Ақын атам жайында…

«Сен кімсің?» деп сұраған адамға мен: «Ұлы жүз, ойсын, Сіргелінің бір атасы Батырдың ұрпағымын деп жауап беремін» деген қара қылды қақ жаратын туған атам Төлеген Қасымұлы 1940 жылы 29 шілдеде Қарағанды облысы, Шет ауданының Шет совхозына қарасты Қармыс бөлімшесінің өңіріндегі Тесіктас деген жерде дүниеге келген. Әкесі Қасым Сырымбетұлы атағы атан түйеге жүк болған, көмейінен ақ жауындай жыр құйылған, қара сөзге қамшы салдырмаған ақ мылтық ақын болған. Бұл ақындығы баласы Төлеген Қасымұлына да дариды. Атам Тесіктас өлеңінде:

Тесіктас сенсің менің туған жерім,
Кіндігімнің жас қаны тамған жерім.
Есейгенше өзіңді айналшықтай
Думанды сауық-сайран қуған жерім,

— дейді. Өлеңінің үзіндісінде туған жерін қаншалықты жақсы көріп, құрметтейтінін аңғаруға болады.

Төлеген Қасымұлы 1965 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын агроном-экономист мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын туған ауылында бастаған. Шет аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы. «Шет» кеңшарының бас агрономы және бас экономисі қызметтерін атқарған адам. 90-шы жылдары Шет селолық округінің әкімі болды. Әкемнің айтуынша, атам жаңашыл агроном еді. Оның «Орталық Қазақстандағы сортаң жерлердің құнарлығын арттырудың фитомелиорациялық тәсілдері» деп аталатын еңбегі құнын әлі жойған жоқ. Тарлауды (жабайы өсімдік) өндіріске енгізген, жүгеріден рекордтық көрсеткішке (600цг/а) қол жеткізген. Іскер агроном ғана емес, минералды тыңайтқыштарды суармалы жерде пайдаланудың тиімді тәсілін тауып, іске асырған маман ретінде де танымал болған.

Атам қандай адам болды?

Ауылдағы Дәмеш Көкжанова атам жайында былай дейді: «Төлеген аға өте сауатты, білімді азамат. Шет совхозынан шыққан алғашқы студенттердің бірі болды. Біз ол кісінің отбасын үлгі-өнеге тұтатынбыз. Тезірек өсіп, сол кісідей студент атануды армандадық. Төлеген ағаны елдер еркелетіп «Төкен» дейтін. Ол кісі өте намысқой еді. Қыз балаларды қатты сыйлайтын. Төлеген аға үлкенге сый-құрмет көрсетіп, кішіге аға бола білген азамат. Жаны жайсаң, жүрегі кең қайталанбайтын үлкен бір тұлға деп есептеймін».

Төлеген Қасымұлы барлық саналы ғұмырында ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етті. Ол тіршілік өміріне тыныштық орнаған кезінде шығармашылық еңбекпен айналысып, «Өшпейтін шырақ», «Артына айтып жүрер сөз қалдырған», «Өзге емес, өзіме айтам өз жайымды» атты кітаптар жазған. Атам өзі туралы: «Тегіне тартпаған тексіз, жеті атасын білмеген жетесіз» демекші, мен өзімді текті, жетелі жерден шықтым деп санаймын. Сөздерімнен қарапайымдылықтың нышанын таппасаңыз, кешірім сұраймын. Өзін-өзі «мен жаманмын» деп айтатын адам көрдіңіз бе? Мен шыққан тауым биік болмаса да мәңгі қоныс тепкен «төбемді» ешкімнің «зәңгір шыңына» айырбастамаймын. Себебі мен Батырлардан тараған өркөңіл ұрпақтың бірімін. Менде намыс бар, не десең де өзің біл, ешкімге иілмейтін кеуде бар» — деп жазған болатын.

Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА,
ҚЖ-11 тобының студенті