Туризмге сұранып тұрған өлке

Туризмге сұранып тұрған өлке

Сәуір айында Маңғыстау өңіріне барып қайтудың сәті түсті. Қазақтың әр өңірі киелі ғой. Алайда «Киелі Маңғыстау» деген ұғым санамызға жақын тұрады. Себебі, бұл өңірде 362 әулие жатырАта-бабаларымыз осы әулиелердің шарапаты тиген жер болғасын әулиелі Маңғыстау деп киеге балаған болар. «Түркістанда — Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген қанатты сөзді қалдырған да біздің аталарымыз еді. 

Міне, осындай киеге балаған Маңғыстау жеріне табанымыз тиді. Сарыарқаның шұрайлы даласынан келген адам үшін түк қызығатын жері жоқ бір бос жатқан қуаң шөл дала сияқты. Желмаясына мінген Асан Қайғы да бұл жерге тоқтамай өте шығатындай болып көрінеді. Себебі, көктем айында көктемнің еш белгісі білінбейді. Шалқалап жатып аунайын десең, көк майса шөбі, құлпырып тұрған қызғалдағы жоқ, бір сұр рең тартқан шөл дала. Даласын шөлдің кемесіне балаған түйелердің үйірі көрінеді. Үйір демекші, түйелер бұл жерде топтасып жүрмейді. Топтасып жайылатындай біркелкі төселіп өсетін өсімдігі де жоқ қой. Бірақ та әр өңірдің өзіне тән ерекшелігі болады емес пе? Маңғыстау өңіріне жаратылыстың берген сыйы – Бозжыра шатқалы. Ақтау қаласынан 300 шақырым жердегі Бозжыра шатқалы Қарақия ауданы аумағындағы үстіртте орналасқан. Әктастан құралған шөлді ландшафттардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы, күмбезді құздардан тұрады. 

Көрсең көзін тоймайтын туристерге сұранып тұрған мекен екен. Бір заманда алты құрлық бір жерге шоғырланып, Пангея, одан кейін Лавразия мен Гондвана болып екіге бөлініп тұрғанда бүгінгі Қазақстан орналасқан жерде мұхитпен жалғасқан Тетис атты теңіз болған екен. Сол теңіздің қалдықтары — бүгінгі Арал мен Каспий теңіздері. Бозжыра шатқалына қарап тұрған адамға бірден сол теңіздің қазаншұңқыры елестейді. Иә, суы енді ғана құрғап кетіп, аппақ бозарған тұздары көрініп жатқандай. Органикалық жыныс қалдықтарынан құралған аппақ сортаңды құмдар сол теңіздің асты екендігі күмәнсіз. 

Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы Қазақстанның мақтан тұтар «жауһарына» айналған. Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектарды құрайтын «Жабайұшқан» мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі болып саналады. Айтпақшы, Бозжыра атын біздің халықтың басым көпшілігі өткен жылда туристік нысанға айналдырмақ болғанда туындаған дау арқылы ғана білді. Себебі, батыс жеріне табаны тимеген адам үшін бұл жер беймәлім аймақ. Осы Бозжыра шатқалы 1000 теңгеде бейнеленген, бірақ соны көбіміз біле бермейміз. Киелі Маңғыстау жерінің ландшафтының осындай әдемі ерекшелігі бар екен. Енді осы жерге туристік аймақты дамытуға болмайды дегендердің не ойы бар екенін білмедім. Мына шатқалдан түсіп ел не істемек, теріп жейтін жемісі, жұлып, таптап тастайтын шөбі жоқ. Әрі кетсе сол келген туристер осы жерден тамашалап біз құсап суретке түсіп қайтар. Одан басқа не бүлдіріп кетер дейсің. Егер ертең Каспий ойпатындағы мұнай бітетін болса, Маңғыстау халқының әрі қарай өмір сүруін елестетудің өзі қорқынышты. Шешімі тек туристік нысандарды ашып, жұмыс күшін көбейту керек сияқты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Жаңаөзен мұнайының болашағы аз қалған екен. Мұнайдың пайыздық үлесі 3 пайыз ғана, яғни 97 пайыз су шығады деген сөз. Бұл өте аз көрсеткіш. Ал Каспий теңізін туристік нысан ретінде дамыту соншалықты қуанарлық жағдай емес. Себебі, қоңыржай континеттік климаттың маусымдық өзгерістеріне байланысты теңізге түсу уақыты Түркиямен салыстырғанда өте қысқа. Қалың қар жаумаса да қатаң қысы, ызғарлы күзі мен көктемі бар дегендей. Теңіз де жаздың өзінде ұзақ уақыт жылып тұра қоймайды екен. Енді осы кезде жыл бойы туристік нысан ретінде жұмыс істеп тұруға бірден-бір қолайлы әрі пайда келтіретін нысан ол – Бозжыра болмақ.  

Бозжыра шатқалы бар құпиясын бүгіп жатқан өзіндік ерекше жаратылыс. Қуаң даламен жүйткіп келе жатып терең құзға жетіп кілт етіп тоқтайсың. Артыңда қалған шаңы бұрқыраған шөл даладан осындай ғажап жер ұшырасады дегенге сенудің өзі мүмкін емес. Келген жолың мен құздың арғы беті екі әлем сияқты. Бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі табиғат кешені. Бәлкім осы тосын сый сияқты күтпеген жағдайда ұшыраса кететінімен де керемет болар. Құтты бір шөлде келе жатып суы мол шұратқа ұшырасқандай қуаныш сыйлайды. Көрген сәтте бойыңдағы қаның тулап қоя береді. Адреналин деген гормонның қозғалыстарын бірден сезесің. Көз жанарың талғанша қарай бересің. Ақтаудан Бекет атаға дейін жол сайрап тұр. Шопан атадан өткеннен кейін даланың сүре жолына түсіп алып Бозжыраға дейін шөл даланың шаңын шығарып 18 шақырым жүресің. Туристік нысанның дамуы да осы 18 шақырымдық жол салудан басталмақ. Жергілікті тұрғындармен сөйлесіп едік, біз тілдескен адамдардың ешқайсысы бұл жерде туристік нысанды дамытуға қарсы емес. Керісінше қолдап отыр. Ал өткен жылы бүкіл елді шулатып, Бозжыраға қонақ үй салуға қарсы болған тек бір шағын топ екен. Сөйтсек, бір жергілікті топ Бозжыраға туристерді жол талғамайтын бірнеше көлікпен алып жүруді бизнес көзіне айналдырған көрінеді. Егер туристік нысан кешенденіп дамып кетсе, бұлар табыссыз қалады екен. Өз жеке бастарын ойлаған осы топ бүкіл БАҚ-ты шулатты. Оған бұл жерді бұрын-соңды көрмеген елдің басқа өңірінің азаматтары анық-қанығын білмей жатып дүрмекке еріп шулай жөнелді. Ақыр соңында бұл дауға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі үн қатуға тура келді. Соңғы шешім бойынша Бозжыра маңына жақын маңнан қонақ үй салуға рұқсат берілмей, оның құрылысын біршама қашық жерден салуға келісілді.  

Әлемде ең үлкен табыс көзіне айналған туристік сала біздің елде осындай күй кешіп қала береді. Қазақстан елі туристер келуге ең қолайлы аймақ. Туристер жалпы саяси тұрақты (көтеріліс, қан төгістер орын алмайтын), табиғи апаттары жоқ (жер сілкінісі, жанартау атқылауы, цунами т.б.) елдерге барғанды қалайды. Біздің ел осы екі параметр өлшемдері бойынша өте қолайлы аймақ. Тек туристерге қажет қызмет көрсету сервистерін ұсына білсең болды, әлем халқы бізге қарай ағылғалы тұр. Бозжыра шатқалы сияқты ерекше үстіртті ландшафт туристерге сұранып-ақ тұр ғой. Оның үстіне Ақтау маңында Азияның ең төмен нүктелерінің бірі — Қарақия ойысы орналасқан. Ол теңіз деңгейінен 132 метр төменде жатыр. Осы жерге де туристер соғатындай жол салып өтсе қызықты болар еді. Одан бөлек жер астын үңгіп салған қаншама мешіттер бар. Оның ең әйгілісі — Бекет Ата мешіті. Бекет Атаға жоғарыдан төменге 1,5 шақырымдай баспалдақпен жаяу түсудің өзі бір ғанибет. Туристер қасиетті жерлерге қатты қызығады. Бекет Ата мен Бозжыра шатқалы бір бағытта болғандықтан туристік нысанды кешенді түрде дамытуға өте қолайлы. Кезінде үстіртте жортып жүрген барыстарға мекен болған Бозжыра шатқалы еді. Бүгінде барыс атауы елімізде мүлдем жойылып кеткен жануарлардың қатарында. Иесіз қалған бұл жердің қасиетін енді адамзат атқарса дегім келеді. Маңғыстау өңірінде туризм дамып, Колорадо шатқалына ағылған туристер біздің де өңірді тамашаласа, ғажап емес пе?! Одан несі кем? Тұмса табиғаты тұнып тұрған елімізде бір-біріне ұқсамайтын осындай табиғат кешендері бар. Ішкі туризм жақсы дамып, әр өңір бір-біріне саяхат жасап тұрса, ел ішінің бірлігі, сыйластығы да артар еді. Әр өңірдің тұрғындары бір-бірін жақсы танып, одан қалса Отанға деген патриоттық сезім де өзіне лайықты деңгейде қалыптасар еді. Бозжыра сияқты қайталанбас табиғат кешенінің әлемге танылатынына сенімім бол. Себебі, барар жолы дұрыс болмаса да ағылып жатқан халықты көрдік. Лайым солай болғай! 

Ернар КЕЙКИН,  ботаника кафедрасының аға оқытушысы