Абайдың рухани әлемі

Абайдың рухани әлемі

Ағымдағы жылдың 10 тамызында ел көлемінде Абай күні аталып өтті. Ақындар мен жазушылардың шығармашылығы жаңа мәдениетті қалыптастырып, рухани құндылықтарды оята отырып, әрқашан адамдардың дүниетанымына айтарлықтай әсер етеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» мақаласында қазақтың бас ақыны, ағартушы, ойшыл, композитор, қазақ жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін қалаушыАбай Құнанбайұлы туралы «Абайдың ұлағаты әлі күнге дейін маңызын да, құндылығын да жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз оның терең ойларына, келешектің келбетіне үңілген көрегендігіне таңырқаудан жалыққан емеспіз. Абай ілімі бүгінгі бірқатар бағыттарға орайлас келеді. Ең алдымен, білім игеру. Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады», — деді.

Мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай шығармашылығының призмасы арқылы бүгінгі ұрпақты еңбек етуге, рухани тұрғыдан өсуге үндеді. «Пайдаойлама,ар ойла, Талап қыл артық білуге» деп, тәлім-тәрбие мәселесіне ерекше назар аударды. Президент хәкім Абайдың «Мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген ойын негізге ала отырып, «Байлықтың да, бақыттың да кілті – өзің сүйген кәсіпте» деп тұжырым жасады. Мемлекет басшысы дана Абайдың әрдәйім қоғамның береке-бірлігін арттыруға баса назар аударғанын атап айтып, күллі жұртшылықты махаббат пен мейірімге үндеген ақынның адамгершілік қағидаттары, елдік мүддені әрдәйім жоғары қойған ұстанымы еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін ауадай қажет екендігін алға тартты.

Президент: «Біз аса күрделі кезеңді бастан өткерудеміз. Осындай сәтте бір-бірімізге қол ұшын беріп, өзара мәміле мен ынтымағымызды арттыра түсу аса маңызды. Кемеңгердің де жан-жүрегімен тілегені жұртының амандығы мен ұлтының тұтастығы еді. Сондықтан бүгінгідей қиын шақта Абай мұрасына жүгіну өте өзекті болып отыр. Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді» — деді.

Абай Құнанбайұлының өмірлік көзқарасы өлеңдері, қара сөздері арқылы көрініс тапты. Адамгершілік ілімін дәріптеп, иман, ар-ұят туралы ой толғады. Білім мен ағарту саласына баса назар аударды. Бүкілхалықтық өркендеу ғылым, озық идеялар мен мәдениет қоғамда басым болған кезде ғана пайда болады деп пайым жасады. Міне, сол себептен де Абайдың көзқарастары, ой-толғамдары өміршең, өлеңдері халықтың жүрегінен орын алды. Ұлы ақын білім мен ғылым өркениетке бастар алғышарт екендігін айтты. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды. Екінші — ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» дейді отыз екінші қара сөзінде. Абайдың көзқарастары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Білім беру жүйесінің басты көрсеткіші білім сапасының жоғары болуымен тікелей байланысты. Білім беру сапасын жақсарту, ғылымға көңіл бөлу қазіргі таңда ең өзекті мәселеге айналып отыр. Осы орайда академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті ұлы Абайдың рухани мұрасын зерттеуге және насихаттауға ерекше көңіл бөліп келеді. Оқу орнында ғылыми конференциялар, шығармашылық байқаулар, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер, дебаттық турнирлер ұйымдастырылды. Өткен жылдың соңында университет ұжымы Абай әндерін орындау челленджін іске қосты. Поэтикалық эстафета өскелең ұрпақты тәрбиелеуге және өнерге баулуға бағытталды. Ағымдағы жылдың 16 қаңтарында тарих факультетінде «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығы «Абай және Тәуелсіз қазақ елі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Дөңгелек үстел барысында профессорлық-оқытушылар құрамының хәкім Абайды әр қырынан танытуға бағытталған тұщымды баяндамалары тыңдалды. Абай шығармалары арқылы сол кездегі қоғамға, халықтың хал-ахуалына тарихи тұрғыдан баға берілді. Баяндамашылар әлем мойындаған Абайдың ұлылығы, Абайдың жаңашылдығы, Абай шығармаларындағы ізгілік пен Абайдың адамгершілік қасиеті туралы ой бөлісті. Алдағы уақытта да осындай іс-шаралар өткізіледі.

Студенттерге Абайдың «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» деген ұлағатты сөзін айта отырып, уақытты босқа ысырап етпей, оқуда құлшыныс танытып, ғылыми ізденістермен айналысуға және бос уақыттарыңызды кітап оқуға арнаңыздар дегім келеді.

Ел Президенті өз мақаласы арқылы адамзаттың Абайының рухани мұрасының призмасы арқылы санамызды жаңғыртуға үндейді. Абайдың еңбекке деген сүйіспеншілігін, білім алуға және ғылымды зерттеуге деген ұмтылысын, халықтың мүддесі үшін жанқиярлық күресті арттыратын адамгершілік өсиеттерін дәріптеу әлеуметтік құрылымның жаңа көкжиектеріне жол ашады. Бүгінде Абайдың этикалық идеалы маңызын жоғалтқан жоқ, қайта қайыра жаңғырып, жаңа үндестік күшіне ие болды.

Еркеблан Мұратұлы Тажбаев,
Ғылым және технологиялар саласындағы инновациялық қызмет жөніндегі проректор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, химия ғылымдарының докторы, профессор