Абай күні

Абай күні

«Қазақтың бас ақыны — Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ даласында біз білетін ақын болған жоқ» — дейді Ахмет Байтұрсынов. Рас… Абайдан оза туған ұлы ақын қазақ даласында болған емес. Абайдың даналығы һәм даралығы тегінен екені бесенеден белгілі. Әйткенмен, оның тұлға болып қалыптасуына әсер еткен бірден бір ұлы күш — халық, сол замандағы қаймана қазақтың тұрмысы мен тыныс-тіршілігі.

«Қолымызды мезгілінен кеш сермеп», тірісінде қадіріне жете алмасақ та өлгеннен соң рухына тағызып ететін қазақпыз…

Бүгінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында үлкен жобалар іске асырылып жатыр. Әлемді жайлаған індетке қарамастан шама-шарқымыздың жеткенінше өскелең ұрпаққа Абай Құнанбайұлының еңбегі мен шығармаларын, қазақ жүрегінен алар орнын дәріптеп, санасына сіңіріп жатырмыз. Осы орайда, еліміздегі мерекелік күндердің тізбесі жаңа бір мерекемен толысты, яғни 10 — тамыз Абай күні деп бекітілді. Халқына қалдырған мол мұрасының жанында бұл теңізге құйған тамшыдай ғана болса да ұрпағының көрсеткен құрметі һәм ықыласы.

Мейлі, талай ғасыр өтсе де, талай өзен тасып өтсе де ұлы ақынға деген шексіз махаббаты, хәкімнің Алаш жұрты алдындағы абыройы еш аласармайтынының тағы бір дәлелі, айғағы…

Бектас ЖҰМАН,
«Ұлағат» шығармашыл жастар клубының жетекшісі,
Қарағанды университеті Студенттік Парламентінің депутаты