Абайдың ұлағаты

Абайдың ұлағаты

Ел егемендігінің барысындағы жетістіктерімізді бағамдап, талай ұтымды ұсыныстар мен рухани құндылықтарымыздың түп-тамыры жайлы жазатын ұлттық газетімізде жарияланған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай — рухани реформатор» атты мақаласында бүгінгі Ұлы дала елінің даму жолын Абайдай ғұламаның ғибратын талдау арқылы нақты көрсеткен.

Абайдың ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы саяси, әлеуметтік және рухани дамудың құлдырауының басты себептерін көріп, халқының болашағына төніп келе жатқан әлеуметтік індеттен сақтандырғанын ерекше атап көрсеткен. Келер ұрпаққа аталы сөз қалдырған, Абайдың терең ойлы философиясын бүгінгі жас ұрпаққа түсіндіру арқылы тәрбие мен білім беру мемлекеттік маңызды мәселе екенін айырықша атап жазып, үлкен игі жұмыстардың атқарылатынын баяндаған. Ғұлама ұсынған білімді терең игеру, тек білім арқылы әлемдік өркениеттің озық көшінің алдыңғы сапында болуға айырықша көңіл бөлген. Жастарды ұлтымыздың озық құндылықтары негізінде тәрбиелеуді жетілдіруді ұсынып, Абайтануға қайта ұлттық мүдде және әлемдік өркениет тұрғысынан қараудың маңыздылығына тоқталуы ел тағдырын ойлаған ұлттық саяси тұлғаның рухани биіктігін айқындайтыны даусыз. Абайдың жаңа кәсіпті игеру — ең бірінші адам арының өлшемі деген ойын түсіндірудің өзектілігіне үлкен мән берген. Сонымен қатар, елімізді — тәуелсіздігімізді сақтап қалудың қиын кезеңінде және жаһандану, бәсекелес заманда ұлтымыздың ынтымағының, ауызбіршілігінің аса маңызды екенін айта келе, Абай айтқан ынтымақ ұстанымының қажеттілігі негізінде ғана еліміздің ордалы жерде орнын жоғалатпауды тұжырымдағанын ерекше атаған жөн.

Абай, қазақ рухын кешегі отаршыл жүйе жағдайында қайта жаңғыртудың бастауында тұрды. Сол ұлы рухани жаңғыруды Алаш зиялылары жалғастырғанымен тәуелсіз мемлекеттік жағдайдағы идея деңгейіне жеткізе алмай арманда кетті. Осыдан 30 жыл бұрын ғана бабалар арманы жүзеге асты. Бүгінде мемлекет алдындағы ұлы стратегия: тәуелсіздік тұғырын берік ұстай білетін, жеткен жетістіктерімізді сақтап, алға қарай дамытатын, Ұлы дала мұрагерлері — жастарға атақты тарихи тұлғалардың рухани мұрасын оқытып, түсіндіре отырып тәрбиелеу арқылы білім беру басты мақсат екені мақаланың негізгі өзекті идеясы болған.

Қазіргі заман — бұл өркениет қақтығысы жүріп жатқан мәдени империализм заманы. Осы тұрғыда ел Президенті өз мақаласында ұрпақ тәрбиесінде Абайдың «адам сүйгіштік» категориясын меңгеруге баса көңіл бөлудің керектігін жазады. Автордың пікірінше, рухани тәрбие алып, ойлануға келген адамның ойланбай кетуіне жол бермеу өте маңызды. Шындығында, Қытай сияқты алып мемлекет Конфуций ілімін білмеген адамды билікке жібермейді екен. Біз де Абайдың толық адам ілімін білмейтіндерді ұрпақ тәрбиесіне жолатпауымыз керек-ау. Мақаланың мазмұны осыны анық көрсетіп тұрғандықтан, оның теориялық, практикалық маңызы өте жоғары.

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.к., доцент