Бір өлеңнің өлшемі

Бір өлеңнің өлшемі

Ұлттық руханиятымызда ұлы Абайдың асыл мұраларын зерттеп-зерделеген ғалымдар, терең ой иелері біршама. Уақыт өткен сайын олардың қатары көбейіп келе жатыр.

Сөз жоқ, Абай — алып мұхит. Өзінің тым жұмбақ, өте құпиялы, құдіретті әлемін бір кезде Абайдың өзі:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, — деп айтқаны баршаға мәлім. Осынау жұмбақ жан иесінің қаламгерлік құдіретін, шығармашылық шеберлігін әр заманның перзенттері айтып та келеді, жазып та келеді. «Абайтану» дейтін арналы өзен толқындана ағып жатыр.

Абайдың сөз құдіреті мен ой орманына алғаш бойлаған алаш қайраткерлері екенін көзі қарақты көп оқырман біледі. ХХ ғасыр басындағы ұлт тұлғалары Әлихан Бөкейхан, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезовтер бастаған бұл салаға, әрине, сол кезеңдегі қаламгерлердің, зиялы қауымның бәрі де атсалысып еді десек, артық айтқандық емес. Өйткені, хәкімнің әрбір сөзі, ойы, өлеңі, қара сөздері, әндері, тіпті аудармаларының өзі оларды жалт қаратты, таңқалдырды, қызықтырды. Сөйтіп, өзінің шексіз иіріміне тарта жөнелді… Бұған бір мысал, Абайдың тетелес інісі, бір заманда жарты ғұмырын өткізген, өлең-жырдың өрен жүйрігі Жамбыл Жабаевтың 1940 жылы жазылған шағын арнау өлеңі бар. Үш шумақтан ғана тұратын бұл туындының тақырыбы – «Абайдың суретіне» деп аталады.

Мәтіні мынадай:

 Мынау тұрған Абайдың суреті ме?
Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.
Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,
Өр Абайдың төтеген кім бетіне?

Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,
Өлеңменен өлмейтін салған нұсқа.
Арғын, Найман сөзіне таңырқаған —
Қандай арман бар дейсің бұл туыста!

Терең ойдың түбінде теңізі бар,
Тесіле кеп қарасаң көңіл ұғар.
Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,
Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..

Қысқа өлеңнің қызуы басым. Абайдың суретіне қарап тұрған Жамбыл ақын өлең-сөздің құдіретін асқақтатқан хәкімге қайран қалып, оның өр тұлғасының алдында өзінің әлі де шәкірт екенін мойындайды. Ақыл, қайрат, білімді таразыға тең тартқан ұстаздың өлең өлкесіндегі өлмес ескерткішін айта келіп, «Арғын, Найман сөзіне таңырқаған — Қандай арман бар дейсің бұл туыста!» — деп Абай замандасының танымалдығына тағы да тамсана түседі. Теңіздің түбіндегі терең ойды тесіле қараған адам ғана көреді. Сол мөп-мөлдір маржанды көп оқыған адам ғана ала алады.

Өкінішке орай, «Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей, Есіл сабаз ызамен өткен шығар!..» — деп Абаймен қоса қынжылады.

Шағын да шымыр шығармада Абайға деген құрмет-сый тұнып тұр. Бұл арнаудан ұлы ақынның классикалық өлеңдері мен әндерін, қара сөздері мен аудармаларын жоғары бағалаған адамның жан лебізін, көңіл толқынысын көреміз. Бір таңқаларлығы, айта кетер бір жайт, Абай жайлы арнау өлеңнің жазылған мерзімі — 1940 жыл. Тарихқа тарғыл таңбасын салған екінші дүниежүзілік соғыстың алдындағы бұл кезең қазақ руханияты үшін өте ауыр уақыт еді. Сонау 1920 жылдардан басталған «кеңестік қызыл машина» қазақ халқының мәйегін құртып, қаймағын қалқып алған тұс болатын. Тоталитарлық жүйенің тоғышарлары, білімсіз большевиктер, пайымсыз-парықсыз пенделер тірілер түгілі, марқұмдардың да мазасын алып жатқан мезгіл еді. Ұлтымыздың ұлы ақыны, ірі ойшыл, хәкім Абайды «үстем тап өкілі, феодал, байшыл» деп қаралап жатқанда, 1930 жылдардың сұм саясатымен әулие Құнанбайдың әулетін әурелеп, текті тұқымның тоз-тозын шығарған шырғалаң кез еді ғой. Кеңес әдебиетінде «социалистік реализмнің» дәуірлеп тұрған уақытында Абайға арнап мұндай өлең жазу — 94 жастағы қарт Жамбылдың үлкен ерлігі екендігі даусыз.

Студент кезімде филолог болған соң көп кітаптарды оқуға тура келді, есті әңгімелерді есте сақтауға тырыстым. Әлде бір жерден оқыдым ба, әлде біреуден естідім бе, әйтеуір, Абай мен Жамбыл жайлы бір дерек есімде қалып қойыпты.

Қысқа қайырымы:

… Кеңес Одағының кезеңі. Жамбыл Жабаевтың қартайған шағы. Дегенмен, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған уақыт. Бірде қазақ әдебиетінің классиктері атанған бір топ ақын-жазушылар арасында Абайдың шығармашылығы жайлы әңгіме қозғалады. Олар қазақ жазба әдебиетінің негізін салған Абайды мейлінше мақтап, өз ойларын ортаға салып отырғанда, араларында Жәкең ғана сабыр сақтап, үнсіз қалады. Сонан қаламгерлер ішінен біреу:

— Жәке, Абайға деген сіздің көзқарасыңыз қалай? — деп сауал тастайды. Қарт Жамбыл әлгі адамға бұрылып:

— Е, е, Абай ма, ол — ақын емес қой… — деп қойып қалады. Жаңағы даурығып отырған зиялы қауым сап тиылып, бәрінің де ұнжырғалары түсіп кетеді. Даңқты Жамбылға қарсы дау айтуға ешкімнің дәті бармайды. Бәрінің бастары салбырап, іштерінен: «мына шал құртты-ау» дейтіндей ойға қалады. Тосын сөзден тығырыққа тірелген топтың арасында сәл үнсіздік орнайды. Бір мезгілде қарт қырандай қомданған Жәкең жан-жағына қарап: «Абай — ақын емес, — дейді тағы қайталап, — ол — поэзия пайғамбары ғой!» — депті жанарынан жалын шаша. Осы сәтте отырғандар «ух» деп дем алып, ду қол шапалақтап, бір жасап қалған екен.

Қазақта «жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» деген сөз бар. Сол жерде отырған куәгер адамдардан бізге жеткен деректі әңгіме осы.

Бұл — Абай мен Жамбылдың, яғни екі алыптың арасындағы сыйластықтың, қимастықтың бір қасиетті құсы секілді кішкене ғана деталь, шағын штрих қана болуы мүмкін. Әңгіменің реті үшін айтылды.

Шын мәнінде жырау Жамбылдың айсберг Абайға арнаған бір ғана өлеңінің өзі үлкен ойларға жетелейді екен. Жалпы, арнау өлеңдерінің табиғатында адамға деген құрмет, сый, баға жататындығы бұрыннан мәлім. Сол үрдісті ұстанған Жамбыл ақын Абайдың суретіне үңіле отырып, оның ұлылығын таныған. Ендеше, Абайдың құдіретті әлемін, феноменін түсіну үшін хәкімнің барлық шығармаларын бірнеше рет оқып шығу жеткіліксіз. Сонымен қатар Абайға, оның айналасына арналған туындыларға да зер салып, ой түйген абзал.

Әлімжан ЖАҚАН,
журналистика кафедрасының аға оқытушысы