Абайдың даналығы

Абайдың даналығы

Мың есе биік тұрған пақырлықтан
Көрмеппін құдіретіңді соқырлықтан
Қазір мен құлдық ұрған шәкіртіңмін
Өзіңнің өлеңіңнің отын жұтқан.
Ұлықбек Есдәулет

«Кім десе нағыз дана — Абай дер ем» деп бала кезімде адамзаттың Абайына өлең арнағаным есімде. Кішкентайымнан талап, еңбек, терең ойдың, қанағат пен рақымның бес асыл іс, ал өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақтың бес дұшпан екені санама сіңді, көкейімде жатталып қалды. Дүниенің кетігіне кірпіш болып қалануды мақсат етіп, алға ұмтылдым.

Үш қасиетті қайтсем де баптаймын деп бақыттың не екенін ұқтым. «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Жалқаулықпен күресетін ыстық қайраты болса, тоқтар жерде тоқтап, сабыр ететін жерде сабыр қылатын, жақсыдан ғана үміт етуді нұсқап тұратын нұрлы ақылы болса, осының бәрі менен емес, Құдайдың мейірімінен деп ыстық қайраты, нұрлы ақылымен тапқан нанын жылы жүрекпен жан-жағына мейірімін төгіп тұрып тарата білген жандардың қатарынан болса, осы үш қасиетпен Абай айтқан АДАМ екенін білер. Нан дегенім — қолда барың, білім, ғылым, парасат, әйтеуір жылы жүрегің қалап, алақаныңнан болсын, жүрегіңнен болсын шығарған сыйың. Сонда бақыт деген осы екен ғой дерсің! Өзіңді жаратқан Құдайға, содан өзіңе сүйсінерсің. Мұныма Абайдың бір өлеңі себеп болды…

Талай ақын ел қамын жеп өлең жазса, мен оның бәрін Абайдың надандықпен күресуінің суреттемесіндей көремін. Олар естіртті де, еркелетті де, оятты да, не істесе де Абайға сүйкеніпті ғой. Себебі Абай қазақтың маңдайына біткен бағы, темірқазығы…

Абай қазақтың оңын да, солын да танып білген өз заманының қазақтанушысы болған сыңайлы. Мақтаннан күйігі көп болғанына қарағанда, ол өз жұртына адал болып, ақ пен қарасын айқындап, сөз иесін табар, есті құлақ естір деп жаза берген. Ал бүгінгі күні Абайдың ұлылығын мойындамаған ел жоқ.

Хәкім Абай туралы жазарым әлі көп болатынын білемін. Өйткені Абай — ғасырдан-ғасырға жетіп, айтылуы тиіс тарихи және әдеби өте бай мұра.

Дияна САҒЫМБЕКОВА,
ҚарМУ студенті