

Тарау ханның өмірбаяндық деректемесі тәрізді басталады да, жалпы хандар шежіресін өрбітеді. Шәкәрімнің өзінің айтуына қарағанда, Шыңғыс туралы көп мәлімет білгенге ұқсайды. Бірақ негізгі мақсат қазақ хандығының шежіресін жасау болғандықтан, тек қана үрім-бұтақты тізуге ерекше екпін түсірген. Автордың: «Бұл Шыңғыс ханның алған жерін, қылған ісін, түгел айтуға бір үлкен кітап болды. Бір шеті қытай, бір шеті араб, барша Азиядағы жұртты түгел алып, Европаның да бергі шетін алды», — деп түсіндіруіне қарағанда, тарихи мәліметтер мол болса керек. Бір деректерде Шыңғысты 1206 жылы, ал енді бірінде 1202 жылы хан сайланған десе, Шәкәрім: «Осы Шыңғыс тауында хан көтеріліп, Хақан, яғни хандардың ханы атанып, үлкен хан болғаны 1203 жылы болса керек», — деп жазады. Осындай пікірлерге қарағанда, нақты хан тағына отырған уақыты туралы жазба дерек жоқ тәрізді. Өзге де жазбаларда, көркем туындыларда көрсетілгендей, Шыңғыстың төрт баласының болғандығын Шәкәрім де айтыпты.

Автор ханның азан шақырып қойған Темужін есімі туралы мәлімет бермейді. Шыңғыс хан атануы туралы да дерек келтірілмеген. Бірақ шежіренің құндылығы тарихи тұлғадан тараған хандар ұрпағын XIX ғасырға дейін таратып беруінде жатыр. Сонымен қатар немере, шөбересіне дейінгі адам аттары Шыңғыс хан туралы жазылған көркем шығармаларда да өзгеріссіз алынған. Ұқсастық, кездейсоқтық емес, тарихи шындық. Шәкәрім, Шыңғыстың балаларын жасына қарай Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле деп жазған. Осы қағида Әбілғазының «Түрік шежіресінде» де дәлме-дәл күйінде берілген. Үгедейдің үлкен ұлы Күйілхан екендігі осы екі шежіреде де айтылады.

Шәкәрім шежіресіне тән ерекшелік — онда жыл көрсеткіштері жиі қолданылған. Атап айтқанда: «Жошының екінші баласы Бату хан, лақап аты Сайын, 1227-де Шыңғыс тірі күнінде Жошының орынына хан болды», немесе: «Мұның орыс жұртын қаратып алғаны 1243 жыл еді», тағы бірде: «Бұл Бөрге хан 1266 жылы өлді» және тағысын тағылар. Нәтижесінде шежіренің аңыздан гөрі ақиқатқа жақын екендігін аңғарамыз.

Онан кейінгі уақыттарда да бұл ізгілікті із, игілікті іс бірте-бірте толысып, тереңдеп һәм биіктей берді.

Әлімжан ЖАҚАН,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы