Мектебімнің тынысы

Мектебімнің тынысы

Туған жердің аспаны биік, түтіні ыстық болады. Сондықтан болар, облыс орталығынан 360 шақырым қашықтықта жатқан ауылыма жол азабын көрмей жылдам жеттім.

Қарқаралы ауданы бойынша кәсіби үгіт-насихат жұмысымен кір жуып, кіндік кескен туған жерім — Арқалық ауылына келдім. Кеңестік замандағы типтік жоспармен салынған еңселі мектебімнің ішіне кіргенде сонау балалық шағым көз алдымнан жүгіріп өтіп жатты. Күні кешегідей. Барлық сынып кабинеттері таныс. Мұғалімдердің көңілі көтеріңкі. Мектептегі мұражай кабинетінде қызу жұмыстар жүріп жатыр.

11 сынып оқушыларымен кездесіп, академик Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің мамандықтарымен және жоғары оқу орнының жақсы жаңалықтарымен кеңінен көсіліп таныстырдым. Студенттер сарайы мен Жастар орталығында белсенді жұмыстар жүріп жатқанын, егер ҚарУ студенті атанып жатсаңдар, сол жігерлі, креативке толы идея ұсынып жүрген жастардың арасында өздерің де боласыңдар дедім.

Арқалық мектебінің даңқты түлектері, бір-бір мамандықтардың іргетасын қалаған тұлғалар Смағұл Қайшыбаев, Әменов, Отан Мақышұлы, Зарқын Тайшыбайдың еліміздің білімі мен ғылымының дамуы жолында атқарған қызметтері туралы да айтып өттім.

Бір замандары осы Арқалық орта мектебінде 700-800-дей оқушы білім алатын. 1990 жылдардың басында мектеп директоры Қайыркен Нұрғалиев ағамызды «биыл мектепте 502 оқушы білім алып жатыр» деп көңілі толмай айтқанын да өз құлағымызбен естідік. Заманның бұлай боларын сол кездегі бала көңіл қайдан білсін. Кешегі 1990 жылдардың қиыншылығын қайыспай көтерген киелі білім ошағының ұстаздары барлық мақтау мен биік абыройға лайық. Қасиетті қара шаңырақтың әлі де талай ұрпаққа білім нәрін беретініне нық сеніп, үлкен сеніммен шықтым.

Нұртас БІРЛІКҰЛЫ,
тарих факультеті деканының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары