Ерлік — асылдық

Ерлік — асылдық

Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… бұл қай құлаққа да жағымды естілер асыл ұғымдар. Осы ұғымдар әр жүректен өз орнын алып, оған бірде-бір нұқсан келтірместей әркім өз қорғанын салады. Ел басына күн туса, ер отырмас ер болса. Біз «ел», «жер» деп соғатын жүрегіміз қай кезде сыналарын жақсы білеміз. Бірақ сынға дайынбыз ба, жоқ па? Оны біздегі жанқиярлық ерлік дәлелдейді. Ерлік — асылдық. Адамзаттың бойынан табылатын жаратқан берген мейірім — махаббатты өз кеудеңде сақтай бермей, махаббатпен келетін бар күш-жігеріңмен айналаңды гүлдендіру, айналаңды өзге жамандықтан сақтау. Жанын елі үшін пида еткен боздақтарымыздың махаббаты, міне, бізге 75 жыл бойы арайлы ақ таңды сыйлап келеді. Сондай асыл ерліктің иесі батыр Қазбек Бейсенұлы Нұржанов атамыз өзі өмірден өтсе де, ұрпағына мәңгілік ұран болар ерлігін қалдырды.

Батыр 1919 жылы Қарағанды (Жезқазған) облысының Ақтоғай ауылында туған. 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылады. Соғыстың азабын емес, болашақтың ашық аспанын қалаған жас солдат әскер қатарында жүрген жерінен 1942 жылы соғысқа аттанып кетеді. Шені — аға сержант. Қызыл Жұлдыз, III дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 5-ші атқыштар дивизиясының 61-танкі жойғыш дивизионының барлаушылар взводы командирі аға сержант Қазбек Нұржанов Ұлы Отан соғысына 1942 жылы қатысты. Волга мен Орел түбінде соғысып, Отан үшін от кешіп, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березин өзендерінен өтті. Ержүрек шабуылдаушы Қазбек жаяу әскерді өзімен ерте Волковыск қаласына бірінші болып кірді. Көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Қ. Б. Нұржановқа 1945 жылы 24 наурызда Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Атамыздың ерлігінің жолында қандай мақтау айтсақ та, қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Батырын ұлықтаған елдің болашағы жарқын. Ерен ерлеріміздің шыбын жанын шүберекке түйіп, Отан үшін отқа да, суға да түсіп, оққа кеудесін тосқан көзсіз ерлігін ұлықтаған ұрпақтың ұлттың болашағын қорғау жолында өз еліне қалтқысыз қызмет етері хақ. Ұрпақ деген — ұлы ісіңнің қорғаны. Өміріңде не істедің, не қылдың, бәрі-бәрі жақсы болсын, жаман болсын ұрпағыңа азық.

Кешелі бері алдымда атасының ерлігімен мақтанып, масаттанып, кеуде керіп отырған ұрпақ емес, өзінің парызын, қарызын біліп келген ұрпақтың әңгімесіне қанық болдым. Ел, жер, бейбітшілік деп, сол жолда отбасын, бауырларын, болашағын қиып, жанын пида еткен ата ерлігінің тастан топыраққа айналып жоқ болып кетуінен шошынатын, таудай ерліктің тас күйінде қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуін күні-түні құдайынан тілейтін, атасының алдындағы парызымыз өтелсе дейтін ұрпағы бары қуантады. Ұлтқа, болашаққа азық болсын деп Оралхан аға атасының ерлігін сүйсіне әңгімелейді.

— Батырдың руы Керней, одан Балапан, Бөгілі, Тоңбай, Қарпық, Қаржас, Бейсен — атасы, Нұржан — әкесі, батырдың өзі — Қазбек. Нұржаннан, яғни батырдың отбасында төрт ұл дүниеге келген. Олар: Қазбек, Манарбек, Өзбек, Жақсылық.

Батыр тумысынан тұлпар екенін ел-жұртқа бала кезінде-ақ дәлелдеген екен. Қазан-ошағын сақырлатып, ат тұяғын дүбірлетіп ауылда үлкен ас беріледі. Сол аста бәйге ұйымдастырылып, небәрі жеті жастағы бала Қазбекке асау тайды ерттеп беріп, бәйгеге қосып жібереді. Асау тай бой алдырмай, өрт тигендей дүр етіп саптан шығып кең жазыққа бет алады. Ел-жұрт абдырап, баланы құлап мертігеді-ау деп ойлайды. Сол жердегі ауылдың марқасқа жігіттері, ақсақалдары асауды қуып жетіп барса, ат даладағы бір қораға барып басын тіреп тұр екен. Бала ат үстінен түспеген, түрі де еш өзгермеген, сол күйі ештеңеден сескенбей жүзі жадырап тұрған баланы көріп елдің көңілі жайланады. Бұл қайсарлығымен ауыл жұртын бала Қазбек бір таңырқатты.

Бала, жасөспірім Қазбек атамыздың ерлік жолында жасаған алғашқы қадамдарын көзін көрген Ләпи ақсақалдың айтуымен жазушы Жеңіс Қашқынов суреттеп очерк жазады. 1972 жылы Алматы «Жазушы» баспасы басып шығарады. Әке-шешесі колхоз жұмысын атқарып, таңертеңнен кешке дейін үй көрмейді екен. Сонда жас батыр үйдегі іні-қарындастарын қарасып қалады. Олардың су-тамақтарын беру, оқыту, тәрбиелеуді өз мойнына алады. Бала тәрбиесіне сол шақтан жақын болған соң ба кейін ұстаздық қызмет атқарады. Ал аңшылығы, бала күндегі қайсарлығы, шыдамдылығы соғыста барлаушы болуына әсер етті ме деп ойлаймын, — дейді.

Тумысынан тұлпар боларын бағамдаған Қазбек атамыздың бала кезіндегі, жастық шағындағы, соғыс кезіндегі ерлігі халық арасында әлі күнге дейін аңыз-әңгіме болып айтылуда. Әкесі Нұржан Бейсенұлы атадан, яғни батырдың атасынан жалғыз тұяқ болғасын өз ұл-қыздарын Бейсенұлы, Бейсенқызы деп әкесінің атына жаздыртады. Бүгінде батырдың ұрпақтары, аға-бауырларының балалары аталарының ерлігінің алдындағы парыздарын өтеуде.

Дияна САҒЫМБЕК,
ҚарМУ студенті

Қыран мен жылан

(Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан
Совет Одағының Батыры Қазбек Нұржановқа арнаймын).

 Адамдай көп жұмыстан қалжыраған,
Атырап мүлгіп қана маужыраған,
Жат сыбыс естілмейді тау-жырадан.
Жарықта ағады өзен сылбыр ғана.
Қойтастар үнсіз ғана тілдеседі,
Бұлақ пен құстар әні үндеседі.
Сұр жылан бұзбаса егер тыныштықты,
Бұл аймақ селт етуді білмес еді.
Сыпайы мінез деген былай қалды,
Ол келіп бұлақ суын ылайлады.
Ол келіп таудан тасты домалатты,
Дүние өрт боп жанып шыр айналды.
Бұл жерді бір өзіме қаратамын,
Атымды көпке сөйтіп таратамын,
Деді де әлгі жылан, ұя бұзып,
Құстардың жалмап жатты балапанын.
Көрсете алмай ешбір қарсылықты,
Талайы бауырында жаншылыпты.
Деген сөз естілмейді: — «Бас көтеріп
Жыланмен күресер құс, аң шығыпты».
Сүймейтін бұл сияқты лаңдарды,
Шың басын мекен еткен қыран бар-ды.
Бір күні шүйіліп кеп көк төсінен,
Бүргені едейілеп жыланды әлгі.
Сұр жылан айла жасап бұлтаңдады,
Ал бірде шығып кетті сылтаң қағып.
Аяқтан орап алып айбат шекті,
Қыран да бірден илеп құрта алмады.
Сезді ол жерде елінің жетпесіне,
Сондықтан күш жұмсайды тек несіне.
Оралған денедегі жыланменен,
Шырқау бір көтерілді көк төсіне.
Екеуі аспанда да айқас құрды,
Төменде найзаға ұқсас жартас тұрды.
Құлады соған қыран, жылан өлді,
Ал өзі ерлікпенен жан тапсырды.
Таңдантып соғыста қас, жақындарды,
Майданға көп жас кеше батыл барды.
Қырандай қаһарына мініп алып,
Олар да жауға оқ болып атылған-ды.

Жеңіс ҚАШҚЫНОВ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты