Табиғат мұражайы

Табиғат мұражайы

Академик Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың табиғат мұражайы 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді, ол кезде зоологиялық музей болып құрылған. 1997 жылдан бастап табиғат мұражайы болып өзгерді.

Табиғат мұражайы факультеттің оқу-тәрбие үрдісі және ғылыми-зерттеу жұмыстарына қор негізінде саналады. Студенттерге сабаққа пайдаланатын жануарлардың тұлыптары, энтомологиялық және краниологиялық жинақтар, өсімдіктер гербарийлері, ылғалды препараттар жиналған.

Омыртқасыздар және омыртқалылар зоологиясы, ботаника, зоогеография, биоресурстар, экология пәндерінен сабақтар өтеді. Студенттер оқу-далалық практика кезінде жинаған материалдар да сабаққа пайдаланылады. Мұражайдағы барлық экспонаттар саны мыңнан асады. Мұражай қызметкерлері тек биология-география факультеттерінің студенттеріне ғана емес, университеттің барлық факультеттерінің студенттеріне және облысымыздың түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушыларына танымдық танымжорықтар өткізеді.

Мұражайдың негізгі үлкен залында Қазақстанның басты табиғат аймақтарының көріністері бейнеленген. Шығыс Қазақстан табиғат аймағында ол жердің негізі Жер бедерінің, өсімдіктерінің және жануарлар дүниесі бейнеленген. Онда жануарлар тұлыптары жинақталып, кейбір өсімдіктер кептірілген. «Жазықтағы көл» бөлімінде кішкене көлдермен оның жағалауында мекендейтін жануарлар мен құстар тұлыптары келтірілген. Орталық Қазақстан жері «Сарыарқа» бөлімінде бейнеленіп, «Шөл дала» бөлімінде Қазақстан жеріндегі шөлді аймақтар өзінің тіршілік ерекшеліктерімен берілген. Оңтүстік Шығыс Азия жерінің табиғат ерекшеліктері, сол жерлерге тән кейбір жануарлардың тұлыптары жасалып қойылған. Оңтүстік Америка және Австралия жерлерінің ерекшеліктері, жануарлардың тұлыптары жасалған.

Бөлімнің оң жақ бөлігінде Қазақстанның жануарлары – тірі қазына бөлімі ұйымдастырылған. Онда негізінен құстар мен сүтқоректілердің түрлерінен тұлыптар жасалып қойылған.

Қазақстанның биоресурстарының картасы жасалған. Онда Қазақстан жерінің картасы бейнеленген. Республикамыздағы қорғауға алынған аймақтар көрсетілген. Ұлттық табиғат бақтары, Қазақстан қорықтары және зоологиялық, ботаникалық қорықшалар келтірілген. Әр аймақтағы сүтқоректілердің түрлері бейнеленіп жасалған.

Мұражай қызметкерлері мұражайдың экспонаттар қорын үнемі толықтырып, жаңартып отырады. Осы мақсатта табиғат нысандарын экспедициялар, таным жорықтар кезінде жинап әкеледі. Факультеттің табиғат мұражайы жалпы алғанда мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттеріне танымдық мақсатта ғана емес, экологиялық, эстетикалық, этикалық тәрбие үшін де маңызды орын болып табылады. Табиғат мұражайы студенттердің ғылыми жұмыстарын, атап айтқанда курстық, дипломдық жұмыстар үшін зерттеулер жүргізетін зертханасы. Облыстық байқаулар, ғылыми жобалар бойынша жұмыстар өткізу, қорғау сияқты зерттеулер, көрмелер ұйымдастыру кезінде табиғат мұражайының алатын орны ерекше.

Айман ҚАЗИМОВА,
Табиғат мұражайының меңгерушісі