Арқа төрінде — айтыс

Арқа төрінде — айтыс

Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Арқа төрінде республикалық ақындар айтысы өтеді деген жағымды жаңалықты естігелі көңіліміз тасып, бір қуанып қалдық. Студенттер арасында өтетін бұл додада оқу ордамыздың намысын кімдер қорғамақ?

Ұйымдастырушылармен хабарласып, айтысқа еліміздің әр өңірінен жиналған сайдың тасындай іріктелген 18 ақынның қатысатынын білдік. Сол сәйгүліктердің екеуі ҚарМУ-дың намысын қорғамақ. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген халықпыз ғой. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген қос ақынымыз Еркеғали Бекболат пен Жандос Бақытұлына сахнада сүбелі сөз, орамды ой айтып, шабыттарың шарықтап, намыстарыңа қамшы басыңдар дейміз.

Қатысушыларға қойылатын талап бір: өзіне берілген уақыт ішінде мәнді де мағыналы сөз айтып, дана Абайдың асыл мұрасын насихаттау, ащы болса да шындықты тілге тиек ету. Талай аламан айтыста топ жарып, ұлтымыздың ұлы өнерін дәріптеп, оның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген ағамыз Аманжол Әлтаев төрағалық ететін бұл айтыста жас тұлпарлардың шабысына Қуаныш Мақсұтов, Мақсат Ақанов, Сара Тоқтамысова, Дидар Қами сынды айтыстың ақтаңгерлері баға береді.

Ақпанның 28-і күні айтысқа асығып келіңіздер. Шын жүйрік, кім жүйрік екенін бірге көрейік.

АЙБЕК САЛДАТБЕК,
ҚЖ-12 тобының студенті