Туған жердің түтіні

Туған жердің түтіні

Шынында туған жердің түтіні де ыстық. 3-7 шілде аралығында туып-өскен, кіндік кескен жерім Арқалық ауылында болып, киелі өлкемнің тарихи жерлеріне саяхат жасап, бабалар рухына тағзым жасадық. Заманында бұл өлкені қалың ел кеңінен жайлаған. Қаракесек — Ақша — Бошан — Таз — Бұлбұл мен Наманайдан тараған ұрпақ осынау киелі өлкені мекендеп, құтты қоныс қылған. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Бұлбұл мен Наманайдан тараған қауым ел 2-3 болыс болып, шамамен 30-40 мыңдай жанды құраған болуы мүмкін деген ой да келді. Шынымен солай болған. Қазір сол елдің жұрнағы ғана қалды. Осы өлкеден шыққан сол ұрпақ қазір Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарында тұрып жатыр. Совет өкіметінің қолдан ұйымдастырған ашаршылығының салдарынан Ресей Федерациясының Кемер, Омбы, Новосібір, Алтай өлкесіне де қоныс аударып кеткен. 1930 жылдардың ортасында аман қалған халық қайтадан жиналып, ауылдың іргесін сақтап қалған. 1960-1990 жылдары ауылдың өндірісі мен шаруашылығы барынша өркендеп дамығаны, еңбек ардагерлерінің құрметке бөленгені бүгінде көрген түстей. 1990 жылдардағы «жабайы нарықтың заманынан» аман-есен өткен халық ауылдың шаңырағын ұстап қалды. Қазір ауыл округінде 20-дан астам жеке шаруа қожалығы, жалпы білім беретін орта мектеп, емхана, мәдениет үйі, кітапхана, мешіт, пошта байланысы толыққанды жұмыс істеп тұр. Елдің ертеңгі күннен күтер үміті зор. Ауылдың азаматтарының өзара ынтымағы мен бір-біріне деген қамқорлығы, сыйластығы ерекше.

Белгілі сынықшы, емші, ел азаматы Серік Дүйсембекұлының Үшқараның етегіндегі Қазақ хандығының Орда биі Қаз дауысты Қазыбек биге арнап қойған ескерткішіне барып зиярат жасаудың сәті түсті. 2014 жылы бабалар аманатына адалдық танытқан азаматтар Рымбек Дүйсембекұлы мен Дияс Рымбекұлының бастамасымен және тікелей қолға алуымен Үшқараның етегінде Мәди Бәпиұлының ескерткіші де орнатылған. Үшқараның басына шығып, төрт тарапқа көз салдық. Үшқараның басынан маңайдың бәрі, Едірей, Арқалық, Бабалы, Әулиелі Қызылтау, Қалмаққырылған, Дастар таулары анық көрінеді екен. Асан Қайғының Түндікті мен Үшқараға айтқан деген аңызының тарихи шындығын түсінгендей болдық. Үшқара тауы Мәди Бәпиұлының есімімен тығыз байланысты. Заманында «ноқтаға басы сыймаған» қайсар батыр, қазақтың талантты композиторы Мәди Бәпиұлы 1880 жылы Қарқаралы уезі, Едірей болысындағы атақты Үшқара тауының етегінде дүниеге келген. Мәди Бәпиұлы Қазақ хандығының Орда биі Қаз дауысты Қазыбек бидің бесінші ұрпағы. Аталары Бекболат би, Тіленші би, Алшынбай билер бар қазаққа билік айтқан данагөй, мыңжылдықтардан бері, сонау Қорқыт пен Тоныкөктердің заманынан бері алтын тамыры үзілмей келе жатқан қасиетті биліктің жөн-жоралғыларынан мол хабары бар, қара қылды қақ жарған тұлғалар болды. Мәди Бәпиұлының өмір сүрген уақыты Ресей империясының қазақ даласын отарлаған уақытына дәл келіп, қайран есіл ердің қанатын кең жайып шырқауына мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан Мәдидің «Қаракесек», «Қарқаралы», «Шіркін-ай» әндері азаттық пен еркіндіктің, қаһармандықтың символындай болып қазақ даласына кең жайылды. Ахмет Жұбанов Мәдидің «Қаракесек» әнін «қазақ даласының гимні» деп атауы тегін болмасы анық.

Арқалық, Айрық, Едірей жеріндегі жастарымыз, сын-сағатта қазаққа қамал-қорған болған әулие бабалары Қаз дауысты Қазыбек би, Бекболат би, Тіленші би, Алшынбай би, Қақабай болыс, Мәди Бәпиұлы, әйгілі нар Кемпірбай ақын туралы баға жетпес деректерді тарихтың тереңінен маржан тартқандай баяндап бергенде, жан-сарайыңа рухани дүние құйылып, санаң ерекше бір байып қалады. Ұлттық код, тарихи жады деген сол болса керек. Көңілге қуаныш әкелген бір жаңалық, Айрыққа шаруаға ебі бар жастар қайта көшіп келіп жатыр дейді. Болашақ жастардың қолында. Елге жастар қайтып оралып, ауылдың мектебі қайтадан ашылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір «ауылды көтеру керек» деп ұрандатып жүрген ағаларымыздың қарасы да көбейіп келеді. Өздерін биліктің партиясымыз деп жүрген нұротандықтар «праймериз» дегенді шығарып жүр. Бұрын естімеген атау. Сол «праймериз» дегендеріне Айрықтағы қарымды қаламгер Қайыркен Сағындықов атындағы мектепті қайтадан ашуды қосып айтса деген бір тілек бар.

Нұртас СМАҒҰЛОВ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары