Абай және тарих

Абай және тарих

Абай қазақ тарихына байланысты көптеген ой-пікірлерін білдірген. Соның бірі — «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» еңбегін жазған. Яғни, қазақ халқының шығу тарихын Абай ең бірінші рет бастаған. Абай ер жетіп, ел ісіне араласқан дәуір — рушылдық идеологияның, патша өкіметінің отаршылдық «бөліп ал да билей бер» саясатының ықпалымен өршіген кезі. ХІХ ғ. ІІ жартысында Қазақстанда капиталистік қарым-қатынас қалыптасып, жаңа империалистік дамудың алғашқы элементтері қалыптаса бастаған. Әр рудың мүддесін ерекше қорғайтын рушылдық идеология басым болды. Отаршыл патша үкіметі рулық идеологияны өз мүдделеріне пайдаланды. Осындай ескі феодалдық және капиталистік дәуірдің қиылысында өмір сүрген жеке дара тұлға ретінде Абай шығармаларында дәуірдің объективтік бейнесі — қоғамдық қарым-қатынас, қазақ тұрмысы сол дәуірдің дерегі ретінде бейнеленді. Бірақ та Абайдың халық мүддесі үшін жүргізген ағартушылық іс-әрекеті рушылдық болып бағаланды. Мысалы, тобықты руының ақыны Қуанышбайдың Абайды рушылдық мүдденің күрескері ретінде танытатын мынандай өлеңі бар:

«Абайдың әр білімі елден асты,
Әр жерде-ақ сіздің елмен қарсыласты.
Имансыз ит болмасаң өзің куә,
Талай тантық Найманның көңілін басты.
Абайдан құтыларлық ебің бар ма,
Сендердің көмек болар көбің бар ма?!
Балқыбек, Бақанаста сьөз болса,
Аттанған айып бермей күнің бар ма?!»

ХІХ ғ. ІІ жартысында қазақ даласында патша үкіметінің ел басқару жүйесіне тереңдеп енген кезі болатын. Жер-жерлерде болыстыққа сайлаулар өткізілген.

Абай Құнанбаев шығармаларынан өзі өмір сүрген дәуірдегі қазақ даласындағы болып жатқан саяси оқиғалардың тарихын көруге болады. Мысалы:

«Болыс болдым, мінекей,
Бар малымды шығындап.
Түйеде қом, атта жал,
Қалмады елге тығындап…»,
«Шашты малын,
Берді бәрін
Боларында жұртына…» —

осы екі өлеңінде билікке жету үшін пәре берудің, жүзге бөлінудің, руға бөлінудің зиянды жақтарын көрсетеді.

Сонымен қатар оның «Үкімет билігіндегі сенатқа шағым пікір» деген мақаласында 1898-1902 жж. дейінгі сайлаудың жүріп жатқан кезіндегі Шыңғыс болысы арасындағы шекараны реттеу кезінде рулық таластың айқын бір көрінісі — Абайды өз руын қолдады деген жаламен қазақтардың сабағандығы туралы мәселені баяндайды. Осы істі тексеру барысында патша үкіметінің әділетсіз сот жүйесін көрсетеді. Абайдың өмір сүрген тарихи кезеңі халықтың саяси сауатсыздығын, ұлт мүддесін ойламай, рудың мүддесін ойлағандығын өз мүддесіне пайдаланған патша үкіметінің саясатынан көруге болады. Өйткені өзінің мемлекеттігінен айырылған халықтың жағдайын Абай былай суреттейді: «… Ашулансам, ызалана алмаймын, күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі».

ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында қазақ даласында отаршылдық жүйенің күшейген кезінде ақын Абай халқының болашағы үшін сырты бүтін іші түтін болып қиналады және халқын адалдыққа, оқу-білімге үгіттейді. Мәселен:

«Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,
Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек
Арамдықтан жамандық көрмей қалмас,
Мың күн сынбас, бір күні сынар шөлмек»,

— деген өлең жолдары арқылы Абай ұрлық, барымтаның болашағы жоқ екендігін айтып, одан сақтандырады.

Отаршылдық жүйе арқылы қазақ даласына ауру болып тараған рушылдық, біреуге жала жабу, пәре беру арқылы болыс болу, біреудің жерін тартып алу, орыс чиновниктеріне жағымпаздану сынды қазақ халқына төнген қауіпті Абай өз шығармаларынжа жан-жақты сынай отырып, ақылдының, білімдінің сөзін тыңдауға шақырады. Бірақ қазақ ортасында Абайды түсіне қоятындай озық ойлы адамдардың аз болуы, сол тарихи кезеңді Абайша айтқанда, «жартасқа барып, күнде айқай салғанымен, одан жаңғырықтан басқа ештеңе шықпай, баяғы жартас — бір жартас болып қала берді». Абай өмір сүрген кезде қазақ тарихында отаршыл биліктің 1867-68, 1891 реформаларының іске асып жатқан уақыты болды. Абай оны «жаңа низам» деп атаған. Осы кезеңде Абай қазақ даласындағы болыстық сайлаудың ел арасында алауыздық туғызып, жікке бөлінуге әкелгенін көрді. Сол кезеңді ол былай деп жазады:

«Болды да партия, ел іші жарылды
Әуремін мен тия
Дауың мен шарыңды»…

деген өлең жолдары сол замандағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік жаңа құбылыстың пайда болуын, оған қарсы Абайдың күресуі жайлы ақпарат береді. Болыс болу таласы бүкіл қазақ баласына тегіс жұқты. Байлары малын, абыройын сатып, партия-партия болып жіктеліп, қазақтың мінез-құлқы, пиғылы өзгерді.

Сырдария облысының генерал-губернаторы Н. И. Гродековтың 1889 жылы Ташкентте шыққан «Сырдария облысының қырғыздары мен қара қырғыздары» деген кітабында: «1867 жылдың заңы қазақ руларын ыдыратып, әлсірету мақсатымен көшпенді халықты болыс-болысқа, ауыл-ауылға бөлуді өте қажет деп қарады. Өйткені көптеген қазақ руларын тұтастырып, бір үлкен ру басына билету саяси жағынан барынша зиянды нәрсе деп табылды. Осы мақсат негізінде 1867 жылы болыстар құрылып, оларды мүмкіндігінше әртүрлі рулармен мидай араластырып жіберу көзделді. Көшпенділерге бір болыстан екінші болысқа ауыса беруге ерік берілуі қазақтардың рулық негізін әлсіретуді көздеп отырған үкімет мақсатының іске асуына толық мүмкіндік берді» деп жазылған.

Қазақ даласындағы болыс сайлауы орыс әкімдері мен сайлаушыларға пара беру жағдайында өтіп, кейіннен шыққан шығынның бәрі қара халықтан өндірілетін болды. Болыс сайлауына түсетіндер негізінен «оқыған қазақтар» болды. Абай осы қазақ оқығандарының қызметке, шенге құмарлығын және елдің ішіндегі «партияшылдықты» айыптап, сынады. Ел басқарып отырғандарға былай деп өлең жазды:

«Единица — жақсысы
Ерген елі бейне нөл.
Единаца нөлсіз-ақ,
Өз басыңдық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы — сол».

Абайдың саналы өмірінде қазақ даласына көптеген революционерлер, демократ, жазушы-ақындар жер аударылған. Солардың бірі — 1880 жылы Семейге жер аударылып келген Михайлэс және қазақ даласына этнографиялық материалдар жинауға келген Гросс деген адаммен дос болған. Бұлар Абайдың үйінде болып, Абайдың дарынды адам екенін білген. Сондықтан олар болыстыққа таласудан басқа өмірде оқу, білім бар екендігін айтып, әңгімелескен. Олармен араласудың нәтижесінде Абай орыстың атақты ақындары Пушкин, Лермонтов, Толстой, Некрасов және т. б. шығармаларын оқып, аударумен айналысады. Яғни, Абай өмір сүрген дәуір қазақ даласына орыс халқының демократ-ақындарының озық ой-пікірлерінің тараған кезі болып табылады. Әлихан Бөкейханның айтуынша, Абай Еуропаның Спенсер, Льюис, Дрепер сынды ғұламаларының кітаптарын оқыған. Абай өмір сүрген заманда өзінің негізгі ақыл-ойын, білімін жастарға беруге ұмтылған. Өйткені ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы отаршылдық жүйенің «бөліп ал да билей бер» саясатының нәтижесінде орын алған қазақ даласындағы жағымсыз әлеуметтік-саяси жағдайлар қазақ жастарының сана-сезімін уландырғандығын көрген Абай жастарға қалай өмір сүру керек, дүниеден қандай ғалымдар өткен, олар нені үйретті деген тақырыптарда әңгіме өткізген. Абай және тарих деп аталатын дәуір — ол қазақ халқының жерге құқығынан түгелдей айырылып, салт-дәстүрінің бұзылған кезеңі болды. Осындай тарихи жағдайда Абай қазақ жастарын оқуға, білімге шақырады. Жас кезінде оқып, білім алудың маңыздылығын түсіндіріп, ол былай дейді:

«Жасымда ғылым бар деп ескермедім,
Пайдасын көре тұра тексермедім
Ер жеткен соң түспеді уысыма
Қолымды мезгілінен кеш сермедім».

Осылай қазақ халқына баланы оқытуды міндеттейді. Өркениетке болыс болып, шен-шекпен арқылы емес, тек білім арқылы ғана жетуге болатындығын түсіндіріп, оны өлеңмен жазады:

«Адамның бір қызығы — бала деген,
Баланы оқытуды жек көрмедім.
Баламды медресеге біл деп бердім,
Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім».

Абай шығармалары арқылы қазақ даласында сауда-саттықтың қалыптасып келе жатқанын жеткізіп, жастарды ерінбей еңбек етіп, пайда табуға шақырады.

Түйіндеп айтар болсақ, Абай шығармаларынан қазақ даласындағы XIX ғасырдың екінші жартысы — XX ғасырдың басындағы саяси-әлеуметтік өзгерістердің: Ресей сауда капиталының, орыс миссионерлік школдарының енуін, олардың түпкі мақсатын ашып айтып, қазақ халқының рухани дамуындағы басты кедергілер деп көрсетеді.

Н. А. БЕЙСЕНБЕКОВА,
т.ғ.к., доцент,
«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры