«Абай және тәуелсіз қазақ елі»

«Абай және тәуелсіз қазақ елі»

Қарағанды мемлекеттік университетінде тарих факультеті жанындағы «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастырумен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын талқылау мақсатында «АБАЙ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шарада Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өту барысында жаппай науқаншылдыққа бой алдырмай, маңызды басқосулар ұйымдастырылып, болашағы зор бастамалар қолға алынып, ізгілікті істер атқарылса деді. Сонымен қатар отбасылық өмірге қадам басқан жастарға дана Абайдың кітабын сыйлық ретінде тарту етуді дәстүрге айналдыру қажет деген ұсыныс білдірді. Көпшілік бұл тілекті қуана қабыл алды. ҚарМУ ректоры аппаратының жетекшісі Елдос Түйте Президент мақаласының маңыздылығына тоқталып, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екендігін баса айтты. Дөңгелек үстел барысында профессорлық-оқытушылар құрамының хәкім Абайды әр қырынан танытуға бағытталған тұщымды баяндамалары тыңдалды. Абай шығармалары арқылы сол кездегі қоғамға, халықтың хал-ахуалына тарихи тұрғыдан баға берілді. Баяндамашылар әлем мойындаған Абайдың ұлылығы, Абайдың жаңашылдығы, Абай шығармаларындағы ізгілік пен Абайдың адамгершілік қасиеті туралы ой бөлісті. Келелі отырыста Абай мұрасын қамтыған презентациялық материалдар ұсынылды, көрме ұйымдастырылды.

Әрдайым ұлтымыздың ұлыларын ұлықтайтын іс-шаралардың басы-қасынан табылып, ұлы тұлғалардың өнегелі өмірі мен шығармаларын жастарға таныстырып, үлгі-өнеге етіп жүретін асыл апайымыз Нұрсахан Ахметқызы тыңдаған құлаққа басқосудың берері мол болғандығын, баяндамалардың жинақ ретінде басылып шығатындығын, студенттер арасында «Абай жолымен» атты конкурс жарияланғанын айта келе, алдағы уақытта да адамзаттың бәрін сүйген хәкім Абайды жастарға танытуға тырысамыз, Абайды таныған сайын тани түс деген түсінікті қалыптастыруға ұмтыламыз деді.

ҚарМУ баспасөз қызметі